Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Олжас Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысын таныстырды

Олжас Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысын таныстырды
Ерсайын Нағаспаев пен Олжас Бектенов. Фото: ҚР үкіметінің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының ұжымына жаңа басқарма төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды. Үкімет басшысы компаниядағы кадр саясатына, еңбек тәртібіне және басшылардың жауапкершілігіне қатысты қатаң талап қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.

24 қарашада өткен жиында Олжас Бектенов Ерсайын Нағаспаевтың басқарушылық тәжірибесіне тоқталып, оның теміржол саласының жұмысымен жақсы таныс екенін атап өтті. Жаңа басшы бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында жұмыс істеген. Ал 2025 жылдың ақпанынан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.

Премьер-министр ҚТЖ басшылығы мен қызметкерлеріне қойылатын талаптардың күшейетінін жеткізді. Оның сөзінше, ұлттық компанияның алдында ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан әрбір қызметкер өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, нақты нәтижеге қол жеткізуге тиіс.

"Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы компания қызметкерлерін уақыт жоғалтпай, алға қойылған міндеттерді орындауға кірісуге шақырды.

"Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндетті жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет", – деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов ұлттық компанияның жаңа басшылығы үшін негізгі басымдықтарды атап өтті. Олардың қатарында Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту, транзиттік жүк тасымалын арттыру және теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселелері бар. Сонымен бірге компанияның басқару жүйесін жетілдіру, корпоративтік тәртіпті күшейту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жандандыру тапсырылды.

Премьер-министр басшылардың қабылдаған шешімдері үшін жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін де айтты. Оның сөзінше, Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық орталықтардың біріне айналдыру міндетін жүзеге асыруда ҚТЖ маңызды рөл атқарады.

Жиында отандық машина жасау өнеркәсібін қолдау мәселесі де көтерілді. Олжас Бектенов Қазақстанда локомотивтер мен вагондар шығаратын өндірістік кластерлер қалыптасқанын атап өтіп, жергілікті кәсіпорындарға жүйелі қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ жүк тасымалдаудың мультимодальды жүйесін дамытуға назар аударылды. Бұл теміржол, теңіз және әуе көлігі арқылы тасымалдауды өзара үйлестіруді көздейді. Үкімет басшысы теңіз көлік инфрақұрылымын кеңейту және инвестормен бірлесіп "Alatau Air Cargo" жүк авиакомпаниясының жұмысын тиімді ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.

Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшылығына заманауи цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, цифрлық шешімдер компанияның жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Премьер-министр теміржол саласындағы өзгерістерді кейінге қалдырмай, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты дереу бастаудың маңызын атап өтті.

Еске сала кетейік, бүгін, 24 қарашада Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылды. Дәл осыдан кейін Ерсайын Нағаспаев"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды.