13-01-21 |
2020 рет қаралған
Ақтөбеде шошқа фермасына Оразалинді келтіре алмаған тұрғындар жаға жыртысты (видео).
Ақтөбеде шошқа фермасына Оразалинді келтіре алмаған тұрғындар жаға жыртысты (видео)

Бүгін Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының алды тағы да халыққа толды. Тұрғындар облыс әкімін ферма алдына ақыры келтіре алған жоқ.

Әкімдік қойған талапты орындамай отырған ферма басшысының әрекеті тұрғындардың ашуын туғызған.

«Ешқандай нәтиже жоқ. Біз шындықты білуге келіп тұрмыз. Тергеу жүріп жатқанда олар айғақтарды жойып жатыр. Оған кім рұқсат берді?»,- дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Жұбанқосов.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыған дейін қазылған өлекселерді ферма қайтадан көміп жатыр. Олар айғақтардың көзі жойылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.

Қазіргі уақытта халық екіге бөлінді. Оның бірі ауылға экологиялық залал келтіріп отырған ферманың жабылуын немесе бағытын өзгертуін талап етсе, екінші тараптағы база жұмысшылары ферма жұмысына кедергі келтірмеуді сұрайды.

«Құзырлы орган неге талап етпейді? Халық неге екіге бөлініп кетті. Мәселені шешу керек»,-дейді тұрғын Көзбаев Қалабай.

Тұрғындар мен шошқа базасының жұмысшылары төбелесуге дейін барды. Келісе алмаған тараптарды облыс әкімінің бірінші орынбасары мен прокурорлар арашаға түсіп, әрең басты.

«Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Экспертиза тағайындалды. Экологиялық заң бұзушылықтарға қатысты тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Құқықтық баға беріледі. ҚР ҚК-нің 332 бабы мен іс қозғалды»,- деді облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов.

Экологтар мәліметінше, департамент кәсіпорын басшысына 1 сәуірге дейін заң бұзушылықтарды жоюға нұсқама берген.
Ал жергілікті билік тексерісінен кейін салынған 7 млрд теңге айыппұлды төлеуге ферма басшылығы асығар емес.

«Осыған дейін халықпен бірнеше рет кездесу өтті. Іс жүріп жатқаны түсіндірілді. Тергеу амалдарының мерзімі бар. 12 қаңтардан бастап жер инспекциясының арызымен жерге келтірілген залалдарға қатысты сот процесі басталды. Қосымша экология департаментмен 13 әкімшілік іс қозғалған болатын. Соның ішінде 3 әкімшілік іс бойынша 1 млн 250 мың теңге айыппұл салынды. Одан бөлек жалпы келтірілген шығындар бойынша 7 млрд көлемінде келтірілген шығындарға қатысты сот процесі 26 қаңтарға белгіленген. Тиісті мекемелер анықтаған мәселелерге қатысты қосымша сараптама жүргізуге тапсырыс берілді. Ол жұмыстар 26 қаңтарда полиция қызметкерлерімен бірге жүреді. «Тегістеп тастады» деген жерлер қаралады. Қанша тегістелсе де қазылып, сынама алынады. Тексеріс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. 7 млрд теңге айыппұл уақытында төленген жоқ. Сол себепті мәжбүрлеп өндіру сотта қаралады»,-дейді Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Қазір облыс әкімінің бірінші орынбасары мен облыс прокурорының орынбасары, полиция департаменті бастаған топ тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауыл тұрғындарымен келесі кездесу қалалық мәдениет үйінде өтеді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, фермадағы заң бұзушылықтарға қатысты 7 млрд көлемінде айыппұл салынды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.