02-11-20 |
260 рет қаралған
Ресей Арменияға көмектесуге дайын.
Ресей Арменияға көмектесуге дайын

Таулы Қарабақ төңірегіндегі шиеленіс әлі шешімін таппай отыр. Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлерін АҚШ та бітістіре алмады. Тараптар уәделерінде тұрмай тағы да тыныштықты бұзды. Таулы Қарабақтан ығысып бара жатқан Армения енді Ресейдің көмегіне үмітті. Елдің премьер-министрі Никол Пашинян Ресей президентіне көмек сұрап хат жолдады. Ол соғысқа Таяу Шығыстан келген лаңкестік топтардың қатысып жатқанын ескере келе, Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің формасын анықтау үшін хабарласып отырғанын айтты.
Кремль Ресей мен Армения арасындағы достық, ынтымақтастық туралы Келісімге сәйкес Ереванға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бірақ Мәскеу бұл әрекетке қақтығыс республиканың аумағында болса ғана бара алады. Сондықтан Ресей тараптарды атысты тоқтатып, келіссөз жүргізуге шақырды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қарабақ шиеленісінде Ресейден көмек сұрауға ешқандай негіз жоқ дейді.
– Ереван үшін Ресейден көмек сұрайтын ешқандай негіз жоқ. Тез арада келіссөз жүргізіп Қарабақтан Армения қарулы күштерін шығару керек, әйтпегенде Баку соңына дейін барады, – деді Әлиев.
Естеріңізге сала кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі – тәуелсіз мемлекеттер достастығының әскери-саяси ұйымы. Ол 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында құрылды. Құрамына Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері кіреді. Ал, Әзербайжан ұйымнан 1999 жылы шығып кеткен. Егер Қарабақ қақтығысы Армения аумағына қарай ығысатын болса келісімге сәйкес оған Қазақстан да көмек көрсетуі тиіс.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.