01-06-23 |
1610 рет қаралған
Елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі шектелуі мүмкін.
Елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі шектелуі мүмкін

Қазақстанда балаларға TikTok, Инстаграм және Вконтакте желілеріне кіруге шектеу қойылуы мүмкін.
Бастама қабылданса, балалар ата-аналарының рұқсатынсыз бұл қосымшаларға тіркеле алмайды. Бұл қалай жұмыс істейтіні әлі белгісіз. Бірақ ата-аналар қауымы бұл мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп жатыр. Әлеуметтік желілерге жіпсіз байланғандардың көбі 15 жасқа дейінгі балалар екені белгілі.

Мәселен, 7 жасар Әдия Едіге TikTok желісінің белсенді қолданушысы.

TikTok желісіне алғаш рет 6 жасымда видео салдым. Мен үшін тикток жеңіл, сондай-ақ ол жерде танымал бола аласың. Маған би билеген, інімді түсірген ұнайды. Болашақта 909 мың оқырманым болғанын қалаймын. Алайда, шектеу қойылатын болса, мен ютубқа көшемін – дейді кішкентай тиктокер.

Ал анасы қызының әлеуметтік желіні пайдалануына еш қарсылық білдірмейтінін жеткізді. Себебі бұл – оның таңдауы.

Әрине қолдаймын. Алайда, уақыт бойынша шектеу қоямын. Оған ерік берсең, 24 сағат бойы отыра беруші еді. Бірақ, осындай жағдайларда біз бармыз. Міндетті түрде шектеу қойылу керек деп ойлаймын. Ал былай менің еш қарсылығым жоқ. Бала өзін дамытқысы келіп отыр, талпынысы бар. Бұл баланың өзін-өзі көрсету тәсілі. Оған біз кедергі болмауымыз керек – дейді Әдияның анасы Әсемгүл Нұрмұхаметова.

Бүгінде балалардың көбісі кішкентай кездерінен бастап TikTok желісінде отырады. Психологтың айтуынша, бұл әуелі баланың ойлау қабілетіне, екіншіден зейініне әсер етеді.

Ең бірінші – мына TikTokты алсақ, қазіргі TikTok біздің өмірімізде өте үлкен орын алып жатыр, иә? Сол TikTokтың бір ерекшелігін айтқым келеді: жалпы TikTokты үлкен адам ойлап тапқан нәрсе және ол үлкен адамдарға арналған контент дейді. Ал енді балаларға арналған контенттер өте аз. Жоқтың қасы деп те айтуға болады – дейді психолог Айман Нұрмағамбетова.

Осыған орай елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін. Мұндай шектеу шарасы балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.

Кезінде «синий кит» деген мәселе жүрді. Сол кезде халықтың барлығы «Неге бақылау ұсталынбайды мемлекет тарапынан? Неге бұған шектеулер қойылмайды?» деген мәселелер көтерді. Жалпы шектеу деген алаңсыз түгел шектеу емес. Балаларға тиісті, қажетті ақпарат балаға қолжетімді болуы тиіс. Денсаулығы мен психикасына әсер ететін мәселелерден бойын аулақ ұстауға көмектесу деп қабылдаған дұрыс деп есептеймін – дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Зерттеушілердің пікірінше, әлеуметтік желілерді артық пайдалану ұйқысыздыққа әкеліп, мазасыздандырады, агрессивті мінез-құлықтың пайда болу мүмкіндігін тудырады. Сонымен қатар, жасөспірімдердің түрлі медиа желілерге кіруі – кибербуллинг қаупін арттырады.

24.kz

ФОТО: qazaly.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.