14-10-20 |
500 рет қаралған
«Біз ешқашан өз жерімізден бас тартпаймыз».
«Біз ешқашан өз жерімізден бас тартпаймыз»

Еуразиялық Кәсіпкерлер Одағының бас хатшысы, сарапшы, cаясаттанушы Эльшад Абдуллаев мырзадан сұхбат алған едік.

– Қайырлы күн Эльшад мырза. Қазір ұрыс қимылдары жүріп жатыр. Түркі жұрты алаңдап, бақылап отырмыз. Әзірбайжан қарулы күштері қандай жетістікке жетті? Қанша ауыл-аймақ азат етілді?

Қайырлы күн. Әзірбайжан әскері 2020 жылдың 27 қыркүйек – 9 қазан аралығында армян оккупациясынан республикамыздың келесі аймақтарын азат етті: Кельбаджар ауданында Муровдаг тау жотасы мен биіктігін, Тертер ауданында Талыш биіктігін, Суговушан (Мадагиз), Талыш, Чайлы ауылдарын, Джабраиль ауданында аудан орталығы саналатын Джабраиль қаласын, Ашагы Маралйан, Бююк Мерджанлы, Дашкесан, Деджан, Джаракан, Джафарабад, Кархулу, Куйчак, Махмудлу, Мехдили, Нюзгар, Папы, Хоровлу, Чахырлы, Шейбей, Шукюрбейли, Юхары Маралйан, Гараджалы, Гышлаг, Сулейманлы, Сур, Эфендилер ауылдарын, ал Физули ауданында Ашагы Сейитахметли, Гервенд, Караханбейли, Кенд Горадиз, Юхары Абдуррахманлы, Юхары Гюзлек, Горазилли ауылдарын, Ходжавенд ауданында Гадрут ауылын азат етті.

Армян тарапы өздерінің шығынын 350 адам деп көрсетуде. Оның қисынға сай еместігін көріп отырмыз. Қазіргі уақытта қарсыластың шығыны қаншалықты?

– Әзірбайжанның мәліметі бойынша әскери операцияның тек қана алғашқы күндерінің өзінде қарсылас 2300 сарбазы мен офицерінен айырылған. Әзірбайжан әскерінің алға жылжуына қарамастан соңғы күндері бұл ақпарат билік тарапынан жаңартылған жоқ. Армян тарапы жариялап отырған көрсеткішті жоққа шығару қиын емес. Өйткені қаза тапқандар саны бар-жоғы 350 әскери болса,  онда армян әскері осындай үлкен аймақтан айырылмас еді, екінші әскери қорғаныс шебіне, ал кей тұста тіпті үшінші әскери қорғаныс шебіне дейін шегінбес еді. Армяндар «қаза тапқан әзірбайжандар саны бірнеше есе көп, себебі шабуыл жасаушы тараптың шығыны қорғаныстағылардан 3-4 есе көп болады» деген классикалық жауаппен сендірмек. Бірақ ол тек бетпе-бет шайқаста ғана болатын жағдай. Ал қазіргі жағдайда Әзірбайжан жау әскеріне, казармалар мен әскери техникаларға тура соққы беріп, тамаша операцияның үлгісін көрсетуде.  Сондықтан да алға жылжушы Әзірбайжан сарбаздарының алдында кей тұста жаудың тірі бірде бір сарбазы жоқ, ал кей тұста тұтқынға берілуде. Тағы бір айтарым армяндар өздері байқамастан өздерінің орасан шығынынан хабар беруде. Жақында ғана олар ауыздары көпіре, кеуделерін мақтаныш керней Армениядағы әр отбасынан кемі бір адам Қарабақта соғысып жатқанын айтқан еді. Егер Әзірбайжан әскерінің жағдай соншалықты мүшкіл болып, өздерінің шығыны 350 адамды ғана құраса, онда осындай кішкентай аймаққа соншалықты үлкен мобилизацияның не керегі бар деген сауал туындайды. 

-Қалай ойлайсыз, әскери қимылдар қашан тоқтауы мүмкін?

Бұл сұраққа мен де, көпшілік те нақты жауапты білмейді. Алайда әскери қимылдар мен әскери операцияның беталысына қарап болжам жасауға болады. Менің ойымша алғашқы қатты аяз түскенге дейін, яғни қарашаның ортасы. Бұл армяндар берілмеген жағдайда. Бірақ олар бейбітшілік талаптарын қабыл алып, келісім болса, онда қазан айының соңында бітуі мүмкін. Қазір Әзірбайжан әскерінің екі нақты міндеті бар: біріншісі, барлық азат етілген аймаққа орнығып алу және оны кері бермеу, ал екіншісі, тура соққымен Армениядан Қарабаққа келіп жатқан жаңа күштер мен армян қорғанысын жою. Осы негізгі міндет. Жақын арада біз тағы да Әзірбайжан азат еткен жаңа биіктіктер жайлы естиміз деген ойдамын.

Халық өзін осындай әскери кезеңде қалай сезінуде?

– Қысқа жауап берейін. Мен 49 жастамын. Мен осы уақытқа дейін дәл қазіргідей халықтың отаншылдық, психологиялық, моральдық көңіл күйінің жоғары болғанын көрмеппін. Біз кез келген халық үшін маңызды саналатын шешімді қабылдадық:  біз өз жерімізден ешқашан бас тартпаймыз.

Экономика ұзаққа созылған соғысты көтере ала ма?

-«Ұзаққа созылған соғыс» дегеніңіздің астарында не жатқанына байланысты. Егер бұл қарсыластың жүйкесімен ойнап, кішігірім қақтығыстар жасап, жаудан өзіміздің аймақтарымызды ақырындап, аздап қайтару болса, онда сөзсіз Арменияға қарағанда үлкен ресурсқа ие Әзірбайжан үшін ондай соғыс қанша уақытқа созылса да бәрібір. Ал егер әңгіме күнделікті қиян-кескі шайқастар мен оқ-дәріні көп көлемде қажет ететін cоғыс жайында болса, онда Әзірбайжан минимум алты айға шыдайды. Ал Армения сырттан көмек келмесе, онда максимум ондай жағдайда екі аптадан аспайды.  Мен бұл жерде Әзірбайжанның соғыс жүргізу потенциалы жайлы айтып отырмын. Әзірбайжанның алты айы жайлы айтқан сәтте, әңгіменің Қарабақ соғысы жайлы еместігін ұмытпау керек. Өйткені қиян-кескі ұрыс жағдайында соғыс бір ай уақыттан асатындай Қарабақтың аумағы айтарлықтай үлкен емес. Сондықтан егер Армениядан Қарабаққа келетін дәлізді жауып тастаса, онда барлығы екі аптаның ішінде шешіледі. Қазіргі сәтте біздің экономикамыз тіпті соғысты сезген де жоқ, ал Арменияда қазірдің өзінде фронтқа жіберетін азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек жетіспеуі байқалуда.

Сұхбатыңызға рахмет.  

Сұхбаттасқан Асхат Қасенғали

 

 

 

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.