21-07-23 |
480 рет қаралған
Конституциялық өзгерістер өз нәтижесін беру үшін уақыт керек.
Конституциялық өзгерістер өз нәтижесін беру үшін уақыт керек

Еліміздің саяси өмірінде тың өзгерістерге серпін беріліп, жаңа батыл қадамдар жасалған жалпыхалықтық референдумның қабылданғанына бір жылдан асты. Содан бергі уақытта атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Әйтсе де мұндағы Конституциялық өзгерістердің өз нәтижесін беруі үшін әлі де болса уақыт керек. Сондықтан да тарих үшін қас-қағым сәт саналатын осы бір жылға баға бергенде, тек алғашқы іргелі ілгерілеушіліктерді ғана атап өтуге болады.

Мәселен, елеулі өзгерістердің бірі – бұрынғы Конституциялық кеңес деген органның қазір Конституциялық сот деп аталатыны. Оның құзыреті едәуір кеңейтілді, әрі ең бастысы енді кез келген азамат өзінің құқықтары бұзылғанда конститутциялық сотқа жүгіне алады. Бұл жердегі бір мәселе, азаматтардың Конституциялық сотқа қандай жағдайларда және не мәселемен жүгінетінін түсінбеуінде. Айталық, бүгінгі таңда Конститутциялық сотқа бес жарым айдың ішінде 3 мыңға жуық талаптар, хаттар, өтініштер келіп түсті. Олардың басым бөлігі конститутциялық соттың құзыретіне мүлдем кірмейтін сұрақтар бойынша болды. Мысалы, мынандай сот менің баламды заңсыз соттап, мынандай жылға бас бостандығынан айырды, ол мүлдем кінәлі емес, қайта қарауды сұраймын деген сияқты шағымдар контитутциялық сотқа өте көп келіп жатыр. Конституциялық сот біздің мемлекеттің сот жүйесінің құрамына кірмейді, халық соны түсінсе жақсы болатын еді. Ол кез келген соттың шығарған шешімін, үкімін, заңды ма заңсыз ба тексере алмайды. Ендеше, «қарапайым адам Конституциялық сотқа қандай себеппен жүгіне алады?» деген сұраққа келелік. Мысалы, бір сот бір азаматқа немесе отбасыға қатысты бір азаматтық істі қарастырып жатыр делік. Көпбалалы отбасы мемлекеттің қорынан жалға пәтер алып, заң бойынша сонда тұрып жатыр. Бір уақытта үлкен баласы үйленіп, бөлек шығады. Осы кезде жергілікті әкімшілік: «Сіздердің отбасыларыңыздың бір мүшесі өзінің баспана жағдайын жақсартты, бөлек пәтер сатып алып шықты. Енді сіздер отбасыларыңызбен сол үйге кетіп, мына мемлекеттің пәтерін босатуларыңыз керек» дейді. Неге сот ондай шешім шығарады? Себебі тұрғынүй қатынастары туралы заңда сондай норма бар екен. Судья осы істі қарау барысында, осы тұрғынүй қатынастары туралы заңның нақты бабының нормасы Конституция сәйкес еместігін анықтап, көзі жетіп, Конституциялық сотқа сондай ұсыныспен жүгінген. Міне осындай жағдай болып қалса, тек сол дауды қарастырып жатқан сот қана емес, қарапайым азаматтың өзі де тікелей Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы.

Ал енді қандай өзгерістер әлі жүзеге асырылмады немесе қай өзгерістер түрлі себептермен таяу арада әлі де болса жүзеге асырыла қоймауы мүмкін деген сұраққа жауап іздер болсақ, бірінші кезекте Конституцияға енгізілген жер қойнауы, ормандар, сулар, жердің өзі де – бәрі халыққа тиесілі деген норма ойға оралады. Әрине, бүгінде көптеген өзгерістерді жүзеге асыру бойынша мемлекет тарапынан әрекеттер жасалып жатыр. Бірақ біздің егемендік алғаннан бергі уақытта бірталай кереңсіз жағдайлар анықталып жатыр. Мысалы, 90-шы жылдары бізге шетел инвесторлары келіп жер қойнауын пайдалану туралы шарттар жасасқанда, бүкіл дүниежүзіндегі халықаралық тәжірибеде жүздеген жылдар бойы қолданатын инвесторлар мемлекетке міндетті түрде төйлейтін бонус және роялти деген екі міндетті төлем енгізілмей қалған. Яғни шетел инвесторлары табыстың бәрін қалталарына салып, мемлекетке осы міндетті төлемдерді төлемеген екен. Мұны мемлекет кейін ғана анықтап отыр. Осы ретте мәселе көтеріп, «неге олай болған, баяғы құжаттарды қайта қарастырыңдар» деп басшылар тапсырма берген кезде, шетел инвесторлары да осал емес, тез арада халықаралық нормаларды қалқан етіп, «Қазақстан шетел инвесторларының құқықтарын бұзып жатыр» деп халықаралық деңгейде үлкен дау көтерген. Сол себеп мұндағы жұмыстар енді басталды. Қазақстан өзінің мүддесін қорғап шығуы тиіс.

Енді қарапайым халыққа қатысты айтар болсақ, жер қойнауы, орман-көл, тау-даласы халыққа тиесілі деген норма, ол – дәлме дәл, сөзбе сөз түсіну керек деген сөз емес. Біздің кең байтақ жеріміз бар, оны әрбіреуімізге бес-бес шаршы метрден немесе 50 шаршы метрден заттай бөлініп береді, қолымызға ұстатады деген мүлдем дұрыс емес. Сонда халық өзінің сондай табиғи байлықтарға ие екенін қалай жүзеге асыру керек? Ол сол салаларда қызмет ететін кәсіпорындардың тапқан таза пайдасынан бір бөлігін ақшалай түрде алып отыру екенін білдіреді. Дамыған елдерде солай. Мысалы БАӘ, Сауд Арабиясында солай. Ол жерлерге шетелдік инвесторлар келеді, мұнайды барлайды, өндіреді, өңдейді – бірақ жергілікті халық ылғи өзідерінің тиісті төлемдерін алып отырады. Бізде бұл өте үлкен мәселе болып тұр. Сол себепті осы өзгерістің шын мәнінде жүзеге асырылуына осындай 30 жыл бұрын болған нақты осы бір әрекеттер кесірін тигізіп тұр. Сондықтан оны таяу уақытта нақты жүзеге асады деп айтуға болмайды, әрі жүзеге асуы үшін біраз уақыт керек.

Тағы бір өзгерісті атап кетсем, ол – депутаттардың құрамын қалыптастыру әдісі. Бұрын тек партиялардан депутаттар тағайындалатын, яки солар үшін дауыс беретінбіз. Осы өткен сайлауда депутаттардың құрамының 70 пайызы саяси партиялардан ұсынылса, 30 пайызы өздерін ұсынып, яғни мажоритарлық әдіспен депутаттыққа өтті. Менің ойымша оны қолдау керек, ол – дұрыс. Мұндай мажоритарлық әдісті одан сайын ұлғайту керек. Ол халыққа түсінікті, адал көрінеді. Тағы бір позитивті тұсы – осындай мажоритарлы әдіспен өздерін өздері ұсынып депутаттықа өткен соң, егер де ол өзінің бағдарламасында берілген уәделерін, жоспарларын жүзеге асырмаса, белсенділік танытпаса, депутаттық қызметінде бұрығылардай көп үндемей отыратын болса, онда мандатынан айырылуы мүмкін. Қазір жергілікті мәслихат депутаттарының бестен бір бөлігі егер мынандай депутаттың құзыретін шектеу керек десе, онда ол шын мәнінде депутаттықтан алынуы ықтимал.

Енді ықпалды парламент, белсенді парламент деген мақсатта енгізілген өзгерістер туралы айтар болсақ, оны шын мәнінде жүзеге асыру депутаттардың өздеріне байланысты болмақ. Егер де олар шын мәнінде сондай болса, онда парламентіміз ықпалды бола алады деген қортындыға келуге болады. Ал әзірге бұл белгісіз. Олар жұмысын жақында ғана бастады.

Сонымен, қорыта айтар болсақ, жалпы қабылданған елу алты бап бойынша өзгерістер нәтижесі он бағыт бойынша қалыптасты. Сол он бағыттың тоғызы толықтай жүзеге асырылды деп айтуға болады. Тек біреуі ғана – жер және оның қойнауы халықтың меншігіне тиесілі деген норманың нақты жүзеге асыру жолдары әлі қиындау болып тұр. Оның бірқатар себептерін айтып кеттік. Десе де, жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындардың табатын табыстарының бір бөлігін ел пайдасына жұмсау ақырын-ақырын жүзеге асырылып жатыр. Мысалы: балалар қоры деген бар – жер қойнауы саласында қызмет ететін кәсіпорындар табысының нақты заңмен берілген бір бөлігін балалар қорына аударып тұруға міндеттелген. Бұған дейін де мемлекет тарапынан осындай әрекеттер жасалды. Мәселен, «ҚазМұнайГаздың» құрамына кіретін кейбір компаниялар IPO арқылы акцияларын халыққа сата бастады. 2012-2013 жылдары сондай акцияға іліккен азаматтар, яки халықтың кішкентай бөлігі болса да тиісті дивиденттерін алып тұр деп ойлаймын. Одан кейін де мұндай шаралар жалғасып келеді. Ендеше, жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген норма сол әдіспен жүзеге асырылуы мүмкін. Оң тәжірбие бар. Әзірге осындай мүмкіндіктерді тоқтатпай пайдалана беруіміз керек.

Сара Идрышева,

М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ

Университетінің профессоры,

заң ғылымдарының докторы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.