14-01-21 |
1940 рет қаралған
«Бізде тек бір партия»: Орал тұрғыны жалғыз адамдық пикетке шықты.
«Бізде тек бір партия»: Орал тұрғыны жалғыз адамдық пикетке шықты

Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев 14 қаңтарда қала әкімдігі алдындағы орталық алаңда бір адамдық пикет өткізді. Ол 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауын заңсыз деп тануды талап етті. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Алаңға келген Өтебаев «таңдау құқығы болмаған сайлауды заңсыз деп тануды талап етемін» деген плакат ұстап шықты.

— Бізде ешқандай партия жоқ, бізде тек бір партия – «Нұр Отан» ғана бар. Басқа партиялар жасанды, оппозиция жоқ. 10 қаңтардағы сайлау өтірік болды. Назарбаев тартып алған дауыс беру құқығымызды қайтаруды талап етемін. Қайта сайлау өткізуді талап етеміз, – деді ол.

Пикет кезінде белсенді жанына әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің өкілі келіп, Өтебаевқа шарасы заңсыз екені, акцияға рұқсат алмағанын айтты. Әкімдік өкілі рұқсат етілмеген пикет үшін жауап беруі мүмкін екенін ескертті.

— Қандай заң маған бір адамдық пикет өткізуге тыйым салады, көрсетші? Бұл – менің конституциялық құқығым. Маған пикетке тыйым салатын қағазды әкеліңіз, сол кезде бірден кетемін, – деді белсенді.

Белсендінің шарасы жарты сағатқа созылды. Пикет кезінде алаңда полицияның екі көлігі тұрды.

Тәуелсіз бақылаушылар 10 қаңтарда Қазақстанда өткен сайлауды әділ өтпеді деп атады. Олар дауыс беру кезінде көптеген заң бұзу мен қысым болғанын мәлімдеді. Сайлау күні елдің бірнеше қаласында дауыс беруге бойкот жариялауға шақырған, биліктен реформа талап еткен наразылық шарасы өтті. Құқық қорғаушылардың есебінше, 10 қаңтарда елде 300-дей адам ұсталған.

Еуропа одағының сыртқы істер және саяси қауіпсіздік бойынша өкілі Питер Стано «Қазақстан азаматтарында шынайы таңдау мүмкіндігі болмады» деп мәлімдеді. Ол елде саяси бәсекенің жоқтығын, «2013 жылдан бері елде бірде-бір [жаңа] партия тіркелмегенін» атап өтті.

Қазақстан билігі дауыс беру кезіндегі заң бұзушылықтарды жоққа шығарады. Орталық сайлау комиссиясының есебіне сай, 2012 және 2016 жылдары сайлауда мәжіліске өткен үш партия орнын сақтап қалды. Елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі «Нұр Отан» партиясы тағы да мәжілістегі басым орынды иеленді – 76 мандат.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.