14-01-21 |
2420 рет қаралған
Ақтөбеде алтын кеніші бар ауыл төрт бөлмелі үйді мектеп қылып отыр.
Ақтөбеде алтын кеніші бар ауыл төрт бөлмелі үйді мектеп қылып отыр

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Алтынды ауылында 127 оқушы төрт бөлмелі үйде сабақ оқып жүр. Ауыл балаларына санитар мамандар сабаққа келуге рұқсат бергенімен, мектепке келе алмай жүр талай ауыл баласы! Оқушыға сабақ оқитын орын жоқ.  Ұстаздар дәлізде отыр. Кітап-қағазын дәлізде реттеп, журналын жүре толтырған ұстаздар жайын білім министрі біле ме? Жұмысшылардың үйінде сабақ оқып жүрген ауыл баласының жағдайын arasha.kz ұсынады.

Санитар мамандар шағын елдімекен оқушыларына партаға отыруға рұқсат берді. Бірақ Алтынды ауылындағы білім ошағына балалар сыймайды. Айналдырған төрт бөлмемелі үйге тек бірінші және екінші сынып оқушылары ғана келіп-кетіп жүр. 1969 жылы салынған мектеп екі жыл бұрын апатты деп танылған. Білім ошағы уақытша ауыл ішіндегі кеншілер үйіне көшеді. Содан бері балалар кеншілерге арналған  төрт бөлмелі үйді  білім ордасына айналдырған. Жергілікті билік ауыл балаларына арнап мектеп салуға асықпайтын сыңайлы. 

Тар үйде инемен құдық қазған ұстаздар жағдайы жылағандай-ақ. Олар оқушыларға толық білім бере алмай отырғанын мойындайды.

«Әрине, қиын. Барлық ұстаздарға да қиын. Толық білім беру, толық тәрбие беру мүмкіндігі жоқ болып отыр қазіргі таңда. Қазір оқышуларды санитарлық нормаға сәйкес қабылдау мүмкіндігі болмай жатыр. Бір және екінші сыныптар ғана оқып жатыр»,-дейді Алтынды орта мектебінің директоры Әсет Есенбеков.

Ауылға алтын мен мыс өндіретін шахталар тиіп тұр. Ен байлықтың үстінде отырып, балаларына жөнді мектеп бұйырмағанына тұрғындар ашулы. Олар  естуші мемлекеттің «саңырау» шенеуніктеріне айтып шаршаған.

«Балалар оқитын мектеп менің үйімнен де кішкентай. Балаға обал. Мазақ қылғандай. Мектепке менің үйімді алыңдар»,-дейді Алтынды ауылының тұрғыны Марат Қоразбеков.

Алтындыда 500-ден аса халық бар. Жергілікті билік жағдаймен таныс. Мұғалжар ауданы басшылары ауылдағы мектеп мәселесі биыл шешіледі деген уәдесін берді. Жаңа мектеп 60 орынға лайықталып салынады. Ауылдың 127 баласы екі ауысыммен оқитын болады.

 «Мектеп құрылысына байланысты жобалау сметалық құжатама дайын. Облыстық экономика басқармасына біз құжаттарымызды беріп қойдық. Республикадан, облыстан қолдау тауып жатса мектеп құрылысын биыл бастап кетеміз»,- Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин.

Ақтөбедегі өндірісті ауылдың шағымы шаш етектен.  Алыстағы ағайын  жағдайды президенттің естіп, білім министрінің көргенін қалайды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.