25-02-21 |
700 рет қаралған
Төрт сағат телміртті: Оразалин аналардың үмітін ақтамады.
Төрт сағат телміртті: Оразалин аналардың үмітін ақтамады

Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин көпбалалы аналардың алдына ақыры шыққан жоқ. Әкімнің қос орынбасары мен басқарма басшылары 4 сағатқа жуық 50-ге жуық ананың талабын тыңдағанымен, мәселе шешілмеді.

Осыған дейін Ақтөбеде Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап еткен көпбалалы аналарға әкімдік күзетінің бөгет болғанын жаздық. Шенеуніктер аналарды әкімдік залына жинады. Облыс әкімінің екі бірдей орынбасары, әлеуметтік сала қызметкерлері, денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен білім басқармасының өкілдері 50-ге жуық ананың сұрағын 4 сағат отырып тыңдады.

Әкімдікке келген аналар қымбатшылықтың кесерінен қиналып кеткендерін айтып, шенеуніктердің алдында жылап та алды.

«Бұрын 200 теңгеге алатын жұмыртқа қазір- 500 теңге. Бес баламды қалай асыраймын? Жолдасым ғана жұмыс істейді. Оның тапқаны жетпейді, Аядай бөлмеде тұрып жатырмыз»,-дейді көпбалалы ана Жанар Құлманбетова.

Жергілікті әкімдікте болған кездесулерден нәтиже шықпағанын айтқан аналар ел президентінен көмек сұрады.

«Қазір қымбатшылық. Біз 42 500 теңгеден бала басына жәрдемақы төленсе дейміз. Көпбалалы аналарға баспана беріп, балалардың жағдайы жасалсын.  Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Ана мен бала жағдайы қашан жақсарады?

Бізге атаулы әлеуметтік көмек керек емес. Себебі, 100, 200 теңге асып кетсе, оны ала алмаймыз. Аналардың дені пәтер жағалап жүр. Несиеге рақымшылық жасалсын. Билік жұмыс жасап жатқан жоқ. Депутаттардың жалақысын аналарға берсін. Бізге Оразалиннің шығып, түсіндіруін сұраймыз», -деді 4 баланың анасы Анаргүл Мұхитова.

Кезектесіп сөз алған аналар қиын жағдайларын жарыса айтты.

«Жолдасымның қайтқанына 14 жыл болды. 3 балам бар.  Мүгедек бала бағып отырмын. Пәтер жалдап тұрамын. Суды тасып ішемін. Маған баспана керек. Баланың жәрдемақысына пәтер жалдаймын»,- дейді жалғызбасты ана Жанар Әбдразақова.

Қымбатшылық, бағаны тұрақтандыруға қатысты сұрақтарға жауап болған жоқ. Әкімнің орынбасарлары білім және денсаулық саласының басшыларынан жауап алды. Емханаларда халыққа жайлы жағдай жасау талап етілді.

 «Талап не үшін қойылып отыр? Бұл кісілер ашынғаннан кейін келіп тұр. Әр емхананың бас дәрігерлерін шақырып алып, ескертіңіздер. Президенттің керіс байланыс туралы айтқан тапсырмасы бар. Халықтың үніне құлақ асу керек. Басшының қолы тимесе орынбасарлары бар, айналыссын. Күнделікті тәртіпті келтіріңіздер. Әр науқастың мәселесін тыңдаңыздар. Жауапкершілік деген болу керек», -деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов.

Аналар әкімдікке жиналған кезде облыстық мәслихат сессиясын өткізген Оңдасын Оразалин кездесуге шықпады.  

Кейін облыстың баспасөз қызметі мәслихатта халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұсыныстардың қаралғаны туралы ақпарат таратты. Онда облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

«Биылға жоспар көп. Олардың дені бүгін өздеріңіз нақтылаған бюджет қаражатының арқасында жүзеге аспақ. Біз сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз, өйткені олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ақтөбеліктердің тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған және маңызды проблемаларды шешуге мүмкіндік береді»,- деп атап кеткен.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.