20-04-21 |
1690 рет қаралған
ҰҚК: Қазақстанның 1500 метрге жуық жері Ресей Федерациясына еніп кеткен.
ҰҚК: Қазақстанның 1500 метрге жуық жері Ресей Федерациясына еніп кеткен

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елді мекенінің аумағында 1500 метрге жуық және тереңдігі 70 метрге жуық Ресей Федерациясы аумағына еніп кеткендігі анықталған. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметі хабарлады.

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында шекарашылар ауыл маңына Ресей мен Қазақстанды бөлетін белдіктер орната бастаған. Қоршаулар ауылдың дәл іргесіне қағылып, елдімекеннің халқы су ішіп отырған Қиғаш өзенінің сағасы Ресей тарапына өтіп кеткен. Ал билік әдеттегідей мұнда қарапайым халықтың тұратынын, ауылдарда адамдардың өмір сүретінін ұмытып кеткендей. Себебі тұрғындар түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді дейді.

Енді көптоғайлықтар ішіп отырған суымыздан, мал баққан өрісімізден айырылып қаламыз ба деп ашулы. Айтуларынша шекара бұрын ауылдан біраз қашықта болған. Бұл аймақ олардың ата қоныстары. Малы да іргедегі Қиғаштың суын ішіп, ауыл Қиғаштың балығын аулап отырған. Енді өзен жанын қиғаш кесіп, Ресей иелігіне өткен жерді қоршау басталып кеткен. Бұл туралы  «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.

«Шекараны қарап отырсаңыздар КПП Россия мен Қазақстанның 3 км жерде орналасқан. Бұлар заң бұзып, бері қарай біздің жерімізге кіріп кеткен. Мына судың арғы беті Қазақстанның жері Құрманғазы дейтін, бер жағы Көптоғай. Екі Қазақстанның ауылын ортасынан қазір шекара шебін салып жатыр. Бұл ертең біздің суға баруымызға, малға баруымызға үлкен зиянын тигізеді», – дейді Көптоғай ауылының тұрғыны Думан Есенғалиев. 

«Күні кеше мына жерге сиыр батты .Соны шығаруға біздің жігіттер жібермейді. Мынаулар уже қоршап жатыр. Қоршау біткеннен кейін сиыр емес, мына жерден екі шелек суымызды алып, іше алмаймыз», – дейді тұрғындардың бірі ҚаҺармен Рамазанов. 

Халықтың наразылығын тудырған шекара сызығын үйлерінің іргесіне тіреп, Қиғашты қоршап жатқаны. Мұны аяқсыз қалдыра алмаймыз, өйткені талай жеріміз кетті деп ашынды ел. 

«Бесарал деген мына жерде жер бар. Орыс бесаралы, қазақ бесаралы деген. Ата – бабамыз сол жерде мал бақты. Соны бөлгенде Бесарал Ресейге кетті. Содан кейін шекарашылар келіп мына жаққа сым тартты. Енд 4-5 күннен бері шекараны бері қарай ығыстырып, суды жағалап келеді», – дейді ауыл тұрғыны Сырым Мәженов. 

Шекарашылар қоршау жұмыстарын 13 сәуірден бастапты. Ал мұны облыстың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі «бұл 2005 жылғы екі елдің арасындағы шекараны белгілеу бойынша келісімге сәйкес жасалып жатқан жұмыс» деп түсіндірді. Айтуларынша бұл аймақ Ресей аумағына кіріп кеткен.

«Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елді мекенінің аумағында 1500 метрге жуық және тереңдігі 70 метрге жуық Ресей Федерациясы аумағына еніп кеткендігі анықталған. Жұмыс топтарының жұмыс барысында екі мемлекеттік қол жеткізген келісімшартының нәтижесінде аталған жұмыстарды қалпына келтіру жұмыстары қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара қызметімен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған», – дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлім бастығы Ардақ Әмірғалиев. 

Ал гугл картада Ресейдің шекарасы Қазақстанға құстың тұмсығы тәріздес кіріп тұрғанын байқауға болады. Шекара қызметіндегілер бұл инженерлік қоршау сызығын тұрғындардың ыңғайына қарай өзгерту жолдарын қарастыруға болады дейді. Әрине, мұны шешетін халық пен билік екенін айтады. Көп ұзамай қоршау сымдарын алып тастап жатыр деген бейнежазба жария бола бастады. Жергілікті әкімдік шекара сызығын белгілеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанын растады.

Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды. Сондықтан, саясаткер Жанболат Мамай екі ел басшыларын келіссөздер үстеліне отыруға және бұл мәселені біздің азаматтарымыздың пайдасына шешуге шақырады.

«Енді халық қалай өмір сүреді? Егер судан ажыратылса, егер олар мал жая алмаса, жайылымы болмаса? Олар бұл жерлерде ежелден-ақ өмір сүрген, ежелден бұл жер қазақ жері екенін білген. Аяқ астынан бұл басқа мемлекеттің жері екенін білген оңай емес», – дейді Жанболат Мамай. 

Саясаттанушы Расул Жұмалы шекара мәселесін екі ел арасында сөйлесіп шешу керек екенін айтады. 

«Қандайда бір жағдай болса да, ешкім сеніммен кесіп айта алмайды. Комиссиялармен жиналып, оларды осы 50-60 метрге жылжытып, мәселені шешудің мәні бар», – дейді ол. 

Еске салайық, 14 сәуірде Атырау мен Астрахань шекарасында жаңа қоршаулар салына бастады.

Шекара маңындағы Көптоғай ауылының халқы наразылықтарын білдіріп, жағдайды түсіндіруді сұрады.

Артынша Көптоғай ауылы маңындағы Қиғаш өзенінің бойында орнатылған шекара қоршауларын алып тастағаны туралы ақпарат пайда болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.