Өткенде жол түсіп, Өзбекстан астанасы – Ташкентке бардым. Барған жердің жағдайын жолынан танисың. Ел мақтайтын Ташкенттің қалаға кіре беріс, қала ішіндегі жолдарының жайын көріп, шаһарды аралауға деген ниетімнен айнып қалдым. Жолдары ойдым-ойдым, бұдыр-бұдыр. Жыны ұстаған бақсыдай селкілдеп отырғаның. Алматының жолдарына үйренген бізге Ташкент жолдары жол түскенде көріп жүрген кейбір аймақтардың тас жолдарын еске түсірді. Сөйтсек, мәселе жолда емес, гәп аймақтың тізгінін ұстаған әкімдер де екен ғой. Әрине, бұл жаңалық емес, жұрт білетін дүние. Деседе, жолдың экономика мен жалпы дамудың ең негізгі күретамыры екенін білген әкім өзге істің де қиюын білетініне күмәнсіз сенуге болады. Сондай күмәнсіз сенім – Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің жол жөндеудегі мысалы. Деректерге қарағанда, екі жылда облыс аумағында 800 шақырым жол төселіп, Оралда былтыры, жыл ішінде 67 көшеге жөндеу жұмыстары жүріпті. 800 шақырым жолдың 600 шақырымы шалғайдағы аудандар ішкі ауыл-ауданаралық жолдары екен. «Жол жөнделеді» дегенге ертегідей қарайтын ауыл халқына бұл көктен тілегені жерден табылған дүниемен пара-пар. Батыс аймақтың тұтас жылын өзі жоспарлап, өзі басы-қасында күн-түн демей жүріп әр істі қадағалаған Алтай Көлгіновтің жол жөндеуге қатысты биылғы жоспары былтырғыдан ауқымды.
Елдің шетіндегі аймақты басқарып келе жатқан әкімнің шаруқор іскерлігі жолмен ғана шектелмеген. Облыстағы 12 ауданның 60 аулына таза су тартылып, 6 ауданның 35 аулына газ жеткізілген. Ауылдағы тұщы суы бар жалғыз құдыққа бүкіл ауыл ұзақ-сонар кезекке тұрып, итшілеп су тасып өскен біздің буын үшін ауыз судың қадірі айрықша. Таза ауыз су үйіне келген ауыл тұрғының тұрмысы қаншалықты жеңілдейтіні айтпаса да түсінікті болар. Газдың мәселесіне келсек, бұл үкіметтің өзі толықтай шеше алмай келе жатқан күрделі мәселе. Алайда, Алтай Көлгінов көгілдір отынды ауылдарға жеткізудегі жетістігі әр аймақ басшысына қолда бар мүмкіндікті толықтай пайдаланса, өз құзіретінде газбен қамтуды да шешуге болатынының дәлелі.
Жол мен судың жайы жоспарлы шешімін тауып жатқан жерде тағы да бір өзекті мәселенің құлағы қылтиятыны аян. Ол – баспана. «Үйі жоқтың күйі болмайтыны» әлімсақтан белгілі нәрсе. Бұл тарапта мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Алайда, бағдарлама өздігінен іске асып кетпейді. Оны жергілікті жерде жүзеге асырып, елдің игіліне ұластыратын тағы да әкімдер. Ал, Алтай Көлгінов болса, 1500 отбасын үйлі етіп, былтыры 380 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтатқан. Оның 115 мың шаршы метрін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жасаған. Яғни, бағдарламадан тыс салынған үйлердің бәрі облыс әкімінің іскерлігінің арқасында мүмкін болған деген сөз. Мұныаз десеңіз, аймақ аудандарында 188 бір қабатты үйлер салынған. Бұл өз кезегінде аудандарға барып жатқан жас мамандарға деген қамқорлықтың атасы.
Тұрғын үй демекші, болашағы жоқ ауылдарды тіректі жерлерге көшіру саясаты бар. Ол әр жерде әрқалай жүзеге асып жатыр. Ал А.Көлгінов Березов пен Бестау ауылдарын көшіру, қоныстандыру мәселесін биыл толық аяқтаған. Ауыл көшірмек түгілі, бір көшіру қиын заманда, екі ауылд көшіріп, жаңа қоныс беру – әкімнің әкімінің ғана қолынан келер. Мұның сыртында мәдениет, білім беру салаларында атқарылған оң істер де жетерлік. Өткен жылы 10 инвестициялық жоба қолға алынып, шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 42 пайызына жеткен. Сыртқы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 56 пайызға өссе, экспорт 42 пайызға артқан. Аймақ экономикасының жағдайын осыдан-ақ байқауға болады.
Қырықтың қырқасына шыққан Алтай Көлгіновтің облыс басшысы ретіндегі аз уақыт ішіндегі жеткен жетістіктерінің сыры неде деген сауал көлденеңдейді. Біздіңше, оның сыры – А.Көлгіновтің басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеті және асқан шаруақорлығы және аймақ мәселелерін өте жақсы білетіндігінде. Өйткені, А.Көлгінов аймаққа әкім болардан бұрын үш жыл Орал қаласын басқарып, бір жыл облыс әкімі орынбасары болып қызмет етсе, екі жыл президент аппаратында Батыс Қазақстан облысына жауапты жетекші болды. Міне, осындай қызметтік жол А.Көлгіновтің қырықта қамал алып, Батыс Қазақстан облысының бүгінгі жетістігінің ажырамас бөлігіне алып келді. Демек, өз қолымен іске асырған сәтті жоспарлар биыл да жалғасын тауып, аймақ халқы мен әкімді жаңа белестерге жетелейтіні сөзсіз.
Arasha.kz
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024