Logo
Іздеу
Айдарлар

Назарбаевқа жақын мердігер Ақтөбеде балабақша салып жатыр.

/
Назарбаевқа жақын мердігер Ақтөбеде балабақша салып жатыр.

Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша салу желеуімен 6,79 миллиард теңге бөлінді. Бірақ бұл тендерді жеңіп алған жергілікті құрылыс компаниясы емес, әлеуметтік салада тәжірибесі жоқ, Астанада тіркелген, Түркиямен байланысы бар, көлеңкелі тарихы бар кәсіпорын – «Казстройподряд» ЖШС.

7 миллиард – бәрі заңды ма, әлде көзбояушылық па?

Тендер Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы арқылы өткізілген. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс: байқау, қатысушылар, хаттама. Бірақ мұқият қарасаңыз, бұл өзара келісілген спектакльге ұқсайды.

Жеңімпаз – Аталай Хикмет басқаратын «Казстройподряд» ЖШС. Бұл азамат – Түркиядан шыққан бизнесмен, бірақ Қазақстанда бюджет қаржысын жылдар бойы «табысты» игеріп келеді. Соңғы жылдары 262 миллиард теңге алған, оның 113 миллиарды биыл яғни 2025 жылға тиесілі . Бұл – соңғы бес жылдағы барлық тендердің жартысына жуық.

Таныстар мен ықпалдылар жүйесі

Аталай Хикмет жай ғана құрылысшы емес. Ол:

  • «Хан Шатырдың» бас директоры Асралан Энгинмен байланыста (әйеліне 16 млн теңгеге Cartier сағатын сыйлаған),
  • Назарбаевтың сенімді құрылысшысы ретінде белгілі Rixos пен Sembol компанияларының иесі Феттах Таминжемен серіктес,
  • Мемлекеттік даму банкінен төмен пайызбен миллиардтаған қаржы алып отырған жобалармен байланысты бар
  • Ғалымжан Қарымсақовпен аффилирленген. Ол атышулы экс-шенеунік Серік Қарымсақовтың ұлы.

Серік Қарымсақов кім?

  • Индонезияның құрметті консулы, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының экс-басшысы,
  • Көптеген рейдерлік дауларда аты аталған тұлға,
  • Мәдениет экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оны «отельді рейдерлікпен тартып алды» деп тікелей айыптаған,
  • Қосарлы сату, жалған борыш міндеттемелері, пайшыларды алдау туралы істерге қатысы бар деп көрсетілген.

Байқауда бәсеке болды ма?

Екінші орын алған – «BERTYS CONSTRUCTION» ЖШС. Бұл компания Ақтөбеде 4,3 миллиард теңге тағы екі тендерді жеңіп алған. Оның басшысы – Жанболат Надыров, ол да Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрали Әлиевпен байланысы бар деп айтылады.

Салықтық тәуекел, ал миллиардтар «суша ағып жатыр»

Adata.kz базасына сәйкес, «Казстройподряд» ЖШС 2025 жылы «ЖОҒАРЫ САЛЫҚТЫҚ ТӘУЕКЕЛ» тобына кірген. Бірақ бұл оған миллиардтаған теңге алуға кедергі емес сияқты. Мемлекеттік қаржы мұндай компания неге сеніп тапсырылады?

Қойылатын сұрақтар:

  • Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы 6,79 млрд теңгені неге күмәнді компанияға сеніп берді?
  • Неліктен тендерге тек «өз адамдары» қатысады?
  • Салық комитеті, Қаржы министрлігі қайда қарап отыр?
  • Ерекше балаларға арналған жоба неліктен саяси байланыстар алаңына айналды?

Қорытынды:

Қарапайым ата-аналар көмек іздеп жүргенде, миллиардтар елдің ең ықпалды элитасына кетіп жатыр. Бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – билік пен бюджетті бақылау ойыны. Із бар жерде шындық та бар.

Arasha.kz-ті оқыңыз — біз Қазақстан өңірлеріндегі бюджет миллиардтарының қайда және қалай жұмсалып жатқанын бақылауды жалғастырамыз.

Сондай-ақ оқуға кеңес береміз:

Серіктес жаңалықтары