Шымкент қаласы әкімдігі заңсыз берілген жер телімдері мен нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың соңында “Орталық су-спорт кешені” МКҚК сенімгерлік басқарудан мемлекет меншігіне қайтарылды.
2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен “Орталық су-спорт кешені” МКҚК сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген. Нысанның нарықтық құны 1 млрд 213 млн 700 мың теңгені құрады. Электронды сауда нәтижесінде жеңімпаз атанған “GRAND TRUST” ЖШС-мен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасалды. Келісімшартқа сәйкес, сенімгерлік басқарушы нысанға 500 млн теңге инвестиция салып, салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауға тиіс болған.
Алайда келісімшарт талаптары орындалмады. Басқарушы компанияның міндеттерін адал орындамауы салдарынан бүгінде ғимарат пайдалануға жарамсыз күйге түсті. Қабырғалары жарылған, кейбір еден жабындары опырылған. Алдын ала тексеру барысында кешеннің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні және оны пайдалану азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні анықталды.
“GRAND TRUST” ЖШС директоры Садықов Ақнұр Смаилұлының басшылығымен сенімгерлік басқарушы компания жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отырды. 2018-2024 жылдар аралығында ғимаратты ұстау және су спорты түрлері бойынша спортшыларды даярлау үшін 1 млрд 218 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Сонымен қатар, 2021-2024 жылдар аралығында мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру аясында Орталық су-спорт кешенінде жұмыс істеген “Су спорты түрлері орталығы” ЖШС жалпы сомасы 335 миллион теңге көлемінде қаражат алған.
Бұған қоса, компанияның бюджетке салықтық міндеттемелер бойынша 111 млн теңгеден астам қарызы және сот шешіміне сәйкес шамамен 179 млн теңге қарызы бар. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі “GRAND TRUST” ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару келісімшартын бұзу туралы талап арыз берді. Арыз Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотымен қанағаттандырылды. Айта кету керек, тексерулердің қорытындысы бойынша барлық материалдар жағдайды талдау және құқықтық бағалау үшін тиісті органдарға беріледі.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша биыл “Орталық су-спорт кешеніне” күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, мегаполис басшысы сенімгерлік басқаруға берілген барлық нысандарға жан-жақты тексеру жүргізуді және мүмкін бұзушылықтарды анықтауды тапсырды.
Қала басшысы алдағы уақытта мемлекеттік меншік нысандарына қатысты немқұрайлы қатынасты болдырмау үшін сенімгерлік басқару шарттарының сақталуын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Мұндай жағдайлар тек қалалық бюджетке зиян келтіріп қана қоймай, тұрғындардың сенімі мен қаланың беделіне нұқсан келтіреді.
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025
-
13.01.2025