Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Ғылым

Студенттің өлімінен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ауқымды тексеру басталады

Студенттің өлімінен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ауқымды тексеру басталады
Фото: pixabay.com

Алматыда бірінші курс студентінің қайтыс болуына байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру жүргізіледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу орнындағы студенттердің қауіпсіздігі, жатақханалардағы тәртіп және психологиялық қолдау жұмыстарының жай-күйін зерделемек, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тексеру студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жастар арасындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ұйымдастырылады. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы мониторингтік топ жіберіледі.

Мамандар жоғары оқу орнында қолданыстағы заңнама талаптары мен ішкі нормативтік құжаттардың қаншалықты сақталып жатқанын тексереді. Әсіресе студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар университеттегі тәрбие жұмысының, әлеуметтік-психологиялық қолдау мен профилактикалық шаралардың тиімділігі бағаланады.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, мониторинг барысында университетте туындауы мүмкін жанжалдарды алдын ала анықтау және олардың алдын алу тетіктері де зерделенеді. Атап айтқанда, студенттер арасындағы келіспеушіліктерге дер кезінде әрекет ету, білім алушылардың өтініштері мен шағымдарын уақытылы қарау мәселелері тексеріледі. Бұдан бөлек, студенттерге көрсетілетін психологиялық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігіне баға беріледі.

Мамандар университет әкімшілігінің жастар арасындағы қауіп-қатерлерді анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмысын да қарастырады.

ҚазҰУ-дағы тексерумен қатар, Алматы қаласында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы, прокуратура, Полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, кәсіби психологтар және қоғам белсенділері енгізілген.

Жұмыс тобы қаладағы студенттік жатақханаларға барып, қауіпсіздік жағдайын зерделейді. Сондай-ақ студенттермен арнайы кездесулер өткізіліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – жастар арасындағы жанжалдардың алдын алу, қауіпті жағдайларды ерте анықтау және студенттердің қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасау. Сонымен қатар мамандар девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелеріне назар аударады. Ведомство бұл жұмыстардың «Заң және тәртіп» қағидатын студенттік ортада нығайтуға бағытталғанын мәлімдеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі кешенді тексерудің нәтижесінде студенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қосымша шешімдер әзірленетінін хабарлады. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы профилактикалық жұмыстарды жетілдіру және студенттерге психологиялық қолдау көрсету жүйесін күшейту мәселелері қаралады. Сондай-ақ жатақханалардағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мен тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар дайындалады.