12-07-22 |
390 рет қаралған
Серік Ахметовтың ісі қайта қарала ма?.
Серік Ахметовтың ісі қайта қарала ма?

Жемқорлық бабымен сотталған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов 7 жыл өткен соң қылмыстық істі қайта қарауды сұрап, Жоғарғы сотқа арыз түсірді. Бұл туралы «Время»  жазды. 

Экс-премьер Серік Ахметов өзіне тағылған төрт айып бойынша да кінәсіз екенін дәлелдей алатынын мәлімдеді. Мысалы, ол кәсіпкер Әлжан Ақмолдаевтан пара алды деп айыпталған. Бұл кезде Ақмолдаев Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы директорының орынбасары болып қызмет еткен. Тергеу нұсқасына сәйкес, кәсіпкер қомақты қаржыны Серік Ахметовке шенеуніктің ұлының БАӘ тіркелген компаниясы арқылы аударған. Алайда Ақмолдаев Ахметовке 600 миллион теңге бергенін айтса, есепшотқа барлығы 364 миллион теңге түскені анықталған.

Ахметовтің айтуынша, ұлының компаниясына ақша бұрыннан серіктестік орнатқан әрі тұрақты қызмет көрсететін компаниядан келіп түскен. Сонымен қатар Ақмолдаев таққан айыпты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Олеся Кексель дайындағанын мәлімдеді. Бұрынғы премьер-министр кәсіпкер Ақмолдаевқа сотта айту керек сөздерді түсіндіріп жатқан жазбаның да бар екенін айтады. 

Ахметовке тағылған екінші айып Қарағанды облысының әкімі болған кездегі лауазымын асыра пайдалануымен байланысты. Тергеу мәліметінше, сыртқы жарықтандыру жүйесінің бағандарын жеткізген компанияларды қорғап, інісі Берік Ахметовке тиімді келісімшарт жасауға көмектескен. Алайда Серік Ахметов туыстарының аталған фирмаға басшылыққа келген соң қызмет көрсету бағасын айтарлықтай арзандатқанын алға тартты. Сондықтан аймаққа дәл осы компаниямен келісім жасау тиімді болған. 

Ахметовке тағылған үшінші айып та лауазымын асыра пайдаланумен байланысты. Үкімде көрсетілгендей, бұрынғы облыс әкімі Серік Ахметов қарағандылық компаниялардың біріне 40 гектар жерді заңсыз иемденуге көмектескен. Алайда Ахметов компания басшыларын танымайтынын, әрі жер телімі премьер-министр лауазымына ауысқан соң берілгенін мәлімдеді. Сөзінше, бұл кезде оның Қарағанды облысының әкімдігімен еш байланысы болмаған. 

Ал төртінші айып бойынша Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі болған кезде жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен бірге миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған. Бұл қаржы «ҚазАгроФинан» АҚ арқылы бөлінген. Бұрынғы облыс әкіміге қарсы арызды аталған ұйымның бұрынғы басшысы Ғұмар Рақымжанов жазған. Ол – Ахметовтің жанында ұзақ уақыт қызметкен адамдардың бірі. 

Енді Серік Ахметов қол астындағы қызметкердің қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін өзіне жала жапқанын айтады. Сондай-ақ экс-әкім үнемі мемлекеттік күзет қызметінің бақылауында болғандықтан, ешқандай ақша ала алмайтынын да қосып өтті. Яғни ақша салынған сөмкені күзеттің жанынан алып өту мүмкін емес. Сондықтан Ахметов көмекшісі Рахымжановтан ақша алмағанын анықтау үшін барлығынан жауап алуды ұсынды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.