12-11-20 |
530 рет қаралған
«Байқоңырдағы қазақты Ресейге жалға берген жоқпыз!».
«Байқоңырдағы қазақты Ресейге жалға берген жоқпыз!»

«Біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой». Бұл – сенатор Мұрат Бақтиярұлының Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласында тұратын қазақтың тағдырына алаңдап, ондағы балабақша мен мектептердің оқу жүйесіне қатысты үкіметке жолдаған сауалында айтқан сөзі.

Байқоңыр қаласында 77 мыңнан аса халық тұратын болса, оның 70%-ы қазақстандықтар болып саналады. Депутат келтірген деректер бойынша, қаладағы отандастарымыздың өз жері мен елінде отандық талапқа сай білім алуы дұрыс ұйымдастырылмай отыр.
Сенатор өз сауалында бірнеше деректерді алға тартты. Мысалы, қазақ тілінде білім беретін Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бүгінгі күні 5 236 бала білім алады, ал Ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады, оның 1 508-і, яғни 37%-ы Қазақстан азаматтарының балалары.
Байқоңырда қазір Ресей Федерациясына қарасты 7 мектеп бар. Депутат олардың сыйымдылығы толық қамтылмаған дейді. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, қала тұрғындарымен кездесу барысында орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, осы 7 мектептің бірін мемлекет меншігіне өткізуді сұрап отыр екен.
«Бұл жағдай, ресейлік мектепте оқитын балалардың мектеп бітіргеннен соң ҰБТ-ға қатысуына және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуіне көп кедергі келтіруде. Себебі емтиханның міндетті пәндері  – Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті ол мектептерде оқытылмайды», – деді сенатор.
Одан бөлек, Байқоңырдың орталық аудандарында Ресей Федерациясының меншігіндегі, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақша бар. Депутат халықтың бірнеше балабақшаны мемлекеттік юрисдикцияға өткізу талабы орынды деп санайды.
«Олар Қазақстан аумағында туып-өскенімен, өз жерінде тұрып, менің Отаным – Россия, менің астанам – Москва деп, Россияның арғы-бергі тарихын, тілі мен әдебиетін оқып, әрине ресейлік патриотизм рухында тәрбиеленеді. Айта өтуіміз керек, біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой», – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатор Үкімет басшысынан Байқоңыр қаласы тұрғындарының білім беру саласына қатысты осы түйткілді мәселесін басты назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
фото: qazir.kz
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.