18-02-19 |
6310 рет қаралған
Несиесі бар және оны төлей алмай жүрген адамдарды болашақта жұмысқа алмауы мүмкін.
Несиесі бар және оны төлей алмай жүрген адамдарды болашақта жұмысқа алмауы мүмкін

Несие тарихыңызға немқұрайлы қарамаңыз. Өйткені, болашақта соған қарап азаматтарды жұмысқа қабылдауы мүмкін. Мұны айтқан Бірінші несие бюросының басшысы Әсем Нұрғалиева.

«Егер уақытыл төленбеген несиесі, төлеммен байланысты мәселесі болса, онда жұмыс іздеушіні жұмысқа қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Қазір бұл тәжірибені ірі гипермаркеттер қолдана бастады. Жұмыс берушілер несие тарихы мен болашақ жұмыскердің бұл мәселедегі тәртібіне қарайды. Бұл, былай айтқанда, жаңа жұмыс іздеушімен болуы мүмкін мәселелердің алдын алу шарасы», – дейді Бірінші несие бюросының басшысы Әсем Нұрғалиева.

Оның сөзінше, несие тарихын тексеру міндетті түрде жұмыс іздеушінің келісімімен жасалады. Оның келісімін ала отырып жұмыс беруші екі қолға бір күрек іздеген адамның негізінен уақытылы төленбеген несиесі мен несие жүктемесі бар-жоғына қарайды-мыс.

Әрине, бұл әзірге ұсыныс. Бірақ, бәрі ұсыныстан басталатынын ескерсек, «олай бола қоймас» деп бейжай қарауға болмайды. Себебі, гипермаркеттерде бұл тәжірибе қолға алына бастағаны айтылды. Келешекте заңмен бектіліп жатса, тағы таң қалмаңыз. Ал, заңмен бекітілген жағдайда, Конституциядағы еңбек ету құқығы қайда қалады деген ой туады. Конституцияның 24-бабы 1-бөлігінде «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар…» деп жазылмап па еді. Ал, 2-бөлігінде «…жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар» екені көрсетілген.

Сондай-ақ, бұл тұжырымдар ҚР Еңбек кодексінде де көрініс тапқан. Кодекстің 5-бабы «Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы барын» еске салады.

Яғни, жұмыс берушіге болашақта адамды несиені уақытылы төлей алмағаны, несие жүктемесі бар болғаны үшін жұмысқа алмау құқығы берілетін болса, Ата Заң мен аталмыш кодексте көрсетілген құқықтар қайда қалмақ?!

Иә, соңғы жылдары нарыққа байланысты несие тарихы деген ұғым пайда болды. 2010 жылдарға дейін кепілсіз кредиттер оңды-солды таратылды. Одан кейін ипотека мен автонесие деген шықты. Одан бертін қаржыдан қысылған жұрт микроқаржы ұйымдарының «жедел ақшасын» жедел жәрдемдей көріп, ұрынып жатыр. Қазір енді тұрмыстық техника, телефон дейсіз бе, киім дейсіз бе, тіпті ішер тамағыңызға дейін несиеге немесе бөліп төлеу тәртібімен ала береді. Демек, кім-кім де бірде болмаса бірде несие төлемін кешіктіруі, не төлей алмай қалуы бек мүмкін. Ендеше, ертеңгі күні сорыңыз осы тұстан басталмасын деңіз.

Айтпақшы, АҚШ-та жұмысқа аларда несие тарихына қатты қараса керек. Өйткені, онда азаматтың банк алдындағы қарызы ғана емес, коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеген-төлемегені де көрсетіледі екен. Есесіне, ол жақта жоғары пайызбен берілген кредитті бір жапсаңыз, келесіде төмен пайызбен беретін көрінеді. Бізде ше, несиені неше рет алып, құйсаңыз да, пайызы «баяғы жартас, сол жартас».

Бұл ұсыныс жүзеге аса қалған жағдайда, жұмыссыздардың қатарын көбейтпесіне тағы кепілдік жоқ. Адамдарды несиесіне бола, жұмыс істеп табатын несібесінен қағу кімге керек болды екен.  

Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер:

– Жұмыс іздеп келген адамның несие тарихына қарау дұрыс емес. Оның кәсіби, профессионалды қабілетіне қарау қажет. Несие тарихына қарайтындай, жұмысқа алып жатқан кәсіпорын ол адамның кредитіне жауап бермейді ғой. Ондай заңда жоқ. Егер ол адамның кәсіби біліктілігі, өзіне беріліп отырған жұмысты дөңгелентіп әкететін таланты, қабілеті болса, тәжірибесі жеткілікті болса, онда несие тарихының керегі не?! Өйткені, ол адам өзін жұмысқа алған компанияға менің кредитімді жауып бер деп айтпайды.

Менің ойымша, бұл бір жай қорқақтық. Қазір халықта жұмыссыздық бар, тұтыну несиесін алып төлей алмай отырғандар көп. Солардан уақытша сақтанудың бір тірліктері.

Адамды уақытылы төлей алмаған кредиті үшін жұмысқа алмаймыз деу – үлкен қателік. Себебі, еңбек келісімшартында оның несиесін қайтарып беруді оны жұмысқа алған компания мойнына алып, жазбайды ғой.

Алда-жалда жұмыс берушілерге мұндай құқық беру Қазақстанда жұмыссыздықтың санын көбейтеді. Бұл кімге керек?!

Еңбек қатынасының бәрі шартпен реттеледі. Мәселен, банк пен одан несие алушының арасындағы келісімшартта кредитті жабуға үшінші тұла кепіл ретінде көрсетілсе, әрине онда жұмыс беруші ойланады. Ал, жұмыс беруші жұмысқа тұрушымен жасалған еңбек келісімшартында оның несиесін жауып беремін деп көрсетпейді ғой. 

Сондықтан, мұндайға бару заңдық, экономикалық сауатсыздық, қала берді ақымақтық.

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.