28-04-20 |
1360 рет қаралған
«Бәрі де таныс-тамырларын директор етіп тағайындауымды сұрады».
«Бәрі де таныс-тамырларын директор етіп тағайындауымды сұрады»

фото: Қаймен Есендияров facebook парақшасына алынды

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров қызметке кіріскен бір  жарым ай ішінде көптеген адамдар өздерінің таныс-тамырларын директер болмаса директордың орынбасары қызметін беруді сұрап келгенін айтады. Бұл туралы ол facebook парақшасында жазды.

«Осы 45 күн ішінде, 20-ға жуық таныс адамдар жұмысқа келіп, қоңырау шалды. Сонда барлығы ақыл-кеңестен бөлек, өздерінің таныс-тамырларын спорт мектебінің директоры қылып қоюымды, ол болмаса директордың орынбасары лауазымына тағайындауымды сұрайды. Бір өкініштісі, сол адамдардың біреуі “мына бала өте жақсы бапкер, осы баланы қолдап жіберші” деп айтпады. Барлығы тек директор, «замдиректор» болғылары келеді екен, сонда кім кейінгі ұрпақпен жұмыс жасап, тәрбиелеп тер төгеді деп ойлап отырмын» деп жазады Қаймен Есендияров.

Сондай-ақ басқарма басшысы қазіргі спорт мектептері басшыларының жағдайын да баяндаған.

«Ал қазіргі директорлардың жағдайы мүлде бөлек екен. Қызметтік көлік шопырымен, кабинеттерінің жанында көмекші хатшы, екі «замдиректор» (1-уі оқу-спорт ісі жөнінен, 1-уі шаруашылық бойынша), ғимарат директоры, бухгалтер, «замбухгалтер», заңгер, госзакупщик, методистер (кейбіреулері зейнетақы ала отырып, алды 70-ке келсе де жастарға орын бермей, балаларға ештеңе үйретпесем де жалақы алсам болды деп жүргендей), 3 күзетші, күзетшінің басшысы және т.б. Қысқасы, бір спорт мектепте 7 бапкерге 35 басшы-күзетшіге дейін бар екен (барлық мектептерде бұлай емес әрине, бірақ көбінде осыған ұқсас).
1 бапкерге 7 қызметкерден келіп тұр.
Ойлап қарасам, керісінше 35 бапкерге 7 басшы болмай ма екен. Бір қынжылғаным, бірде-бір директор жұмыстан кейін қалып балалар дайындамайды, жаттықтыру жасатпайды екен. Оның да себебі бар, кейбір директорлар өзі басқарып отырған мектептердегі спорт түрімен айналыспаса, қалай балаға үйретеді?!» дейді ол.

Басқарма басшысы спорт мектептерін аралаған кезде өзі таңқалған жайтты да айтқан.

«Ең бір таңқалғаным, мектепті аралап жүргенде директоры мен 2 «замдиректорының» қасында бір жас жігіт қасымыздан қалмай жүргесін «сен кім болып жұмыс жасайсың?» дегенде: ”Күзетшілердің басшысымын” дегені.
Ол өзі күзетші (охранник) болса, оған басшы не керек?!».

Қаймен Есендияровтың сөзінше, қалыптасқан жағдайда облыс спортына бөлінетін қаржының 50-60% басшылар мен директорларды ұстап тұруға кетеді екен.

«Содан қалай спорт дамиды, үкімет салып берген ғимараттарды қандай қаражатқа ұстап тұрамыз?!» дейді ол.

Басқарма басшысы көрген жайларын қорыта келе, жағдайдан шығатын жолды да тапқанын жазады.

«Міне, сондықтан спорт ғимараттарын сақтап қалу үшін жағдайы көтеретін, сол спорт түріне жаны ашитын азаматтарымызға уақытша (5 жылға, әрі қарай сатып алу құқығынсыз) сенімгерлік басқаруға (доверительное управление) беруге тура келетінін байқап отырмын.
Ол біреудің жеке басының (әкімнің, спорт басшысының) біреуге (жақын-таныстарына) ғимараттарды сату деген ойы емес, керісінше қолдан келгенше сол ғимараттарды тоздырып алмай, халықтың игілігіне жарату болып табылады».

Қаймен Есендияров Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып биыл 12 наурызда тағайындалған.

Бұған дейін облыстың спорт саласына жауапты қызметте болған Мүсілім Оңдағанов мен Тимур Шаяхметов екеуі әр жылдары қызметін асыра пайдаланды, ақша жымқырды деп айыпталып, сотталған еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.