04-09-20 |
560 рет қаралған
Онлайн оқуға шамасы жоқ….
Онлайн оқуға шамасы жоқ…

Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Әсіларық ауылында тұратын Камила Мырзашеваның үш бірдей баласы Шоқан Уәлиханов атындағы №49 жалпы орта мектебіне барады. Балаларының ең алды бесінші, ортаншысы үшінші, кенжесі мектепалды даярлық тобына қадам басқан. Алайда, онлайн болғандықтан, үшеуі де сабағын оқи алмай жүр. Себебі, әлеуметтік аз қамтылған отбасында не үлкен экранды теледидары, не смартфоны жоқ. Интернетті айтпағанда, байланыс құралдарына қол жеткізе алмаған отбасы балаларына мектептен компьютер де берілмепті. Мемлекеттен әлеуметтік төлемақы алатын отбасылардың әрбір баласына тағайындалған 30 мың теңге де берілмеген.

–30 мың теңге алу үшін құжаттарымды жинап, өтініш бергенмін. Алайда, ауылымызда әлі ол ақшаны алыпты дегенді естімедік. Жалпы, онлайн оқу үшін мұқтаж отбасыларға берілетін компьютерді де алған адам жоқ шығар. Бар болса, еститін едік қой, – дейді Камила.

Бұл отбасы 2012 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған. Ауыл шетінен әупірімдеп жүріп, үш бөлмелі, аядай үй соққан. Отағасы Марат Ахшаев отбасын асырау үшін құрылыста табылған қара жұмыста істейді. Карантин кезінде жұмыс болмай, қиналып, балаларына онлайн оқуға дайындай алмады. «Ара-арасында ауыл ішінде аз-маз жұмыстар шығып тұрады. Бірақ, оның қаржысы қарыздар мен күнделікті ішіп-жемге кетеді», – дейді ол.

Үш баланың анасы Камила Төлбасықызының айтуынша, былтырғы оқу жылында балалары қарапайым қалта телефонымен оқыпты. Мұғалімдер сол телефонға қоңырау соғып, тапсырмаларды ауызша айтып жүріпті. Осылайша төртінші тоқсанды әзер аяқтаған екен.

Ал биылғы жаңа оқу жылында не компьютер, не смартфон, не интернет, не «Балапан» арнасындағы телесабақтарсыз қайтіп оқитыны беймәлім.

«Смартфон телефонымыз болмаған соң, уатсапқа да кіре алмадық. Төртінші тоқсанда ұл-қызымның апайлары ұялы телефонға хабарласып, тапсырма беріп тұрды, олар орындап қайта жауап береді. Әрине, балаларыңа бар жағдайды жасап, қатарынан қалдырғың келмейді ғой. Жақсы оқыса, дұрыс білім алса дейсің. Бірақ тұрақты табыс болмаған соң, қолымыз қысқа, шарасыз болып отырмыз, – дейді Камила.

Бұл Түркістан облысындағы бір ғана ауылдың бір ғана отбасындағы жағдай. Камила Мырзашеваның үш баласы қолдың келтелігі мен ел ішіндегі жағдайдың тұрақсыздығынан сабақ оқи алмауда. Ауыл басшылығы байланыс антенналары таяуда қойылады деп айтқанымен, байланыс құралы болмаса қиын. 300 отбасыдан тұратын аядай ауылдың жағдайын өз көзімізбен көрген соң, Қазақстанда цифрландыру туралы айтуға әлі ертерек пе деп қалдық.

Әйгерім Бегімбет

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.