Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Роналдиньо Дубайда қазақ баласының тұсауын кесті

Роналдиньо Дубайда қазақ баласының тұсауын кесті
видеодан скриншот

Әлем футболының аңызы, бразилиялық Роналдиньо Дубайда қазақстандық бүлдіршіннің тұсауын кесті. "Алтын доп" иегері қазақтың ұлттық дәстүріне қатысып, баланың алғашқы қадамына ақ жол тіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ерекше оқиға Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында болған. Қазақстандық отбасы баласының тұсаукесер рәсіміне әлемге әйгілі футболшы Роналдиньоны шақырған. Қуанышты сәттің бейнежазбасын бүлдіршіннің әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, ұлының тұсауын кім кесетінін отбасы алдын ала өзара ақылдасып қана қоймай, таңдауды баланың өзіне де ұсынған. Әкесі бүлдіршінге әлемге әйгілі бірнеше спортшының суретін көрсеткен. Олардың арасында аргентиналық футболшы Лионель Месси, кәсіпқой бокстың аңызы Майк Тайсон және қазақстандық боксшы Геннадий Головкин болған. Алайда бала әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньоның суретін таңдаған.

Осыдан кейін әкесі ұлының қалауын орындауға шешім қабылдап, Роналдиньоның қатысуымен қазақтың тұсаукесер рәсімін ұйымдастырған. Бразилиялық футболшы қазақ халқының салт-дәстүріне құрмет көрсетіп, бүлдіршіннің тұсауын кескен. Баланың әкесі әлеуметтік желідегі жазбасында Роналдиньоға ризашылығын білдіріп, ұлына деген ақ тілегін жеткізді.

"Аңыздардың аңызы, үздіктердің үздігі! Құдай қаласа, ұлым да сіз секілді ұлы әрі әлемге танымал азамат болсын деп тілеймін. Сізді бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан да жақсы көреді әрі құрметтейді", – деп жазды ол.

Қазақстандық азамат ұлының болашақта әйгілі спортшы сияқты әлемге танылып қана қоймай, жақсы адам болып өсуін қалайтынын да атап өткен.

Роналдиньо кім?

Роналдиньо – Бразилия құрамасының бұрынғы футболшысы, 2002 жылғы әлем чемпионы және 2005 жылғы "Алтын доп" сыйлығының иегері. Толық аты-жөні – Роналду де Ассис Морейра. Ол 1980 жылы 21 наурызда Бразилияның Порту-Алегри қаласында дүниеге келген.

Футболшы кәсіби мансабында "Гремио", "Пари Сен-Жермен", "Барселона", "Милан" және басқа да клубтардың намысын қорғады. Әсіресе Испанияның «Барселона» клубында өнер көрсеткен жылдары оның танымалдығы айрықша артты. Каталониялық команда сапында Роналдиньо Испания чемпионатын екі рет жеңіп алып, 2005/2006 жылғы маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Ал 2002 жылы Бразилия ұлттық құрамасымен бірге әлем чемпионатында топ жарды.

2018 жылы кәсіби футболдағы мансабын аяқтағанына қарамастан, ол әлі күнге дейін түрлі спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатысып келеді.

Бөлісу