25-01-21 |
1630 рет қаралған
Наразылыққа шыққан ақтөбелік мұнайшылар президентке үндеу жолдады.
Наразылыққа шыққан ақтөбелік мұнайшылар президентке үндеу жолдады

Бүгін Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылы іргесінде орналасқан «КМК Мұнай» мекемесінің жұмысшылары наразылыққа шықты. Мұнайшылар президенттен компанияға тексеріс жүргізуді талап етті. Жұмысшылар жалақыны 100 пайызға өсіруді сұрап, жұмысты тоқтатты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«КМК Мұнай» мекемесінің алдына жиналған жүзге жуық мұнайшы президентке видео үндеу жолдады.


«Қазақстан Республикасының президенті, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз Ақтөбе облысы Темір ауданында орналасқан «КМК Мұнай» компаниясының қатардағы қарапайым жұмысшыларымыз. Біз сізге бұл видео үндеуді жолдау себебіміз – адал еңбекақымызды 100 пайызға өсіріп беруіңізді сұраймыз. 12 қаңтарда  «КМК Мұнай» басшыларына, облыс басшыларына жалақымызды көтеру жайлы хат жолдадық. Біздің талабымызды орындағылары келмей отыр. Себеп жоғын алға тартады.

Себеп бар. Біздің компания Ақтөбе облысындағы ең озық, беделді компаниялардың бірі. Мұнай өндіруден жыл сайынға жоспарды асыра орындап келеміз. Ал жұмысшылардың жалақысы басқа мұнай компанияларымен салыстырғанда өте аз. Пандемия уақытында азық-түлік, коммуналдық қызметтер бірнеше есе қымбаттап кетті. Айлығымыз несиемізді жабуға немесе азық-түлік алудан артылмай отыр. Өзіңіз білесіз, Ақтөбе облысының мұнайшылары ең төменгі жалақы алады. Біздің жалақымыз мұғалімдер, дәрігерлер мен зейнеркерлерден де төмен. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз.

Біз 25 қаңтардан бастап жұмысқа шықпауға бел байладық. Біздің талабымыз барлық заң аясында. Құрметті Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің ұжымдық мәселені шешіп беруді сұраймыз, біздің компанияға тексеріс жіберуіңізді талап етеміз», -дейді мұнайшылар үндеуінде.

Мұнайшылар мекеме басшылары мен жергілікті биліктің құр уәде беріп отырғандарын айтады. Жұмысшы құқын қорғауды сұраған  жүздеген мұнайшымен кездесуге облыс орталығынан бір топ шенеунік аттанды. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары мен еңбек инспекциясының басшысы бар.

Облыс әкімдігінің мәліметінше,  «КМК Мұнай» жұмысшыларының ұжымдық үндеуіне қатысты комиссия құрылды.

Комиссия құрамында еңбек инспекциясы, индустриялық-инновациялық​ ​ даму​ басқармаларының​ басшылары, Темір ауданы (кен орны Темір ауданында орналасқан) әкімдігінің өкілдері мен аудан прокурорлары​ бар.

«Қазіргі таңда «КМК Мұнай» АҚ жұмысшыларымен ұжымдық арызда көрсетілген талаптарды түсіндіру бойынша кездесу өтуде. Кездесудің нәтижесі қосымша хабарланатын болады»,- деп хабарлайды облыс әкімдігі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.