Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Қазақстан құрамасы Австрияны 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, Еуро-2027 іріктеуінің келесі кезеңіне шықты

Қазақстан құрамасы Австрияны 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, Еуро-2027 іріктеуінің келесі кезеңіне шықты
Фото: ҚФФ баспасөз қызметі

Футболдан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде сенсациялық жеңіске жетті. Қазақстандық футболшылар Австрия құрамасын 7:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге мерзімінен бұрын жолдама алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Еуро-2027 іріктеуінің бірінші кезеңі аясындағы кездесу Грузияда өтті. Қазақстандық жас футболшылар ойынның алғашқы минуттарынан-ақ басымдық танытып, қарсылас қақпасына жеті жауапсыз гол соқты.

Матчтағы есеп 19-минутта ашылды. Қазақстан құрамасының ойыншысы Роман Черноморец дәл соққысымен командасын алға шығарды. Арада небәрі екі минут өткенде Әнуар Төленді есеп айырмасын еселеді. Ал 24-минутта ол тағы бір мәрте мергендік танытып, дубль авторы атанды.

Бірінші тайм аяқталғанға дейін қазақстандықтар төртінші голды да соғып үлгерді. Бұл жолы Испанияның «Вильярреал» клубының академиясында өнер көрсететін Сәлім Хасанов қарсылас қақпасын дәл көздеді.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үзіліске 4:0 есебімен басымдықпен шықты.

Екінші таймда да отандастарымыз қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 60-минутта Ислам Рашидов есепті 5:0-ге жеткізді. Үш минуттан кейін Роман Черноморец кездесудегі екінші голын соғып, дубль жасады. Ал 78-минутта Ибрахим Асан матчтағы жетінші голды соғып, ойынның қорытынды есебін белгіледі.

Қазақстан U17 – Австрия U17: 7:0.

Қазақстан құрамасының гол авторлары:

  • Роман Черноморец – 19, 63-минуттар;
  • Әнуар Төленді – 21, 24-минуттар;
  • Сәлім Хасанов – бірінші тайм;
  • Ислам Рашидов – 60-минут;
  • Ибрахим Асан – 78-минут.

Бұл жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеуінің екінші кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды. Енді қазақстандық футболшылар топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Грузия құрамасына қарсы өткізеді. Ойын 17 қарашада сағат 17:00-де басталады. Қазақстан құрамасына топта бірінші орын алу үшін тең нәтиже де жеткілікті.

Іріктеудің келесі кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі желтоқсан айында өтеді. Онда 28 құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне берілетін жолдамалар үшін таласады.