03-07-23 |
730 рет қаралған
Қостанайда Ресей үшін соғысқа үгіттеу әрекеттері байқалған.
Қостанайда Ресей үшін соғысқа үгіттеу әрекеттері байқалған

Қостанай облысында жергілікті халықты Украинадағы соғысқа тартып, Ресей жағында соғысуға үгіттеген әрекеттер байқалған.

Қостанай облыстық прокуратурасы өзге елдегі қақтығыстарға қатысқандарға Қазақстан Қылмыстық кодексінде жаза қарастырылғанын ескертті. Прокуратрураның мұндай мәлімдеме жасауына не түрткі болды? Жоқ әлде солтүстік аймақта Ресей үшін соғысуға шақырғандар көбейді ме?

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс туралы материалдар (мақалалар, видеосюжеттер, жазбалар, комментарий) жарияланып жатыр. Кейбірінде Қазақстан азаматтарын соғысқа шақыру, ұлттық алауыздықты қоздыру, ұлттың намысына тию, екі жақ азаматтарының ар-намысын таптау сияқты жайттар кездеседі – деді прокуратура өкілдері.

Прокуратураның мәліметінше, әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар, арасында Қазақстан азаматтары да бар. «Қазақстанның территориялық тұтастығына байланысты» сепаратистік үндеулер орналастырған. Оған қоса, облыс аумағында жергілікті халықты Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысуға үгіттегені де анықталған.

Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлының айтуынша, прокуратураның мұндай мәлімдеме жасауы өте маңызды. Себебі ол Ресей де, Украина да посткеңестік елдер ішінде өз жақтастарының көп болуына мүдделі екенін ескертті.

Қазқстан азаматтарының ішінде Мариупольге жұмысқа барған адамдар бар. Бұл біздің әлеуметтік жағдайдың нашар екенін көрсетеді, екіншіден қоғамда «бізден басқа елдің бәрі жақсы» деген түсініктің қалыптаса бастағанын аңғартады. Ал енді славян тектес халықтың Ресейге жақтас болуы таңқалатын дүние емес. Себебі көршіміздің ақпараттық бағытта бізге ықпалы зор. Сондай-ақ «Руский дом» секілді әр түрлі ұйымдар біздің елде белсенді жұмыс істеп жатыр – дейді сарапшы.

Ол бұған дейін соғыста Ресейдің мүддесі үшін соғысып келіп, жазаға тартылған оқиғалар болғанын айтады.

Қостанай облысы прокуратруасы өз үндеуі арқылы Қазақстан азаматтарын соғыс романтикасына еріп кетпеудің алдын алып отыр. Өйткені «Вагнер» әскери ұйымына қосылмаса да Луганск пен Донецкте соғысып келген азаматтар баршылық. Сондықтан да біздің ел етек-жеңін қымтап жатыр. Оның үстіне АҚШ пен Батыс елдері тарапынан біздің елге санкция салынуы мүмкін. Мәселен «Аспан арба» секілді компниялар Ресейді санкциялардан құтқарып отырғаны рас. Біз оған біліп, білмей ұрындық. Бірақ санкция одан сайын күшейіп кетпес үшін қатаң шаралар жасауымыз керек. Тіпті алдағы уақытта Ресейден келетін адамдарға талаптар күшейуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан өзінің мүддесін көздеп отыр деп бағалау керек. Қандай жағдай болса да санкцияға ұрынып қалмай әрі ел ішінде сепаратистік пиғылдағы адамдардың кіріп кетуінен сақтану үшін жасалып жатқан шара деп білемін, – дейді ол.

Сондай-ақ әскери сарапшы Ресейден бөлек Украина өз мүддесі үшін жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Сондықтан да ол Қазақстан екі тарапты да тең ұстау керек екенін ескертті.

Қазір біз Украинаның жеңгенін қалаймыз, іштей жақтаспыз, бірақ біздің жақтастығымыз белгілі топтар үшін қаржы табудың көзі болуы мүмкін. Қазір екі жақ, әсіресе пост кеңестік елдерде жақтастарының көп болғанын қалайды. Бір қарағанда «қазақтар украиндарға көмектесіп жатыр» деген сөз жағымды болып естіледі. Әйтсе де Украина азаматтары әлеуметтік желіде біздің ішіміздегі сепаратистік топтарды чат рулетка арқылы анықтап жатыр. Иә, елімізде сепаратистік көзқарастағы адамдар бар. Бірақ олардың қаншалықты ықпалды екенін біз жақсы білмейміз. Бір арақ ішіп алған адам «Ресей Қазақстанға басып кірсе, орысқа көмектесемін» деп айтуы мүмкін. Мысалы Моңғолиядағы қазаққа дәл осындай сұрақ қойса «Егер Моңғолияға шабуыл жасаса Қазақстанға жақтасамын» деп айтуы мүмкін. Бұл енді құқықтық баға берген кезде ұйымдасқан сепаратистік әрекет пе, жоқ әлде жай айта салған сөз бе? Украина тарапы осындай дүниелерді жариялау арқылы жұмыс істеп жатыр. Бірақ осындай жұмыстың бір әттеген-айы қоғамға ірткі салып, фобияға жол береді. Біз өз ішімізде сепаратистік көзқарастағылар көп екен дегенге қатты сеніп алып, күдігіміз күшейеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің дипломатиясына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан екі жақта өздерінің мүдделеріне сай жұмыс жүргізіп жатыр. Украинада өздеріне еріктілерді тартқысы келеді. Бірақ олардың ең басты жұмысы «Қазақстанның ішіндегі сепаратистік адамдарды анықтадық. Қазақтар Ресейге қарсы болады. Көрдіңдер ме ең басты одақтастарыңның өзі сендердің ту сырттарыңнан пышақ ұрғалы тұр» деп насихат жүргізеді. Сондықтан да прокуратураның алдын ала әрекет еткені жөн деп есептеймін – дейді Амангелді Құрметұлы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда жүрген ресейліктердің Путинді қолдайтыны туралы жазған болатынбыз.

Серғали Асланбек, Arasha.kz

ФОТО: m.pln24.ru

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.