08-06-19 |
1220 рет қаралған
Cайрагүл Сауытбай: Біз Қазақстаннан үмітімізді үзбеген едік (видео).
Cайрагүл Сауытбай: Біз Қазақстаннан үмітімізді үзбеген едік (видео)

Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай өз отбасымен Швецияға көшкені мәлім. Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған оны Швеция қабылдауға келіскен. Сайрагүл Сауытбайдың Азаттыққа айтуынша, оның ендігі мақсаты –  Швеция азаматтығын алу.

«Осы күнге дейін біз Қазақстаннан үмітімізді үзбеген болатынбыз. Ендігі мақсатымыз – Швеция елінің азаматтығын алып, Қытайдың қаупінен толық арылып, балаларымды жақсы оқытып, келешекте өз отанына барып, халқы үшін қызмет етуге тәрбиелеу. Швеция мемлекеті бізді өте жылы қабылдады. Бұл жерде заң кемелденген, жұмыстар жақсы атқарылады екен. Біздің барлық жағдайымызды толығымен жасап берді» депті С.Сауытбай.

2018 жылы Алматы облысы Панфилов аудандық соты тамыз айында «Қытайдан Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты айға бас бостандығынан айыруға үкім етіп, бірақ жазасын «жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға алмастырған. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған.

Сотқа қатысқан Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортациялауды талап еткен.

Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін беруді сұраған арызын қараған Алматы облыстық полиция департаментінің жанынан құрылған «босқын мәртебесін беру» жөніндегі комиссия оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан еді. Кейін Сайрагүл аталған комиссияның шешімін заңсыз деп тану туралы талап арыз берді. Талап арыз бойынша сот әлі жалғасып жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.