Қазақстандық спортшы Тұрсынай Қабыл Бахрейнде өтіп жатқан пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 26 жастағы спортшы алғаш рет әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына тарихи жүлде салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол үш мүмкіндігінің ең үздік нәтижесінде 100 келі зілтемірді көтеріп, қарсыластарынан басым түсті. Күміс медаль түркиялық Рейхан Полатқа бұйырды. Ал қола жүлдені ресейлік Татьяна Жаворонкова иеленді. Екі спортшы да 94 келі нәтижесін көрсетті.
Жарыстан кейін Тұрсынай Қабыл тарихи жетістігіне қатысты пікір білдіріп, қуанышын жасырмады.
"Сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені мен бұл әлем чемпионатына ұзақ дайындалдым және осы медальды армандадым. Қазір Паралимпиадаға дайындалып жатырмын. Алда тағы екі жыл бар. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін", – деді спортшы.
Әлем чемпионатында Қазақстан атынан өзге де спортшылар бақ сынады. Данагүл Есжанова сегізінші орынға тұрақтаса, Арианна Кобзарь тоғызыншы нәтиже көрсетті. Ал Тұрсынай Қабылдың алтын медалі қазақстандық пара пауэрлифтинг үшін маңызды жетістік болды.