17-04-23 |
1400 рет қаралған
Конституция сот конституциялық құқықтық сақтаудың кепіліне айналды.
Конституция сот конституциялық құқықтық сақтаудың кепіліне айналды

Өткен жылғы наурыздағы Президент Жолдауы  еліміздің құқықтық реттеу ісіне айрықша серпін берді. Бұған дейін әлдебір заңның Конституцияға сай келуін зерделеп келген Конституциялық кеңесті Конституциялық сот алмастырды. Өзгеріс жаңа институттың атауында ғана емес. Конституциялық сотқа қолданыстағы заңнаманың Конституцияға сай келуі немесе келмеуі туралы өтінішіпен кез келген қазақстандық шыға алады. Бұл  сот қызметіне кіріскен  4 айдың ішінде судьялар бірнеше заң бойынша азаматтардың Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы өтінішін қарап, оған құқықтық баға беріп те үлгерді.

Бүгінге дейін Конституциялық сотқа қарапайым азаматтардан 2386 өтініш келіп түскен екен. Мұндағы 358 өтініш алдын ала қаралуда жатыр.  Азаматтар жоғары құқықтық институтқа көбіне соттардың шешімдерін қайта қарау туралы өтінішпен шығатын көрінеді. Дәл осы сипатқа сай келетін өтініштердің үлесі 43 пайызды құрайды. Сондай-ақ әрбір бесінші өтініштің иесі қолданыстағы заңнамаларды, нормативтік құқықтық актілерді немесе оның жекелеген ережелерін Конституцияға сай емес деп тану мәселелері бойынша жүгінген екен. Әсіресе Салық, Қылмыстық-атқару, Әлеуметтік кодекстердің заңдылығына көз жеткізгісі келетіндердің қарасы қалың. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет, зейнетақымен қамсыздандыру және қылмыстық іс жүргізу салаларындағы заңдардың Конституцияға сәйкестігі жиі  тексеріледі екен.

Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімованың айтуынша, жаңадан құрылған құқықтық институтқа өтініштің көптеп түсуінің өзіндік себептері бар. Дәл осындай органның қызметін жолға қойған елдердің де тәжірибесінде алғашқыда өтініштердің тым көп болғаны аңғарылады. Әйтсе де Конституциялық соттың төрағасы өтініштердің көптігін тиісті талапқа сай ресімделмеген шағымдар үлесінің басым болуымен байланыстырады.

 Бізге түсетін өтініштердің арасында «Конституциялық сот туралы» заңның талаптарына сай келмейтіндерінің үлесі басым.  Мысалы, азаматтар сот шешімдеріне қарсылық білдіріп, үкімді қайта қарауды, жаза мерзімін азайтуды  талап етіп жатады. Арасында тергеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеді, сот дәлел-дәйектерімді қабылдамады деп судьялардың әрекетіне баға беруді сұрайды. Дегенмен бұл мәселелер Конституциялық соттың құзыретіне кірмейді. Өз тарапымыздан мұндай мазмұндағы өтініштерді иелеріне қайтарып, азаматтарға  түсіндіру жұмыстары жүргізіледі,   дейді Эльвира Әзімова.

Негізінен Конституциялық сот азаматтарға  сот отырысы кезінде қолданған норманың Конституцияға сай келуіне күмән келтірсе ғана көмектесе алады. Яғни шешім шығарған судьяның шешімі емес, сол шешімді шығаруға негіз болған құқықтық құжаттың еліміздің Ата заңына сай келуі жан-жақты зерделенеді.

 Егер Конституциялық сот заңды Конституцияға сай емес таныса ол қолданысын тоқтатады. Жоғары құқықтық институт әлі қабылданбаған заңдар мен оның нормаларына күмән келтірсе оларға  бірінші басшылардың қолы қойылмайды. Конституциялық сот Ата заңға сай емес деп таныған заң нормасына өзгерістер енгізілгенге дейін Конституция мен Конституциялық соттың шешімі қолданыла береді,  дейді Конституциялық сот төрағасы.  

Мәселен жақында ғана Конституциялық сот С.Наумцев есімді азаматтың өтінішіне сай «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 14-бабы 1-1-тармағы 3-тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексерді. Аталған бапта азаматтардың фотосуреттерін БАҚ-та қолдануда оның келісімі талап етілмейтіні айтылған. Яғни дайындалатын материал конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, онда бейнеленген адамның келісімін алудың қажеті болмайды.

Өз кезегінде Конституциялық сот бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңдағы жекелеген адамдардың суретін келісімін пайдалануға қатысты норманы Конституцияға қайшы келмейді деп таныды.

Ал «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның жекелеген тармақтарын Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы азамат. Б.Аргумбаевтың өтініші қанағаттандырылды. Ол 2019 жылғы 31 қазандағы өкімімен Б.Аргумбаев мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған екен. Заңға сай мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған азамат 3 жылдың ішінде қайтадан мемлекеттік қызмет саласында еңбек ете алмайды. Әйтсе де қолданыстағы заңды алға тартқан құзырлы орган Б.Аргумбаевтың қызметке қайта оралуына кедергі жасаған көрінеді.

Осы уәждерін Конституциялық сотқа жеткізген азаматтың өтініші қанағаттандырылып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағына, 33-бабының 2 және 4-тармақтарына және 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп танылды. Сондай-ақ жоғары құқықтық институт Үкіметті алты айдан кешіктірмей Қазақстан  Парламентінің Мәжілісіне  тиісті ескертулер ескерілген заң жобасын енгізуге шақырды.

Жалпы азаматтардың Конституциялық сотқа жүгінуінің екі негізгі тетігі қарастырылған. Атап айтқанда жоғары құқықтық институттың көмегіне азаматтар сот кезінде заңды дұрыс қолданбау фактлері тіркелсе және  қолданыстағы заң Конституцияға қайшы келсе жүгіне алады.  Бұл шаралар «Конституциялық сот туралы» заңның  45-бабында қарастырылған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.