Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасында жаңғыртудан өткен «Жібек жолы» (Түркістан облысы) және «Гишт-Куприк» (Ташкент облысы) өткізу пункттері ресми түрде өз жұмысын бастады. Жаңартылған нысандардың ашылуына Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаржы министрлігі шекаралық аймақтағы инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Айталық, Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен арадағы шекаралық аумақта 9 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, іске қосылды. Биылғы 10 айда шекарадан өткен автокөлік саны 25 пайызға өсіп, 2 млн-ға жетті. Еліміз бойынша кеден төлемдері мен салық түсімі 4,3 трлн теңгеге (шамамен 10 млрд доллар) ұлғайып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артқанын айта кетейік.
Бұл жобаның маңызын жолаушылар ағынынан байқауға болады. Мәселен, 2024 жылы «Жібек жолы» арқылы 11 млн-нан астам адам өткен. Өткізу пункті жөндеуге жабылған кезде азаматтарға басқа бағыттармен қатынауға тура келді. Бұл іргелес өткізу пункттерінің жүктемесін арттырды. Нысанның қайта ашылуы екі ел арасындағы осы бағытты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Ауқымды жөндеу барысында ескірген инфрақұрылымның орнына жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуық екі жолаушылар терминалы салынды. Бірі Қазақстанға кіретін жолаушыларды қабылдауға, екіншісі елден шығатын жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған. Автокөліктерді тексеру үшін ауданы 6 мың шаршы метр болатын ортақ қалқа салынды. Кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін көбейтілді. Қозғалысты тиімді ұйымдастыру үшін жолаушылар мен көлік ағындары бөлінді.
Қарбалас уақытта жаңартылған өткізу пункті тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдай алады.
Терминалдар төлқұжатты тексеруге арналған 82 кабинамен және төлқұжатты автоматты түрде тексеретін 20 Q-gate жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйелер бақылау рәсімдерінің бір бөлігін электронды түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Кедендік бақылау үшін рентген аппараттары, жолаушыларға арналған сканерлер, радиацияны тексеретін жабдықтар, сондай-ақ автобустар мен жеңіл автокөліктерді тексеруге арналған кешендер орнатылды. Бұл жабдықтар қауіпсіздік талаптарын сақтауға және бақылау рәсімдерінің тиімділігін арттыруға арналған.
«Жібек жолы» өткізу пунктінің туризмді дамытуда да маңызы бар. Мұнда жолаушыларға, жеңіл автокөліктер мен жолаушылар автобустарына қызмет көрсетуге жағдай жасалған. Соның арқасында туристік бағыттар кеңейіп, автобус турлары жолға қойылады, халықаралық жолаушылар тасымалы, соның ішінде Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттар дамиды деп күтілуде.
Өткізу пункттерінің ашылуы екі елдің тұрғындарына отбасылық сапарларға шығуға, білім алуға және іскерлік байланыстар орнатуға қолайлы жағдай жасайды. Туристік компаниялар мен тасымалдаушылар үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бағытты дамытуға мүмкіндік туады.
«„Жібек жолы“ мен „Гишт-Куприк“ пункттерінің бірлескен ашылуы екі мемлекет көшбасшыларының стратегиялық әріптестік пен одақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясатының жалғасып жатқанын айғақтайды», – деді Мәди Төкешұлы.
Өткізу пункттерін өзара келісіммен жаңарту екі ел арасындағы көлік қатынасы мен іскерлік әріптестікті, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Ашылу рәсіміне Қазақстан тарапынан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов қатысты.