11-05-18 |
3150 рет қаралған
Түрмеде де жұмыс бар.
Түрмеде де жұмыс бар

Елімізде жыл сайын қаншама азамат жасаған қылмысы үшін темір торға қамалып, түзеу мекемесіне жол тартады. Бірақ, түрме тәрбиесін көрген адамның бәрінен безінуге болмайды. Өйткені, қателіктен ешкім сақтандырылмаған.  Түзеу мекемесіндегі тәрбиенің өзі сотталғандарға қателігін ұғындырып, ортаға бейімдеуге бағытталған. Мұндай кезде құрғақ сөзден гөрі нақты істің көбірек әсер ететіні белгілі. Соған орай, бүгінде республикадағы түзеу мекемелерінің барлығында дерлік жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуға ден қойылған. Сонымен бірге, олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, белгілі бір мамандық түрін меңгеріп шығуына да көңіл бөлініп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» атты үндеуінің 4 бағыты «Шағын несие беруді көбейтуді» көздейді.
Осы арқылы Президент өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұ­мыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңіл­детілген шағын несие беру неғұрлым тиімді екенін атап өткен болатын. Халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруді мұрат тұтқан бұл құжат түрме тұрғындары арасында да кең насихатталды. Қателік жасадым деп сағы сынбай, ертеңгі күнге деген үміттерін үкілеуген жандарға бұл жобаның пайдасы зор. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Соның ішінде бұл мүмкіндік қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі шағын және орта бизнесті несиелендіру мәселесін оң шешуге жол ашып отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/3,9 мекемелерінде атқарылып жатқан істер елбасы үндеуінің орта жолда қалмағанының жарқын үлгісі. Ағымдағы жылы ИЧ-167/3 мекемесінде 10 жеке кәсіпкер келісім-шарт арқылы өз өндірістерін ашып, 40-тан астам сотталғанды жұмыспен қамтыды. Олардың ішінде, жеке кәсіпкер «Алдияр» қояндарды баптау орнын ашып, көжектер санын көбейтуде. Барлық қояндар ветеринарлық қызмет арқылы тексеруден өткен. Осы мекемеде жеке кәсіпкер «Нам М.» күркетауық баптау орнын ашып, бұл кәсіптің де ыңғайын тауып отыр.

Ал, ИЧ-167/9 мекемесінде төрт кәсіпкер бір бағытта, жеке шаруашылық: қоян, тауық, үйрек өсіру істерін қолға алған және бүгінгі таңда олар да еңбегінің жемісін көріп жатыр. Атап айтқанда жеке кәсіпкер «Буранова» үйректердің «пекиндік» түрін бағып, тауықтардың «несушки» – деген түрінен жұмыртқа алса, олар баққан қояндар да нарықта жоғары бағалануда. Қояндардың салмағы 3 келі 500 грамға дейін жеткізген жұмысшылар «Диеталық» тағамдар өндіруге үлес қосуда. Жеке кәсіпкер «Сармантаева»  болса голландық 60 тауықты асырап, шаруасын жолға қоюға кірісіп те кетті. Кәсіпкерлердің барлығы жұмыс істеп, кәсіп үйренем деген сотталған азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Еңбегі үшін ақы алған азаматтар бостандыққа шыққаннан кейін құс өсірудегі тәжірибесін өмірлік азығына айналдыруға мүмкіндігі бар.

Еңбектің зейнеті болуы тиіс. Жазасын өтеушілерді ынталандыру мақсатында әр тоқсан сайын арнайы жиын өтіп, жоғары көрсеткішке жеткендерді марапаттау дәстүрге айналды. Бұл қапастағы азаматтардың өзіне деген сенімін арттырып, ертеңгі күнге деген үмітін өлтірмеу үшін қажетті шара.

С.СОПИЕВ,

ОҚО бойынша ҚАЖД

САТЖТ аға инспекторы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.