Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Елена Рыбакина әлемдік теннистегі екі рейтингте үздік атанды

Елена Рыбакина әлемдік теннистегі екі рейтингте үздік атанды
Елена Рыбакина. Фото: Matthew Stockman/Getty Images for WTA

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемдік теннис рейтингтеріндегі көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Отандасымыз Tennis Abstract статистикалық порталының екі бірдей рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстанның бірінші ракеткасы 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша маусымдық yElo және жалпы Elo рейтингтерінде қарсыластарынан озып шықты. Атап айтқанда, маусымдық yElo көрсеткішінде Рыбакина 2166,8 ұпай жинап, тізімнің бірінші сатысына орналасты. Одан кейін ресейлік Мирра Андреева 2146,1 ұпаймен екінші орынға жайғасса, америкалық Кори Гауфф 2144,0 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Ал теннисшілердің ойын нәтижелері мен қарсыластарының деңгейі ескерілетін жалпы Elo рейтингінде де қазақстандық спортшының көрсеткіші жоғары болды.

Бұл тізімде Елена Рыбакина 2159,2 ұпаймен көш бастады. Беларусь теннисшісі Арина Соболенко 2139,0 ұпаймен екінші, ал америкалық Кори Гауфф 2128,2 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.

Elo рейтингі нені білдіреді?

Elo – спортшылардың ойын деңгейін бағалауға арналған статистикалық жүйе. Ол тек жеңіс пен жеңілісті ғана емес, қарсыластың қаншалықты мықты екенін де есепке алады. Ал yElo рейтингі теннисшінің белгілі бір маусым ішіндегі нәтижелеріне басымдық береді. Сондықтан бұл көрсеткіштер ресми WTA рейтингінен ерекшеленеді.

Айта кетейік, Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жариялаған жаңартылған ресми рейтингте де Елена Рыбакина бірінші орнын сақтап қалған.