27-05-21 |
770 рет қаралған
Сапарбаев ауданға алақан жайды.
Сапарбаев ауданға алақан жайды

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Әулиеатада «Таразға тарту» жобасы іске асып жатыр. Аталған жоба аясында аудан әкімдігі мен басқарма басшылығы Тараз қаласына «сыйлық» жасауы керек. Бір қарағанда бұл тәп-тәуір бастама секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда тап осы жоба жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол ашып жүрмей ме?

Бір қарағанда жергіліктің биліктің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Таразға тарту» жобасын іске асыруы құптарлық дүние. Алайда ауданға қарасты ауылдардың сиқы қашып тұрғанда қаланы сәндей берудің қаншалықты қажеті бар? Әрі беріден соң бұл бастама аудандағы сан мың мәселені жиып қойып, «Менікі жүре тұрсын, сенікі тұра тұрсын» деген пиғылды аңғартады. Әйтпесе ауыл тұрғындары қаладағыдай жайлы демалыс орнында демалғысы келмейді дейсіз бе, келеді. Бірақ та Сапарбаевтың солақай саясатының кесірінен ауыл адамдарының аузынан жырып Таразды сәндей беру маңызды болып тұр.

Жалпы әкімдердің облыс орталығын сылап-сыйпап, ауыл-аймаққа мән бермей жататыны жасырын емес. Тіпті бұл сын мақтаулы деген Асқар Мырзахметовке де қатысты айтылып жатады. Мәселен «Асқар Исабекұлы аймаққа қарасты ауылдарға мән бермей, облыс орталығын ғана сәндеп іскер әкім атанды» деген сынның жаны бар. Өйткені облысқа сапарлап келген адам ең бірінші қаланың өсіп өркендеуіне мән беріп, әкімді мақтап кетеді. Сондықтан да іскер әкім болудың ең оңай жолын біздегі көп әкім жақсы меңгеріп алған. Ал пиарға көп мән беретін Бердібек Сапарбаев мұндай мүмкіндікті қайдан құр жіберсін.

Жуырда облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қалада «Денсаулық» аллеясын ашты. Ал енді осы демалыс орнын басқарма басшысы Әсет Қалиев қандай қаржыға салып берді?

Өйткені аталған басқарманың қаланы абаттандыруға бөлінген арнайы бюджеті жоқ. Сонда Әсет Әскерұлы қаржыны қайдан тапты? Әрине демеушілердің қаржысына. Қазіргі кезде билік шығыны көп жобаларды «Демеушілердің ақшасына салынды» деп ақталатын әдет тауып алды. Құдды бір кәсіпкердің ақшасы жаудың ақшасы секілді.

Біздің ойымызша, басқарма басшысы өзіне қарасты аурухана мен емхананың Бас дәрігеріне «Таразға тарту» жобасына ақша тауып бер» деп тапсырма береді. Бас дәрігер қол астындағы қызметкерлерге, ал қызметкерлер науқастардан ақша сұрауға мәжбүр болады. Осының салдарынан науқасты ақша берген және бермеген деп алалау басталады. Сондай-ақ дәріхана иелеріне «салық» салынуы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда басқарма басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасын өлсе де, тірілсе де орындауға тырсады. Егер орындамаса нашар басшы атанып, қызметтен қуылуы мүмкін.

Айтпақшы Тараз қаласы әкімдігінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Денсаулық» аллеясы ашылды деген ақпарат жарияланған еді. Бір қызығы аталған ақпаратты әрі бері іздеп таппадық. Бірақ әкімдіктің ресми парақшасында «Қарасу» каналының 2 шақырымында «Денсаулық» аллеясы салынады» деген мына суретті тауып алдық. Әйтпесе аталған аллея әлдеқашан ашылып қойған.


Сондай-ақ «Таразға тарту» жобасы бойынша Мойынқұм ауданы қаладағы Сейфуллин көшесінің бойына демалыс орнын ашады деп жоспарланып отыр. Облыс орталығы тұрмақ, жалпы өркениеттен алыс жатқан ауданның халқы мұндай кереметті түсінде де көрмеген шығар. Жанға жайлы орындық пен жаттығу алаңшасын аудан әкімі Мәден Мұсаев ауыл халқынан жырып, Таразға тарту етті де жіберді. Тарту етпесе аудан әкімі болып бір күн де тұра алмайтынын Мәден Тоқтарбайұлы білсе керек.


Жалпы аудан әкімдігінің облыс орталығын сән-салтанатқа кенелтуі заңсыз екенін ескерсек, мұнда да жемқорлықтың исі шығады.

Біздің ойымызша аудан әкімі басқарма басшысы секілді өзіне бағынышты кәсіпкерлерді «бопсалайды». «Бизнесіңе көмек беремін» немесе тыңдамай жатса «Ісім сенімен болады» деп қысым көрсетуі мүмкін. Жергілікті биліктің айтқанын орындамаса жағдайы қиындайтынын сезген кәсіпкер «Жомарт жүрек» болуға мәжбүр болады.
Осындай қиындық көрген кәсіпкер не істейді? Әрине өзі өндіріп отырған тауардың бағасын қымбаттады. Міне осы кезде «Баға қайда барады?» деп аң-таң боламыз. Өйткені жергілікті билік кәсіпкерге «Тауарыңды қымбатқа сатпа» деп талап ете алмайды.
Осы шырғалаңның бәрі не үшін, дұрысы кім үшін істеліп отыр? Ержан Жылқыбаевты іскер әкім ету үшін. Ержан Жұматұлы іскер әкім болса не болады? Бердібек Сапарбаев Жылқыбаевтың жұмысын тез арада көзге түсу үшін «Таразға тарту» жобасын ойлап тапты. Тіпті облыс әкімі Тараздың бұрынғы әкімі Айтқазы Қарабалаевтың қыр соңынан қалмай жүріп, қызметтен алып тастады. Мұның екі бірдей себебі бар.

Біріншіден Қараблаев Сапарбаевтың сүйікті кадры Жылқыбаевтың жағасынан алып, ұрып жібере жаздаған болатын. Айтқазы Дәулетқұлұлының бұл әрекетін облыс басшысы кешіре алмады. Екіншіден Ержан Жылқыбаевты Тараз қаласының әкімі ету арқылы оның «іскер әкім» деген атын қалыптастыру қажет. Әні-міне зейнет жасына кетуі тиіс әкім өз орнына Ержан Жұматұлын қалдырып кетуді көздейді деген әңгіме бар. Сондықтан да Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларын жемқорлыққа итермелеуде.

«Таразға тарту» жобасы Астананың 10-15 және 20 жылдығына тарту жасаған облыстардың сыйлығын еске түсіреді. Тіпті күні кеше құрылған Түркістан облысына еліміздің әр өңірі бір-бір нысан салып берді. Бұл әрине құптарлық дүние. Алайда осы бір жобаны онсызда қалт-құлт етіп отырған ауыл-аймаққа падалануға Бердібек Сапарбаевтың ғана ақылы жететін шығар. Ұзын сөздің қысқасы атауы әдемі жоба тоқтатылуы керек. Өйткені «Таразға тарту» жобасының іске асыруы жемқорлыққа жол ашады.

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.