19-04-21 |
2510 рет қаралған
«Ел алаң»: Атыраудағы Жер дауы ашық күйінде тұр.
«Ел алаң»: Атыраудағы Жер дауы ашық күйінде тұр

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елді мекеніндегі Жер мәселесі ел назарын аударып отыр. Өрісі мен жайылымын ойлаған халық аймақтың қоршауға алынуына наразылық білдіргені туралы желіде ақпарат тарады. Бүгінде дау туған өңірде шекара қоршауларын орнату жұмыстары уақытша тоқтаған.

Атыраудағы Жер дауына қатысты депутаттар ашық пікір білдіре бастады. Депутат Ерлан Саиров Facebook парақшасында өз ойын жазды. Осы мәселе төңірегінде Мәжілістегі Nur Otan партиясы Фракциясының мүшесі ретінде үкіметке және шекара қызметіне хат дайындайтынын хабарлады.

«Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елді мекеніндегі қалыптасқан жағдайды сараптап шықтым. Кейбір карталарда, құжаттарда сол кездегі кеңшардың территориясы ілгеріде болған. Шекараны айқындаған кезде, ішкері еніп кеткен. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Қазақстан Өкіметі Ресей тарабымен келіссөзге отыруы қажет.

Өзбекстанмен болған келіссөздердің тәжірбиесіне сүйене отырып, бір экономикалық аймақта екенімізді ескере отырып, шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал. Ресеймен шекараның басқа да периметрлерін тағы да тексеріп шығу маңызды.
Халықтың мал- жанын бағатын, ауыз суын алатын жағдайды ескеру басты мақсат болуы тиіс»,- деді депутат Ерлан Саиров.

Қазіргі күні Атырау мен Астрахань облыстарының шекарасында шекара қоршауларын орнату уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев мәлімдеді.

«Шекара қоршауларын орнату жұмыстары тоқтатылды.13 және 16 сәуірде Көптоғай ауылының тұрғындарына жүргізілетін жұмыстардың заңдылығын түсіндірдік. Жерді суару үшін, мал үшін су алу мәселесі қарастырылды. Бұл үшін ешқандай кедергі жоқ», – деп сендірді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев.

14 сәуірде Атырау мен Астрахань шекарасында жаңа қоршаулар салына бастады.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әлеуметтік желілерде Атырау облысында «акциялар» өткізіліп жатқаны туралы хабарламаны жоққа шығарған еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.