Петропавл қаласында жиһаз өндірісінде жұмыс істейтін 30 жастағы ер адам ауыр жарақат алды. Ол жұмыс барысында дискілі арамен оң қолының төрт саусағын кесіп алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жағдай 11 қараша күні таңертең қаладағы жеке жиһаз цехтарының бірінде болған.
Петропавловск.news басылымының мәліметінше, жұмысшы жұмсақ жиһаздың қаңқасын дайындаумен айналысқан. Жұмыс барысында ол дискілі араны пайдаланып, абайсызда оң қолының төрт саусағын кесіп алған. Оқиғадан кейін зардап шеккен азамат шұғыл түрде Петропавлдағы көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген.
Солтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы науқастың қазіргі жағдайына қатысты ақпарат берді. Ведомство мәліметінше, 30 жастағы ер адам дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оның жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта деп бағаланған. Науқастың есі анық. Медицина қызметкерлері оған қажетті ем-дом шараларын жүргізіп жатыр.