Зиялы қауым Президент атына хат жолдады.
Бірқатар зиялы қауым қарқынды түрде дамып жатқан діни-радикалды бағыттарға қарсы. Мемлекеттің гүлденіп жатқан сәтінде қоғамға кез келген салафиттердің, гүленшілердің, сүлейменшілердің, құраниттердің, софылардың сондай-ақ өзге де діни секта өкілдерінің кіріп кетпеуін қадағалау керек дейді олар. Бүгінде қоғам дертіне айналған теріс діни ағымдар ислам діні атына кір келтіріп отырғанын баса айтып, ел ағалары Президенттің атына хат жолдады.
ҚР Президенті
Қ.Тоқаев мырзаға,
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.С.Әшімбаев мырзаға,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е.Ж.Қошанов мырзаға,
ҚР Бас прокуроры
Б.Асылов мырзаға
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
Е.А. Сағымбаев мырзаға
Ашық хат!
Елімізде діни-радикалдық бағыттар күш алып келеді. Соңғы кездері тіпті қарқынды түрде дамуда. Оған дәлел – ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық ерекшеліктерімізге айрықша шабуылдар жасалып жатқаны. Бұдан былай мемлекет тарапынан нақты шараларды қолға алмаса, мүлде кеш болатыны сөзсіз.
Оның үстіне Өзбекстан мен Қырғызстан салафиттік-уаһабиттік жат идеологияға тыйым салуды қолға алды. Өзбекстан тіпті заң шығарып үлгерді. Егер біздің елімізде де мемлекет нақты заң қабылдамаса, көрші елдердегі теріс діни ағым өкілдері Қазақстанға қарай ағылады. Сондықтан Мемлекет тарапынан заң қабылдау жөнінде шешім шыққаны көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.
Осы күндері туыстар, жастар, тіпті бір отбасы мүшелері дін мәселесімен бір-бірімен араздасып, бір дастарқан басына отыра алмайтын жағдайға жетті. Бұл ұлтты бөлшектеу салдары ұлттық қауіпсіздікке де орасан зор нұсқан келтірмек.
Мемлекеттік қызметтің кез келген түрінде салафиттердің, гүленшілердің, сүлейменшілердің, құраниттердің, софылардың сондай-ақ өзге де діни секта өкілдерінің кіріп кетпеуін билік қатал қадағалауы тиіс.
Теріс діни ағымдар ислам діні атына кір келтіріп отырғанын да баса айтуымыз керек.
Алда қайта қаралатын заң жобасына ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналистер, өнер адамдары, жалпы, қоғам белсенділері өзіңізге төмендегідей ұсыныстар жолдайды:
1. Қоғамдық орындарда ниқаб, паранжа (бетті толықтай бүркеп жауып) киіп жүруге тыйым салынсын;
2. Салафилік белгідегі мұртсыз сақал қоюшылар, қысқа балақтылар қатаң қадағалауға алынсын;
3. Мемлекеттік органдардың, сол мекемеге қарасты жартылай мемлекеттік ұйымдардың діни үгіт-насихатпен айналысуына тыйым салу қажет. Себебі қандай бағыттың нақты дұрыс екенін білместен-ақ әрбір мекеме өздерінше насихаттық жұмыстар жүргізеді. Бұл заңға қайшы. Көңілі таза, ниеті дұрыс жас толқын өздері де сонысын түсінбей арандатушы топтардың қармағына топырлап түсіп жатыр. Діни ағымдардың мүддесін көксейтін мемлекеттік қызметкерлер бар болса, олар қызметтен кетуі тиіс.
4. Әлеуметтік желідегі әртүрлі діни ағымдардың ұлттық идеологияға қауіп төндіретін үгіт-насихаттарына тоқтам жасаған жөн. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі теріс діни ағымдарға жасалған үгіт-насихаттар қатаң қадағалануы тиіс. Әлеуметтік желідегі уағыздар тексеруден өтуі қажет.
5. Әртүрлі діни ағымдарға сырт елдерден қолдау жасалып отыр. Олардың қаржы көздерін анықтап, шеттен қаржыландыру жолдарына тыйым салынуы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті батыл әрекет жасауын талап етеміз.
6. Соңғы 30 жылда ұлттық идеологияның орнын діни идеология басып, жастар өз тамырынан, өз тегінен, ұлттық болмысынан жеріп жатыр. Сол себепті ұлттық құндылықтарды дамытатын арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Соның аясында жүйелі, нақты жұмыстар жүргізілуі керек.
7. Елді дамытатын, көгертетін – дін емес, ғылым мен білім. Ғылым мен білімге жастарды тартудың, қызықтырудың әдіс-тәсілдері зерделеніп, ғылым мен білім саласын насихаттайтын жобалар жүйелі іске асуы тиіс.
8. Бүгінде идеология саласы бос қалғандықтан, оның орнын әртүрлі діни ағым жетекшілері, уағызшылар толтыруда. Блогерлер мен әншілер, уағызшылар жастар еліктейтін тұлғаларға айналып отыр. Соның орнын елді нақты дамытатын ғалымдар, тарихшы-этнографтар, кәсіпкерлер, жалпы, еңбек адамдары басуы тиіс. Осы бағытта жобалар арнайы іске асырылып, барлық БАҚ ұйымдасқан түрде жұмылдырылуы керек.
9. Елімізде жыл сайын мешіттер қарқынды түрде салынып жатыр. Кей жағдайда бұл құрылыс жұмыстарына мемлекеттік қолдаудың да бар екені сезіледі. Бұдан әрі мешіттердің орнына балабақшалар мен мектептер, университеттер (жатақханалар) салынуы керек. Балабақша жетіспейді, кезекте тұрғандардың саны есепсіз. Мектепте балалар 2-3 ауысымда оқиды. Университеттердің жатақхана мәселесі де өте өзекті. Студенттердің тек 1-курста оқитындары ғана жатақханада жатуға мүмкіндігі бар. Былтырғы жылғы есеп бойынша Алматы қаласында сол 1-курс студенттерінің небәрі 40 пайызы жатақханамен қамтылған. Ал мешіттер аптасына бір күн ғана, оның өзінде сол жұма күнінің түс мезгілінде ғана пайдаланылады. Ал ғылым мен білім алуы тиіс жастар пәтерақысын төлеу үшін оқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Толық білім алу үшін оларды толықтай жатақханамен қамтамасыз ету қажет. Кәсіпкерлерді осы бағыттағы құрылыс жұмыстарына ынталандырған жөн. Мемлекет тарапынан қолдау қажет.
10. Мемлекеттік мекемелерде (М.Тазабеков бір кезде құқық қорғау органдарымен кездесу өткізді), университеттерде, мектептерде (әсіресе, спорт мектептерінде) дін өкілдерімен кездесулер өткізуге тыйым салынуы қажет. Олардың орнына тарихшы-этнографтармен, ғалымдармен, еңбек адамдарымен кездесулерді көбейткен дұрыс. Атаулы мекемелерде діни рәсімдер, діни іс-шаралар өтуіне де тыйым салынуы керек. Аш құрсақ студенттерге жатақханада ауызашар жасап беріп, уағызшылар өз ағымының қақпанына оп-оңай түсіреді. Бүгінге дейін осы жағдай қалыптасып отыр.
Әр ауылда екі мешіттен. Екеуі де бос қаңырап тұрады. Тек жұма күні түсте біреуіне ғана кісілер жиналады. Ал сол ауылдарда мәдениет ошақтары жоқ. Жол нашар. Қауіпсіз бассейн жоқ. Жыл сайын жазда балалар суға ағып, өзендерге батып кетіп жатыр.
11. Talim tv, “Халық арна” сияқты телеарналар жабылып, оның орнына ғылым мен білім туралы телеарналар көптеп ашылуы қажет. Мемлекеттік ақпарат құралдарындағы (“Қазақстан”, “Қазақ радиосы” сияқты ) діни бағдарламалар жабылып, орнын ғылым туралы жобалар басуы керек. Бұл бағдарламалар қазірдің өзінде заңға қайшы жұмыс істеп тұр. Мемлекет дінге қаражат салмауы керек. Дін уағыздары тек мешіт пен медреседе ғана айтылуын жіті қадағалау қажет.
12. Мешіттерге садақадан, зекеттен түсетін қаражаттарға ашық жүйе арқылы бақылау орнатылуы қажет. Себебі елдің қаражаты қандай да бір террористік ұйымдарды, радикалдық топтарды қаржыландыруға жұмсалуы әбден мүмкін. Халықтың да мешітке беріп жатқан өз қаражаттарының қалай жұмсалып жатқанын көріп-біліп отыруға толықтай құқығы бар.
13. Спорт саласындағы салафиттерді анықтап, қатаң бақылауға алу керек. Спорттағы салафиттер дайындықтан өткен «халифат әскерлері» екенін жақсы түсінуіміз керек. Спорт саласындағы әсіредіншілдікті тоқтату үшін жас спортшыларға ұлттық құндылықтың дәнін егу керек және қоғамдық спорт түрін дамытып, ауылдарда спорт кешендерін көптеп салуды қолға алуымыз тиіс.
14. Түрмедегі салафизмнің дамуына тоқтау салынуы тиіс. Абақтыда тәрбие құралы ретінде ұлттық құндылықтар негізге алынғаны жөн. Түрмедегі салафиттік ағым өкілдері де дап-дайын «халифаат әскерлері» екенін бір сәт те естен шығармау керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған үлкен қауіп. Осы күні түрмедегі намазхандар абақтыға қамалған педофилдер мен қыз зорлаушыларды қорғауларына алып, қамқорлық жасайтындықтары да ашық айтыла бастады.
15. Әскерилер арасында да әсіредіншілдердің пайда болғаны жайлы ақпараттар тарап жүр. Полиция, кеден қызметкерлері, жалпы құқық қорғау саласы бойынша мамандардың, әскерилердің арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, қатаң тыйым салынып, қадағалау керек. Оның орнына, ұлттық тарих пен салт-дәстүрі, батырлар жырларын оқытып, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дамытуға көңіл бөлінуі тиіс.
16. Діни кітаптар қайта сүзгіден өтіп, зерттеліп, сарапталып қана ұсынылуы керек. Радикалдық идеялар тарап жүрген кез келген кітаптың кітап дүкендеріндегі сатылымы тоқтатылып, кітапханалардан да жойылуы керек.
17. Оң мен солын танымайтын, 18 жасқа толмаған жастардың мешітке баруына қатаң тыйым салынуы керек. Мектеп жасындағы балалар мектептегі білімді бірінші орынға қоюы керек. Тиісінше медреселерге шәкірттерді мектеп бағдарламасын оқып шыққаннан соң ғана қабылдайтын жаңа жүйе қажет. Себебі медреседе дінге баса назар аударылып, адамға қажетті жалпы білім дұрыс оқылмай қалады. Сондықтан, молдалар санаға сыймайтын, қисынсыз уағыздар айтады.
18. Имамдардың білім деңгейін әр кез көтеріп отыру қажет. Оларға отандық тарих, салт-дәстүр, фольклор және тағы басқа ұлттық құндылықтар туралы оқытылуы керек. Жаратылыстану ғылымдары бойынша да курстардан өтіп, сауаттылықтарын арттыру қажет. Өзбекстанда 1990-шы жылдары шетелден білім алуға тыйым салынған екен. Бізге де имамдардың шет елдерде діни білім алуына шектеу қойылуы керек.
19. Әйелдердің құқықтық мәртебесін көтеру. «Талақ» ұғымы бойынша әйелдердің әлеуметтік құқықтары тапталуда. Олардың тізімі жасалып, денсаулығы тексерелуі керек. Мемлекет ем-дом және психологиялық көмек көрсетуі қажет. «Талақ» айтып қыздарды тастап кететін ер-азаматтарға қолданылатын жаза күшейтілуі тиіс. Мешіттегі некелер тек мемлекет беретін неке куәлігі арқылы ғана қатаң жүргізілгені жөн. Талақ ету салдарынан зардап шеккен аналардың балаларына да қолдау жасалуы керек. Балаларына психологиялық көмек көрсеткен жөн.
20. Елімізде қалыптасып отырған діни ахуалдың жағдайы өте күрделі. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамындағы Дін істері комитетін бөліп алып, жеке-дара дербес Дін істері агенттігін құру күн тәртібінде тұр. Бүгінде Дін істері комитетіндегі қызметкерлердің зайырлы ұстанымдарына күмәнмен қараушылар да кездеседі. Дін істері агенттігінде білікті әрі мінезді басшы және заңға сай зайырлық ұстанымды ту ететін мамандар қызмет етуі тиіс. Ол жерде қандай да бір ағымдар мүшелерінің кіріп кетіп, өз мүдделерін жүзеге асыруына мүмкіндік берілмеуі тиіс. Осы жерде зерттеулер, сараптамалар, жобалар әзірленіп, оқыту жұмыстары жүргізілуі керек. Әлбетте, мұндағы мамандар жоғары деңгейдегі дайындықтан өткізіліп, үнемі сұрыпталып, аймақтағы әкімдіктерге басқарма басшылығына ұсынылып отыруы тиіс.
21. Бүгінде елімізде жекеменшік діни балабақшалар саны артып отыр. Жасырын діни тәлім-тәрбие береді. Балаларға арналған діни қайырымдылық мекемелері де көп. Әлеуметтік жағдайы қиын ата-аналардың барлығы дерлік осындай қайырымдылық мекемелерге балаларын береді. Бұл мекемелер түркиялық діни ағымдар тарапынан қаржыландырылады. Радикалдық ағымдар жетімдер үйін де ашып, балаларды дін арқылы тәрбиелеуді жүйелі қолға алғалы да ондаған жыл болды. Қаңтар оқиғасында қарақшылық жасаған да, әскермен қақтығысқа түскен де солар болуы мүмкін.
22. Осы күндері уағызшылар тарапынан қазақтың домбыра сияқты аспаптарына, ұлттың қасиетті ұғым-түсініктеріне тіл тигізу жиілеп кетті. Ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізу, кез келген балағаттау түрлері, рухани мәдениеттерімізге бағытталған кез келген шабуыл заң аясында тыйым салынып, жоғары төлемді айыппұл негізінде жазалануы тиіс.
Қорыта келе, Мұхтар Әуезовтың “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген ұлағатты сөзін есімізге алғымыз келеді. Бұл сөздің астарында ұлттық тәрбиені ұлықтау керектігі туралы үлкен мән бар. Балабақшадан бастап ұлттық құндылықтарды, ғылым мен білімді насихаттап, жас толқынның бойына сіңіретін ауқымды жобалар, іргелі жұмыстар жүргізілуі керек.
Ел болашағы үшін бүгін әрекет жасамасақ, ертең мүлде кеш болмақ.
Қол қоюшылар:
Төрегелді Шарманов, ҰҒА академигі, м.ғ.д., профессор, Қазақ тағамтану академиясының Президенті
Досмұхамед Кішібеков, ҰҒА академигі
Оразалы Сәбден, Қазақстан ғылымдар одағының Президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик
Ермұрат Бапи, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, журналист, қоғам белсендісі
Қазыбек Иса, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, ақын
Абзал Құспан, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, заңгер
Ринат Зайытов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын
Самат Нұртаза, ҚР ҚР Парламент мәжілісінің депутаты
Баян Рақышев, ҰҒА академигі
Ясин Ұзақов, Кеңес Одағының еңбек сіңірген өнертапқышы, академик, т.ғ.д., профессор
Хангелді Әбжанов, ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Зейнеп Ахметова, жазушы-этнограф
Бағдат Мүптекеқызы, этнограф, «Қыран» бүркітшілер федерациясының атқарушы директоры
Төлеген Бүкіров, т.ғ.к., ҚР Құрметті металлургі, Қарағанды облысы және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы
Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы, драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Бабақұмар Қинаятұлы, этнораф, тарих ғылымының кандидаты
Әбдірашит Бәкірұлы, этнограф, философ
Бердалы Оспан, этнограф, мәдениеттанушы, музыкант
Мұхтар Тайжан, саясаткер, экономист
Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Қайырбек Кемеңгер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, ҚР Еңбек сіңірген артистері, «Құрмет» орденінің иегерлері
Советқазы Нұрсилла, қоғам қайраткері
Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер, мотиватор
Ерлан Төлеутай, өнертанушы, әнші-композитор
Қанат Жүніс, актер, әнші, ақын, драматург
Жарылқап Қалыбай, журналист, қоғам белсендісі
Ерзат Кәрібай, биолог, тарихшы
Алмас Мұстафа, қолөнер шебері, суретші, «Дала сазы» шеберлер орталығының директоры
Құсмиля Нұрқасым, әдебиетші, мемлекет қайраткері
Жанұзақ Әкім, экономист, қоғам белсендісі
Ерболат Баят, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, PhD доктор, ақын, жазушы, әдебиеттанушы, фольклортанушы
Байбота Қошым-Ноғай, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері
Аманқос Мектептегі, түріктаншы, филология ғылымының кандидаты
Тәттігүл Қартаева, этнораф, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
Тәуке Алтынбеков, техника ғылымының докторы
Айгүл Орынбек, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, құқыққорғаушы, заңгер
Орынбасар Жәнібеков, қоғам қайраткері
Рамазан Құрманбаев, Ашаршылық құрбандары қауымдастығының төрағасы
Еркін Рақышев, режиссер, қоғам белсендісі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты
Адай Абділдинов, «Қазақстан анимациялық студиялар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы
Жұмаш Кенебай – Көкбөрі, қоғам қайраткері, ақын, публицист
Сұлтан Ердәулет, тәуелсіз журналист
Нұрлыбек Қуаңбаев, «Желтоқсан қоғамы» ұйымының төрағасы
Мұратхан Шоқан, ақын, «Тұлға-Достық» қоғамдық қорының төрағасы
Шынқуат Байжанов, заңгер
Сәбит Шілдебай, тарих ғылымының кандидаты, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры
Дәренбек Нысанбаев, дәрігер-кардиолог, PhD доктор, м.ғ.к.
Рустем Ашетаев, қоғам белсендісі
Айдархан Даулыбаев, спорт шебері, Кеңес одағы әскерилері арасындағы бокс чемпионы
Әсет Тұяқов, Ауған соғысының ардагері, Құрметті сәулетші
Қуаныш Оспан, ақын, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры
Арман Нұрмұхамедов, тарихшы, журналист
Абылайхан Әшімхан, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Аян Қажыбай, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор-ассистенті, ф.ғ.к.
Бауыржан Рамазан, «Жебе» қоғамдық қорының мүшесі
Сержан Еріков, блогер, видеооператор, монажер, «S-studio» студиясының негізін қалаушы
Нұрислам Әбділ, театртанушы, Ақмола облыстық Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі
Берік Атаев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, магистр
Талапкер Уәлиев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы
Болат Боранбай, филология ғылымының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры
Болат Нәукенұлы, қоғам қайраткері
Кәкім Хасамбай, актер, режиссер, ұстаз
Мерген Тоқсанбай, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, «Рух-Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының сарапшысы
Қуат Ахметжанов, журналист, блогер, диктор
Оңғар Қабден, айтыскер ақын, блогер
Марғұлан Ермағанбетұлы, қоғам белсендісі, BasQaru қорының директоры
Думан Рамазан, жазушы, драматург, «Абылайханның арманы»,
«Жошы» драмаларының авторы
Өмір Шыныбекұлы, педагог, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері
Айман Сағидолла, ұстаз, қоғам белсендісі
Серік Мәлиев, журналист, «Алтын Орда» порталының директоры
Айбар Олжай, PR маманы
Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Бақыт Беделхан, ақын
Өміржан Әбдіхалық, жазушы, «Араша» интернет порталының жетекшісі
Қанат Әбілқайыр, жазушы
Арман Әубәкір, журналист, «Адырна» ҰЭБ қоғамдық қорының Президенті
Жұмат Құнанбай, Президент күзет қызметінің ардагері, Ауған соғысының ардагері
Тұрарбек Құсайынұлы, дін зерттеушісі, құқыққорғаушы
Бейбіт Молдахметұлы, «Social project management» орталығының дирекоры
Бұғыбек Сандуов, суретші-дизайнер, Ауған соғысының ардагері
Дүйсен Мағлұмов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, жазушы
Шәкен Тұрар Сәттарқызы, “Қара шаңырақ” ҚБ директоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі
Серік Сәрсекеев, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің «Астана» филиалының төрағасы, медицина ғылымының кандидаты
Толқындат Төлешов, запастағы полковник, Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы
Айгүл Болатханқызы, журналист
Бауыржан Қарағұзұлы, ақын, «Мәдениет» порталының жетекшісі
Әлихан Жақсылық, жазушы-драматург
Нұрсәуле Толқын, ақын, сценарист
Асхат Қасенғали, саясаттанушы
Ержан Төлек, журналист
Нұргелді Әбдіғаниұлы, Abai.kz ақпараттық порталының Бас редакторы. Халықаралық ТҮРКСОЙ сыйлығының иегері
Ерлан Елеу, ақын, дәрігер, кәсіпкер
Талас Оразбай, мультипликатор, Quantfilim киностудиясының жетекшісі
Роза Асанова, ҚазҰӨУ Қорқыт ата атындағы ҒЗО ғылыми қызметкері
Жібек Досыбаева, ардагер ұстаз
Рабиға Сауыт, зейнеткер
Оспан қажы Сүлейменұлы, қоғам қайраткері, ағартушы-ұстаз, Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі ордені» иегері, Мәдениет қайраткері, ақын, сазгер, күйші
Әділет Амангелді, «Қара шаңырақ» ҚБ құрылтайшысы
Сандуғаш Нұрқанова, «Қара шаңырақ» ҚБ құрылтайшысы
Алтынай Тәңірбергенова, «Қара шаңырақ» ҚБ құрылтайшысы
Қажымұрат Нәсиұлы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ардагер-ұстаз, ҚР Оқу ісінің үздігі, өлкетанушы-шежіреші
Өтеген Айшуақов, «Ұлттық мүдде» ҚБ мүшесі, «Елорда билер кеңесі» ҚБ мүшесі
Бақытгүл Кәрібай, зейнеткер-ұстаз, Қорқыт баба мұраларын насихаттаушы
Фанида Нұрбаева, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, «Есіл толқындары» ардагерлер халықтық ансамбілінің жетекшісі
Сандуғаш Сейдахметова, Мәдениет қайраткері, ҚР кітапхана ісінің ардагері
Әсемгүл Құлымбетова, Ы. Алтынсарин медалінің иегері
Ербол Бейілхан, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық поэзия академиясының Академигі
Тілеуғалы Әміртайұлы, ардагер ұстаз, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қарағанды облысының білім беру саласына еңбегі сіңген қызметкер
Ниқанбай Омарханов, ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі
Тұңғышбай Мұқан, ҚР Білім беру саласының үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы, қоғам белсендісі
Аңғар Смағұлов, еңбек ардагері, жазушы, өлкетанушы, шежіреші, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қоғам белсендісі
Сәкен Келдібаев, зейнеткер, қоғам белсендісі
Тұрар Шәкен, тарихшы-этнолог, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры, ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Асмагүль Құлымбетова, зейнеткер ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері
Сағыныш Сейдахметова, ҚР Мәдениет қайраткері,ҚР кітапхана ісінің ардагері
Фанида Нұрбаева, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, «Есіл толқындары» Ардагерлер халықтық ансамблінің жетекшісі
Бақыткүл Кәрібай, зейнеткер ұстаз, Қорқыт баба мұраларын насихаттаушы
Бибісара Әубакірқызы, ҚР ПҒА академигі, психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі, Е.А. БӨКЕТОВ атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері
Күләш Ахметова, филология ғылымының докторы, профессор, Тұрсынбек Кәкішұлының жары
Омар Жәлелұлы, абайтанушы
Құрманғазы Рахметов, қоғам қайраткері, желтоқсаншы
Arasha.kz
ФОТО: Марина Маргарина
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024