09-02-21 |
470 рет қаралған
«Адам өлмесе қимылдамайды»: Ақтөбеліктер көмек сұрады.
«Адам өлмесе қимылдамайды»: Ақтөбеліктер көмек сұрады

Ақтөбеде Сәңкебай батыр көшесіндегі жатақхана тұрғындары көмек сұрайды. Екі ай бұрын шатыры өртке оранған жатақхана төбесі тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Олар есік алдына балаларын шығаруға қорқады. Шатырда өрттен қалған қалдықтар желмен айналаға ұшып, ілініп тұрған қаңылтырлар құлайын деп тұр.

Ақтөбеде өртке оранған үйдің тұрғындары әкімдіктен көмек сұрайды. Қыстың көзі қырауда бірнеше отбасы желдің өтінде қалған. Әсіресе, жоғары қабаттағылардың жағдайы мүшкіл.

«Өткен жылы 30 қарашада үйдің шатыры жанып, өрт сөндірушілер бірнеше машина сумен жалынды әрең басты. Сол кездегі қиындықтың зардабын әлі тартып отырмыз. Аязда мұз болып қатып қалған сулар кеше бір-екі күн жылы болғанда еріп, жоғарғы қабаттан тамшылап қоя берді. Азан-қазан болдық. Әкімшіліктен көмек жоқ. Қатты жел тұрса, төбедегі өрт қалдықтары үйдің айналасына ұшады. Біреудің басына түссе жазым болатыны анық. Біздің елімізде адам өлмей, ешкім қимылдамайды. Ертең төбе баланың  басына түссе кім жауап береді? Жауапты адамдар «иесіз үй, не істесеңіз де өзіңіз біл» деп отыр. бізге төбе жасап берсін»,  дейді тұрғын Жәмила Жұмағұлова.

Тұрғындар шатырды жаңаламай, пәтердің ішін жамап-жасқағаннан пайда жоқ екенін айтады.

«Төбенің бәрі түсіп жатыр. Бізге көмек керек. Жатақханада пәтер иелері кооперативі жоқ.  Не істерімізді білмейміз. Өзіміз жасауға көп қаражат керек. Себебі бұл үйде тұрып жатқандардың көпшілігі пәтер жалдап жүргендер», – дейді тұрғын Айжан Есболатова.

Жатақханада шыққан өртке қатысты қозғалған қылмыстың құрамы жоқ болғандықтан, іс тоқтатылған. Әкімдіктегілер сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Егер терможаңғырту бағдарламасымен жөндеу кезінде олқылықтар жіберілген болса, мердігер жауап береді.

«Жағдайға қатысты жұмыстар жүргізілді. Жоғары қабатта тұратын тұрғындарға көмек берілді. Бүлінген шатырды мердігер компаниялар арқылы жөндеу жолдары қарастырылып жатыр.  Жобалық-сметалық құжат дайын. Шатырды қайта жаңалауға 25 млн теңге керек. Бес қабатты үйдің шатыры осыдан екі жыл бұрын терможаңғырту бағдарламасымен жаңалаған. Енді сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Ол біріншіден, мердігер компанияны жүктеуге осы төбе жабындысын қайта қалпына келтіру немесе мердігер компаниялардың көмегімен үйдің төбесін қалыпқа келтіру жұмысы қарастырылуда»,-дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.