Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Иранда хиджабсыз ән айтқан әншіге 74 рет дүре соғылды

Иранда хиджабсыз ән айтқан әншіге 74 рет дүре соғылды
Парасту Ахмади. Фото: ашық дереккөзден

Иранда басына орамал тақпай концерт берген әнші Парасту Ахмади мен оның шығармашылық командасындағы төрт адамға 74 реттен дүре соғылды. Әншіге қатысты жаза 2024 жылы YouTube желісінде жарияланған концерттен кейін қозғалған іс бойынша орындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот үкімі 23 қарашада Иранның Құм қаласында орындалған. Бұл туралы әншінің адвокаты Мұстафа Нили хабарлады. Парасту Ахмади мен оның командасына қатысты іс екі жыл бұрынғы музыкалық қойылымнан басталған.

2024 жылғы 11 желтоқсанда Парасту Ахмади Құм қаласына жақын орналасқан тарихи Дейр-Гачин керуен-сарайында концерт берген. Ерекшелігі – концерт залында көрермен болмаған. Әнші ер музыканттармен бірге өнер көрсетіп, қойылымның бейнежазбасын YouTube платформасына жариялаған. Кадрлардан Парасту Ахмадидің ұзын қара көйлек киіп, басына орамал тақпай ән орындағанын көруге болады.

Бұл Иранда әйелдердің қоғамдық орындарда хиджаб киюін міндеттейтін ережелерге қайшы келген. Концерттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, миллиондаған қаралым жинаған. Әнші өз қойылымын "гипотетикалық концерт" деп атаған.

"Мен өзім жақсы көретін адамдар үшін ән айтқым келеді. Бұл мен бас тарта алмайтын құқық, яғни мен қатты жақсы көретін жер үшін ән айту", – деп жазған Парасту Ахмади видеоның сипаттамасында.

Бейнежазба жарияланғаннан кейін Иранның сот жүйесімен байланысты Mizan ақпарат агенттігі әнші мен оның командасына қарсы іс қозғалғанын хабарлады. Билік концерттің елдегі құқықтық және діни талаптарға сәйкес келмейтінін мәлімдеген.

Кейін Құм провинциясының қылмыстық соты концертті ұйымдастыруға қатысқан тоғыз адамға қатысты үкім шығарды. Олардың әрқайсысына 74 рет дүре соғу, екі жылға елден шығуға және шығармашылық қызметпен айналысуға тыйым салу жазалары тағайындалған. Алайда 23 қарашада тән жазасы әнші мен оның командасындағы төрт адамға қатысты орындалғаны хабарланды.

Жаза қолданылғандардың қатарында музыканттар Сохейл Фагих-Насири, Амин Тахери, Әмірали Пирния және концерт ұйымдастырушысы Мохсен Лашкари бар. Бұл туралы әншінің адвокаты Мұстафа Нили мәлімдеген.