15-01-20 |
310 рет қаралған
HRW: Қазақстанда билік ауысқанымен ештеңе өзгерген жоқ.
HRW: Қазақстанда билік ауысқанымен ештеңе өзгерген жоқ

Human Rights Watch халықаралық ұйымы 2019 жылды қортындылаған есебін жариялады. 2019 жылы Қазақстандағы жағдайларға сараптама жасаған ұйым өткен жылы елде биліктің ауысуы елдегі адам құқығы жағдайын аса жақсартқан жоқ деп бағалаған.

«19 наурызда мемлекетті 30 жыл басқарған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін мәлімдеп, ізбасары ретінде сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындады. Маусым айында Тоқаев бірқатар заң бұзушылықтар болған кезектен тыс президент сайлауында билеуші партия атынан сайлауға түсіп, жеңіске жетті. Жаппай өтіп жатқан бейбіт наразылық шараларына билік қамауға алумен жауап қайтарды. Құқыққорғаушы Макс Бокаев темір тордың ар жағында әділетсіз отырды, нақты немесе болжамды оппозиционерлердің ізіне түсу күшейе түсті. Тәуелсіз кәсіподақтар мәселесі сол күйі шешілмеді, 2014 жыжы әсіподақ заңын үкімет  сол күйі өзгерткен жоқ», -деп жазады HRW сарапшылары.

Халықаралық ұйым сайлаудан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «тиісті заңды реформалай отырып, бейбіт жиын өткізуге шектеуді жеңілдетеміз» деп айтқанмен, осы шолуды дайындау кезінде ешқандай түзетулер әлі енгізілген жоқ деп жазыпты.

Сондай-ақ есепте «Оян, Қазақсатан!» қозғалысының құрылғанын, оларға қысым жасалғанын және Шыңжаңдағы қазақар  мен ұйғырлар мәселесін көтерген Серікжан Біләштің мәселесі жазылыпты. Одан бөлек «Қазатомпром» кәсіпорнының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті сот мерзімінен бұрын босатудан бас тартқаны да айтылған.

«Әділ сөз» медиаманиторинг тобының деректеріне сүйенген Human Rights Watch сарапшылары Қазақстанда журналистердің ұсталуы, қамауға алынуы, сотқа тартылуы мен бостандығының шектелуіне қатысты 54 жағдай тіркелгенін хабарлайды.

«Қаңтар айында парламент діни сенім бостандығы туралы заңға енгізілген өзгерістерді кері қайтарып алды, аталған заңды қабылдаған жағдайда діни оқуға, прозелитизмге және жарияланымдарға қатысты шектеулер мен санкциялар анағұрлым қатая түсер еді» деген HRW.

Ал еңбек құқығына қатысты жағдайды «2019 жылы Үкімет тәуелсіз кәсіподақтар үшін ұйым құқығын қалпына келтіру бойынша нақты ешқандай қадам жасамады» деп бағалайды.

Отбасындағы зорлық-зомбылық Қазақсатанда кеңінен тараған деп есептеген халықаралық ұйым елде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты әлі де арнайы Қылмыстық бап жоқ екенін атап өткен. 

«Зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша қолда бар қызметтер жеткіліксіз және халықаралық стандарттарға жауап бермейді. Полиция әдетте мұндай фактілер бойынша өтініштерді тіркемейді, отбасындағы зорлық-зомбылықты дұрыс қабылдап, зардап шеккендерді қорғау нұсқамасын алу мүмкіндігі туралы хабардар етпейді. Қазан айында тиісті конвенцияның орындалуы туралы Қазақстанның бесінші мерзімді баяндамасын қарау қорытындысы бойынша әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитет отбасындағы физикалық зорлық-зомбылықты қылмыстық сипаттан арылтуға байланысты алаңдаушылық білдірді және Қазақстанды «тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыстық іс ретінде бөліп көрсетуге» шақырды», – делінген ұйым есебінде.

Халықаралық ұйым Қазақстанның мүгедектерге қарым-қатынасын да сынға алып, Үкімет тарапынан берілген уәделерге қарамастан, инклюзивті білім беруді енгізу бұрынғысынша баяу жылжыды деп жазады.

«Мүгедек балаларды жалпы білім беретін мектептерге есепке алудың көрсеткіші өте төмен. Мектеп әкімшілігі мұндай баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияда проблемалық міндетті тексерудің қорытындысына сілтеме жасай отырып, жиі қабылдаудан бас тартады. Көптеген мектептерде мүгедектігі бар балаларға дұрыс бейімдеу мен қолдау жоқ. Мүгедектігі бар көптеген балалар арнайы (бейімдеу) мектептерде оқшауланған немесе үйде оқиды. 2 мыңнан астам мүгедектігі бар балалар зорлық-зомбылыққа, механикалық фиксацияға және артық дәрі-дәрмек әсеріне ұшырап, қамқорлықтың болмауынан зардап шегуі мүмкін интернат үлгісіндегі жабық мемлекеттік мекемелерде тұрады. Үкіметте мұндай мекемелерді таратудың жоспар-кестесі жоқ», -депті Human Rights Watch сарапшылары.

Есеп соңында халықаралық ұйым сарапшылар халықаралық мәлімдемелерді мысалға келтірген. 

«Наурыз айында Еуропарламент Қазақстанға пікір білдіру бостандығына, жиналу бостандығына және дін бостандығы құқығын қоса алғанда, адам құқықтарының жаппай бұзылуын тоқтатуға және әділетсіз бас бостандығынан айырылған белсенділерді, соның ішінде Макс Бокаевты босатуға шақырумен қарар қабылдады. Мамыр сапарының барысында ЕО кеңесінің төрағасы Дональд Туск Қасым-Жомарт Тоқаевпен құқық үстемдігі мен бостандықтардың негізі реформалары туралы мәселені талқылағанын мәлімдеді.

ЕҚЫҰ президенттік сайлаудағы заң бұзушылықтар туралы мониторинг миссиясын жасағаннан кейін АҚШ Қазақстанды адам құқықтарын құрметтеуге және «сайлауға байланысты бейбіт наразылықтарға қатысқаны үшін ұсталған барлық адамдарды дереу босатуға» шақырды. Дауыс беру кезінде тіркелген кемшіліктерді жою туралы еуроодақтың да осындай үндеуі болды. Брюссельде Қазақстан үкіметін кәсіподақтар туралы заңды реформалауда прогресстің жоқтығы үшін сынға алып, кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім «ХЕҰ негіз қалаушы конвенцияларын тиімді имплементациялауды көздейді» деп жазған.

ЕО мен Қазақстан адам құқықтары жөніндегі екі жақты диалог барысында еуропалық тарап пікір білдіру еркіндігін басу үшін ҚК 174-бабын (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру) қолдануға байланысты  алаңдаушылық білдірді, сондай-ақ Қазақстанға бейбіт жиналыстар бостандығын іске асыру үшін жағдай жасауды және қолданыстағы кәсіподақ заңнамасын қайта қарауды ұсынды», -деп былтырғы жылғы Қазақстан туралы есебін қортындылайды Human Rights Watch.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.