"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры тағы бір лауазымды қызметкерінің ұсталғанын растады. Қазіргі уақытта оған қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қордың баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты түсініктеме беріп, қызметкердің ұсталуына оның қазіргі атқарып жүрген жұмысы себеп болмағанын мәлімдеді.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қор департаменттерінің бірінің қызметкерін ұстау оның бұрынғы еңбек қызметіне байланысты мән-жайларға қатысты және қазіргі лауазымдық міндеттерін орындауына қатысы жоқ", – делінген ресми хабарламада.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған тұлғаға қатысты тергеу басталғанын растағанымен, істің егжей-тегжейін жарияламады. Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге шектеу қойылғанын түсіндірді.
Еске сала кетейік, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған болатын. Оларға сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасады деген күдік келтірілген.