26-11-21 |
600 рет қаралған
Қызылордада құрылысқа бөлінген қаржысы тоналған емхана үш жылдан бері бітпей тұр.
Қызылордада құрылысқа бөлінген қаржысы тоналған емхана үш жылдан бері бітпей тұр

Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғындары емхана іздеп 60 шақырымдағы аудан орталығына барып  жүр. Ауылда 3 жыл бұрын басталған ғимараттың құрылысы тоқтап, нысан құрлысына бөлінген қаражат жымқырылған. Ауыл тұрғындарымен Астана  арнасы кездесті.

Сексеуілде бұған дейін сырқаттарға қаралатын жер болмай, 3 жыл бұрын емхананың құрылыс жұмыстары басталып халықты бір қуантқан еді. Алайда басы басталған жұмыс әлі күнге дейін сол күйі бітпей тұр. Жұртшылық жоғарыдағыларға шағымданып шаршаған.

Бәрінен бұрын жүкті әйелдерге қиын. Босану үшін ауданға көлікпен баруға тура келеді. Тіпті жолда босанып қалғандар да бар. Көлік ішінде жағдай болмағандықтан, ана мен бала өміріне өте қауіпті”, – дейді тұрғын Ғабит Мырзашев.

Ауыл ақсақалдары әкімдік табалдырығын күнде тоздырса да, қонымды жауап берер жанның жоқ екендігін айтады. Ал ауылдағы емхана есебінде тұрған бұрынғы ғимараттың жағдайы болса қирауға жақын. Тұрғындар лас, көне ғимаратқа жаңбыр жауса су ағады, одан қалса шұрық-тесіктерінен бәрі көрінетіндігін айтады. Талай жиналыста да осы мәселе бойынша шағымданғандарын  жасырмады.

“Құрылысқа жауапты компанияның мердігері тапсырылған жұмысты аяқтамағаны үшін сотқа берілген. Енді қайта қаржыландыру арқылы құрылыс жұмыстары келесі жылы жалғасады”, – деп жауап берді ауыл әкімі Сәкен Төрешов

40 төсек-орындық аурухананың салынуына осыған дейін миллиондаған ақша бөлінген. Алайда соңына жетпеген істің жалғасы тек келесі жылы жасалынады. Бірақ арман болған емхана халық игілігіне қашан берілетіні белгісіз

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.