Қазақстанда жол-көлік апаттары жиі орын алады. Бұған көбінесе жүргізушілердің жауапсыздығы, жол ережесін білмеуі, ортақ ережеге бағынғысы келмеуі, сонымен бірге жолдың сапасыздығы мен көліктің техникалық ақауының түрткі болуы сияқты түйткілдер түрткі болып жатады. Көлік апаты кезінде жол инспекторын шақыру қалыпты үрдіс.
Алайда, оның әуресі аз емес. Біріншіден, екі көліктің инспектор келгенше бір орында қозғалмай тұруы жолдағы кептелісті тудырады. Екіншіден, кептелістің кесірінен халық діттеген жеріне дер кезінде жете алмайды, ең қиыны жедел жәрдем мен төтенше жағдай қызметі де осындай жол апаттарының салдарынан көмекке мезгілінде үлгермей қалуы мүмкін. Үшіншіден, әр жерде орын алатын жол көлік апаты инспекторлардың да жұмысы мен жүктемесін көбейтуде. Осы ретте тәжірибеге жол-көлік апаттары үшін еурохаттаманың енгізілуі өте дұрыс, рынды шешім болғаны рас.
Еуропалық хаттама аты айтып тұрғандай Еуропа елдерінен бастау алған. Бұл елдерде жол полициясы өкілдерінің қатысуынсыз жол-көлік оқиғасын рәсімдеу идеясы 1950-жылдардан жүзеге асырыла бастады. Өз тұрғындарынан бөлек, ағылып жатқан туристер тасқынын лайықты басқару үшін Еуропа елдері дәл осы әдіске жүгінген болатын.
Алғашқы кезде мұнда да еурохаттаманың тиімділігіне күмәнмен қарайтындар аз болған жоқ. Алайда, жол апаттарын артық әуресіз реттеуге ықпал ететін бұл жаңашылдық көп уақыт өтпей-ақ өзінің қоғамға қажеттілігін дәлелдеп үлгерді. Бүгінде бұл жүйе Францияда, Бельгияда, Грецияда, Италияда, Португалияда, Испанияда орнықты жұмыс істеп келеді.
Жол-көлік апаттарының алдын алу, құжаттандырудағы әуре-сарсаңнан арылу үшін озық елдер тәжірибелерін зерделеген кезде ең алдымен еурохаттаманың назарға ілінетіні сондықтан. Жалпы, Еуропа елдерінде жол-көлік апаттарына қатысты дау-дамай, мәселені шешу жол полициясының, соттың құзырына берілмейді. Көлік жүргізушілері жолда апатқа ұшырағанда бірден өзінің сақтандыру компаниясына қоңырау шалып, мәселені солар шешеді. Тиісінше жол апатындағы қаржылық шығындарды да сақтандыру компаниясына жүргізушінің әрекетіне қарай өздері анықтайды.
Ал Қазақстанда еурохаттама қолданысқа енгізілгенге дейін жол апаты туындағанда жүргізушілердің жол полициясын шақыруы міндетті шара болып келді. Жол-көлік оқиғасын хабарламағандарға, апат орын алған жерден қашып кеткендерге еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сай арнайы жаза да белгіленді. Еурохаттама бүгінге дейін қалыптасқан осы қағидаларды толықтай өзгерткелі отыр.
Осылайша биылдан бастап жеңіл-желпі жол апаттары орын алған жағдайда азаматтар полицияны шақырмай және соттың шешімінсіз жеңілдетілген тәртіппен сақтандыру оқиғасын ресімдеуге қол жеткізетін болды. Дегенмен, еурохаттама арқылы жол апатын рәсімдеудің өзіндік тәртібі бар. Айталық, осы жаңа әдісті қлдану үшін:
- жол-көлік оқиғасына тек екі көлік қатысуы керек;
- жол-көлік оқиғасына қатысқан екі жүргізушінің де азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруының болуы маңызды;
- жол апатынан тек көлік құралына ғана зиян келуі керек;
- жол-көлік оқиғасының орын алуына қатысты жүргізушілерде дау-дамай туындамаса;
5) келтірілген шығынның шекті сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, яғни шығын 369 мың теңгеден жоғары болмаса еурохаттама арқылы жол-көлік оқиғасын рәсімдеп, мәселені жеңіл шеше алады.
Осы ретте мына мәселеге назар аударған жөн. Айталық жол-көлік оқиғасынан көлік құралына залал келгенімен қоса, адамның өміріне қауіп төнсе, жедел жәрдем көмегіне жүгінуге тура келсе, еурохаттама түзуге рұқсат етілмейді. Сонымен бірге, жол-көлік оқиғасына қатысқан көлік саны екіден асқан жағдайда, жүргізушілер кімнің кінәлі екенін нақты мойындамай, өзара еліспеушілік орын алған кезде еурохаттама толтыруға жол берілмейді.
Жол-көлік оқиғаларын «Еурохаттама» мобильдік қосымшасы арқылы ресімдеуге болады. Бұл қосымшаны жүктеп алу қиын емес. Ол үшін әр азамат өзінің ұялы телефонындағы App Store және Google Playқосымшаларының көмегімен мобильдік қосымшаны жүктейді. Бұл жерде тағы бір маңызды тетік бар. Оңтайлы қосымшаның игілігін көру үшін жол-көлік оқиғасына қатысқан жүргізушілердің мобильдік нөмірлері азаматтардың мобильдік базасында тіркеліп тұруы тиіс.
Сонымен, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда қандай әрекет жасау керек? Алдымен жүргізушілер апатқа кімнің кінәлі екенін бейбіт түрде анықтап алуы шарт. Бұған қоса, екеуі де соқтығысқан кезде көлікке келген шығынның көп еместігіне, яғни залалдың еурохаттамада белгіленген шекті сома – 369 мың теңгеден аспайтынына көз жеткізгені абзал. Осыдан кейін екеуі өз телефондарында еурохаттама мобильді қосымшасының бар-жоғын анықтап алуы шарт. Қосымша жүктелмеген жағдайда оны телефонға жүктеу көп уақыт алмайды. Идентификаттаудан өту, декларация толтыру, апат орнынан фотосуреттер мен бейнетүсірілім жасау секілді міндетті қадамдардан өткеннен кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. Өтініш сақтандыру ұйымына кеткеніне көз жеткізгеннен кейін ғана апат орнынан кетуге болады. Міне осындай жағдайда жол полициясын шақырудың және сотқа жүгінудің қажеті жоқ.
Сонымен бірге сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша азаматтар сақтандыру төлемін алуға онлайн өтініш беруге құқылы. Сақтандыру ұйымдары құрған цифрлық сервистер тұтынушыға сақтандыру ұйымының кеңсесіне баруға уақыт жұмсамай, құжаттардың ең аз топтамасын ұсына отырып, өзі көрсеткен банктік шотқа сақтандыру төлемін қашықтан алуға мүмкіндік береді.
Әрине, бұл жаңашылдық жаңа қолданысқа енгізілгендіктен, оны қолдануға қатысты көптеген сұрақтардың туындауы заңдылық. Соған орай жол апатын рәсімдеуге қиындыққа тап болғандар +7 (727) 339 31 88 нөмірі бойынша колл-орталыққа хабарласып, өзіне көмек ала алады.
Бүгінде еурохаттаманың тәртібін, тиімділігін, қолдану тетіктерін түсіндіру мақсатында Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Қарапайым халық жаңашылдықтарды білуі, оның игілігін көруі тиіс. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жасалған іс-шаралардың көмегі көп.
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024