14-12-20 |
500 рет қаралған
Назарбаев Амандық Баталовқа тағы да батасын берді ме?.
Назарбаев Амандық Баталовқа тағы да батасын берді ме?

Өзінің әр кездесуі мен даулы мәселедегі мәмілегерлікте де Назарбаевты, тіпті онымен телефон арқылы сөйлескенін мақтана айтып отыратын Баталов бүгін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.

Осылайша, күз басталғалы «әне-міне кетеді екен», «Астанадағы орыны дайын», «жоқ, орнында тағы бір жылға қалдырыпты» деген секілді қаптаған қауесетке өзін де, айналасын да «қарқ» қылған Алматы облысының әкімі Амандық орден тақты.

Осы ретте «тағы бір жылға» деген сөзге тағы айналып соғасың. Себебі, облысты он жылдың үстінде орынбасар болып басқарып, онан кейінгі уақытта «әкім» атанып тізгіндеген Баталов бұдан бұрын да сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір-ақ ауыз сөзімен облысты басқарып отыра берген.

Сол жақсылықтың өтеуі ме еді, Баталовтың тұңғыш президентке ықыласы алабөтен болды. Сосын да журналист, әдебиетшілермен кездессе де, тіпті дақпырты ақордаға жететін айғай-шулы мәселеде де Н. Назарбаевпен сөйлесіп отыратынын жиі айтып келеді.

Мәселен дейсіз ғой, ескі күнге бармай биылдың еншісіндегі экспрезидент екеуара бір-екі мысал тұздықтайық.

«Елбасымен телефон арқылы сөйлесіп, қайта түлеген Нарынқол жайлы айтып бердім. Туған жерге деген сағыныш жайында әңгіме өрбіттік…»

Бұл – Амандық Ғаббасұлының биылғы «Көшбасшы-2020» жастар сыйлығын табыстау рәсімінде рәсуәсіз айтқан сөзі. Бір деңіз мұны.

Екінші мысал да араға апта салған жоқ. Дәлірек айтқанда, Тұңғыш президент күніне орай  «Тақиялы періште» атанған Әлімғазы Райымбеков ақсақалды 85 жасқа толған мерейлі сәтімен құттықтағанда жеткізді. Онда:

«Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасымен сөйлестім, елдің жайын сұрап, өздеріңізге сәлем айтты», – деген А. Баталов.

Қысқасы, белгілі сайттар үлестірген «халықшыл әкім» деген атпен қарапайым бұқараның «Назарбаевшыл әкім» деген қос «қалқанын» мықты ұстаған Баталовқа «бұл жолы да Назарбаевтың батасын алды ма?» деген ұры сауал бүлк етеді бір бүйірде…

 

Қозыбай Құрман, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.