26-10-20 |
960 рет қаралған
Атыраудың ауасын ластап отырған кімдер?.
Атыраудың ауасын ластап отырған кімдер?

Жыл сайын Атырау облысында 180 мың тонна зиянды заттар шығарылады. Оның ішінде 91% -ын (165 мың тонна) мұнай-газ секторының ірі кәсіпорындары шығарады. Бұл туралы жақында өткен брифингте Атырауда облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАН мәлім етті.

– Егер басқа облыстармен салыстыратын болсақ, онда жағдай бұдан да нашар. Павлодарда шығарындылар саны – 717 мың тонна, Қарағандыда – 567 мың тонна. Атырау облысы республикада ластану бойынша 4-5 орында тұр. Әрине, біз оны көңіл жұбататын жағдай деп айта алмаймыз, – дейді Қ.Арыстан.
Бұдан әрі, ол өңірдегі ауаға кері әсер ететін негізгі себептерге жеке тоқталды. Бұл мұнай-газ секторының дамуы және кәсіпорын қуатының күшейтілуіне байланысты ластаушы заттар шығарындыларының көлемінің ұлғаюы. Сонымен қатар, К.Арыстан АМӨЗ және қаланың кәріз-тазарту құрылғыларының жеткілікті дәрежеде жұмыс істемей тұрғанын атап өтті.

КӨРСЕТКІШТЕР ҚОЛМЕН ЖАЗЫЛАДЫ

Облыста ауа сапасын бақылайтын 45 станция бар. Атырауда – NCOC-тың 20 станциясы, АМӨЗ-дің 4 станциясы, Атырау облысы бойынша «Қазгидрометтің» 4 станциясы бар. Аудандарда – 17 станция бар, оның 12-сі ТШО-ға тиесілі, қалғандары «Қазгидрометтікі».
Қ.Арыстанның айтуынша, NCOC және АМӨЗ станцияларының дерегі оларға 20 минуттан 2 сағатқа дейін кешігіп беріледі.
– Осыған байланысты олардың дұрыстығы күдік тудырады. Олардың барлығы «қолмен» атқарылады. Ол жерде ауадағы зиянды заттардың концентрациясының жоғарылауын бақылайтын оператор отыр, ол көрсеткіштерді қолмен жазады. 20 станция деректерді әр 20 минут сайын көрсеткен кезде шекті-рұқсат етілген концентрациядан асып кетуді байқап, жазып алу – бұл өте күрделі және ауқымды жұмыс. Сондықтан экологиялық проблемаларды кешенді шешудің «Жол картасына» ірі кәсіпорындардың мониторинг станцияларынан деректі онлайн режимде беруді қамтамасыз ету мәселесі енгізілді, – дейді Арыстан.
Деректердің түсіп отыратын уақытын қысқарту және шекті-рұқсат етілген концентрацияның артуын автоматты түрде анықтау үшін станциялардың арнайы бағдарламасын жетілдіруді 2021 жылдың қазанында аяқтау керек.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың желтоқсан айында ірі кәсіпорындардың мониторинг станцияларынан AirKz «Қазгидромет» мобильді қосымшасына деректерді онлайн-жіберу жобасы аяқталады.

МҰНАЙШЫ ҚАЛАНЫ КӨГАЛДАНДЫРУҒА ДАЙЫН БА?

Брифингте Қадыржан Арыстан «Жол картасы» аясында Атырауда ірі ластаушы кәсіпорындары (NCOC, ТШО, АМӨЗ, Ембімұнайгаз және т.б.) жасыл желек отырғызу үшін жер телімдері бөлінетінін хабарлады.
– Жоба бойынша 6 ірі және 14 шағын компанияға қалада 5979 га жер бөлінді, оның ішінде 3683 га орман қорына тиесілі. Қазір жер қойнауын пайдаланушылармен меморандум дайындалуда. Айта кету керек, мұнай компаниялары ауқымды жұмыс көлемін алуға дайын емес еді. Көгалдандыру бағдарламасы – бұл бір жыл емес, он жыл немесе одан да көп жылға есептелетін, баппен атқарылатын жұмыс. Біз оларға осы жобаның маңызды екенін жеткізуге тырысамыз, – деп атап өтті Арыстан.
ТШО-ға Қайыршақты ауылдық округінен 1722 га жер, Бірлік ауылынан әрі қарай Соколок каналының бойымен NCOC компаниясына – 1373 га, «Сасықсай» аумағында АМӨЗ-ге – 1420 га жер бөлінді.
– Бір жыл ішінде 100-170 га жерге ағаш отырғызу қажет. Бұл өте көп. Мұнай компаниялары өңірді көгалдандыруға өз үлесін қосып, бастаманы қолдайды деп үміттенеміз, – деп атап өтті Қ.Арыстан.
Оның айтуынша, экологиялық «Жол картасына» енгізілген жобалардың жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңгені құрайды.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.