13-07-20 |
630 рет қаралған
Дәрігерлерді көшеге тізіп қойған бас дәрігер мәлімдеме жасады.
Дәрігерлерді көшеге тізіп қойған бас дәрігер мәлімдеме жасады

фото: Болат Сағымбековтың фейсбук парақшасынан алынды

Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болат Сағымбеков әлеуметтік желіде қызу талқыланған видео жайлы түсініктеме беріп, арнайы мәлімдеме таратты. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Әлеуметтік желіде Президентіміз жариялаған жалпыұлттық аза тұту күні коронавирус құрбандарын еске алу бойынша біздің әріптестеріміздің көшедегі үнсіздік акциясы кеңінен таралып жатыр. Бұл іс-әрекетті сынға алып жатқан кейбір азаматтарымыз да бар.
Осы орайда Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансері ұжымының атынан ресми түрде мәлімдеймін: аталмыш шара Ұлттық медициналық ассоциациясының төрайымы Садықова Айжан Бегайдарқызының барша медицина қызметкерлеріне тастаған үндеуін қолдау мақсатында, сұм індетпен күресіп көз жұмған барша әріптестеріміздің рухына тағзым ету үшін жасаған біздің ортақ шешіміміз.
Аты жаман аурумен арпалысып ортамыздан кеткен қаншама маманнан, әріптес-достан, қызметтес-жолдастарымыздан айырылдық. Көз алдымыздан кетсе де, жүрегімізде қалды. Сондықтан да, Аза тұту күні олардың рухына тағзым етіп, еске алуды өзіміздің әріптестік парызымыз деп білеміз. Олардың әрбірі осындай құрметке лайық деп санаймыз. 
Өз кезегімде, бұл шараны ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктің де, орталық билік орындарының да ешқандай қатысы жоқ екендігін жеткіземін» делінген бас дәрігердің мәлімдемесінде.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, Болатхан Сағымбеков – медицина ғылымдарының кандидаты, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының 10 жылдығына орай» Қазақстан Республикасының Президентінің алғыс хаты, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі, 2008 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің Мақтау қағазы, 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің грамотасы, 2011 жылы «Медицина қызметкерлері» күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаты, 2015 жылы – «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.