27-08-18 |
3190 рет қаралған
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы).
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы)

Жазушы, мәдениеттенушы, сценарист, күйші Таласбек Әсемқұловтың «Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі» атты мақаласын жалғасты жариялап отырмыз. Материалдың басын мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз: arasha.kzarasha.kzarasha.kzarasha.kz

Байшұбар Алпамысты зынданнан шығарып алады да, қырғын майдан басталады, Алпамыс бүкіл жауын жеңіп, жер жастандырады. Мыстан кемпірді де өлтіреді. Махаббат пен Ерік Түнекті, Арсыздықты, Арамдықты, Қатыгездікті жеңеді. Бірақ, осы жерде Алпамыс (Ерік) басқа тұтқынға – адам әлсіздіктерінің тұтқынына түседі. Алпамыстың елін, туған-туыстарын есіне алмауы, оның Қаракөзбен арадағы сүйіспеншілігі мен бас қосуы адам әлсіздіктерінің мифологиялық бейнесі болып табылады.

Бір күні түнде санасына сәуле түскендей болады – Алпамыс түсінде күшіген құс көреді. Бұл елінде бір сойқанның болғанының белгісі еді (Ерік Абырой жолынан тайғанда, елін Ұлтан бейнесіндегі Зұлымдық жаулайды). Алпамыс жолға жиналады. Қаракөз оны жылап-сықтап шығарып салады. Алпамыстың еліне оралуы Одиссейдің Итакаға оралуын еске салады. Баяғы құлдар бек болған. Ал, күңнің ұлы Ұлтан Гүлбаршынды аламын деп әлек салып жатыр екен. Бүкіл елді билеп-төстеп, бүкіл малды иемденіп, Алпамыстың қарындасы Қарлығаш пен ұлы Жәдігерге қорлық көрсеткен жайы бар екен. Алпамыстың жасырын оралуының Қозы Көрпештің басына («Қозы Көрпеш – Баян сұлу») «қалпақ» кигізу көрінісімен көзге елеусіз желілік байланысы бар. Сол баяғы ұялу, сол баяғы шын келбетін көрсеткісі келмеу. Алайда, туған-туыстың басындағы нәубет итермелеп, ол шын бет-бейнесін ашады да, барлық дұшпандарын жеңіп, өлтіреді. Енді бүкіл сюжетті ойша жаңғырта отырып, «Алпамыстың» идеялық мазмұнын тұжыруға тырысып көрелік.

Қозы, Баян мен Қодардың өлімінен кейін адам жаны өлді. Тіршілігі сан мыңдаған ғасырларға тоқтап, қатып-семіп қалды. Десе де, мәңгілік, өшпес-өлмес әлем (адам жаны) қайта тіріліп, қайтадан оны билеуге лайық күш қажет болды. Сөйтіп, адам жанын мәңгілік сақтаушы, желеп-жебеуші Аналық пен Байбөрі мұрагер іздеуге кірісті. Әуелі олар қараңғы түннің тумасы Ұлтанды асырап алды. Бірақ, ол көрер көзге қорқынышты әрі қатігез болды. Байбөрінің табындарын (адам жанын) тартып алды. Содан бері адам қайғыдан арылғанша, бірер уақыт тастай қатты әрі суық болып кетеді. Ұлтан әлемді билеуге лайық емес-тін. Осыдан кейін жанды сақтаушы-жебеушілер – Аналық пен Байбөрі – өздерінің Бас Тәңірі Баба Түкті Шашты Әзізден өктем Ұлтанды жеңіп, адам жанында Махаббат пен Бейбітшілікті қалпына келтіруге қауқарлы ұл сұрап алмаққа жол тартты. Сөйтіп, перзент тілей бастады. Алайда, Шашты Әзіз бір заманда Қозы мен Баянды мәңгі махаббатқа бұйырып, бата бергенін, оның ақыры немен тынғанын есіне алды. Қамығып, өтініштерін қабыл етпеді. Бірақ, Аналық пен Байбөрі зар илеп, бір тілектерін айта берді. Сонда Шашты Әзіз адам жанын Ұлтан жаулап алғанын көрді. Сөйтіп, адам жанын мәңгілік сақтаушы Аналық пен Байбөріге ұл мен қыз берді. Ұл Махаббат пен Еріктің өзі еді, аты Алпамыс болды. Қыз Кие еді, аты Қарлығаш. Және Шашты Әзіз жан сақтаушыларға Алпамыстың Сұрқиялықпен күреске жаралғанын, ғұмыр бойы Зұлымдық пен Сұрқиялық тәңіриесі Тайшықпен жауласып өтетінін айтады. Шашты Әзіз ғайып болғаны сол еді, Аналық құрсағына бала біткенін сезді. Ол баянсыз, жалғанды керексінбей, былай ысырып қойып, қабыланның етін жеп, тояты қанды. Содан бері Махаббат пен Ерік әсем әрі мәңгілік және сол Махаббат пен Еріктің алдында бас имейтін адам жоқ.

Аналық елге қайтып келген соң босанып, дүниеге Ұлы Құдай Алпамыс келеді.
Дүниеге келген Ерік асып-тасқан күшін ойсыз ысырап қылумен болып, Ақиқат, Шындық тәңіриесі оның мәнін, жұмсалар жерін мәлім еткенде ғана тоқтайды. Гүлбаршынға аттанбақ болған Алпамыс өзіне арналған Байшұбарды ерттейді (Ақыл мен Дарын). Содан бері Ерік пен Ақыл − ағайындас. Адам ақылды болған сайын еркі де күшті болмақ.

Сөйтіп, Ақылды ерттеп мінген Ерік өзінің шырқау шыңы – Мәнге жүйткіп ала жөнеледі.

Мән тәңіриесінің есімі Гүлбаршын еді. Ол Зорлық-зомбылық Тәңіриесі Қараманның тұтқынында болатын. Өзіне баланған, телінген Еріктің әйтеуір бір қуып жететінін білетін Мән тәңіриесі тастың бетіндегі хат түрінде Мәңгі Адал Жадыны қалдырып кетті. Хатты оқып, беталысының дұрыстығына көз жеткізген Алпамыс, ұрыс салды. Қарсы алдынан шыққан Қараман Алпамысқа күрзісімен күшті соққы берді. Алпамыс еліне қайта қашты. Содан бері адам жанына терең ойға шому, толғаныс тән. Алпамыстың артынан тұра шапқан Қараман атын жеңілдетіп, сауыт-сайман жарағын жерге тастады. Алпамыс қайырылып кеп, зорлықшыл Қараманды өлтірді. Содан бері адам өз жаны турасында ойланса-ақ болды, қара ниеттеніп, тулаған көңіл сабасына түсіп, зұлымдық мәнінен айырылады. Алпамыс Қараманды өлтіріп, Гүлбаршынды құтқарды да, онымен қосылып, еліне қайтты. Осылай зұлымдықпен күресте Мән табылады. Алпамыс жоқта Зұлымдық пен Сұрқиялық Тәңіриесі Тайшық адам жанын ұрлап әкетті де, жанның сақтаушысы Байбөрі Алпамысты Тайшықтан кек алуға жұмсады. Тайшық түс көріп, жұртын жинап, Алпамысты жеңудің амалын айтуды сұрады. Сол кезде Азғырынды Тәңіриесі шығып, Алпамысты тізе бүктіруге уәде етті. Ол Ерікті аңдып тұрып, оны сакральді шарапқа тойғызды да, абыройдан айырылған кейпінде Тайшық ханға алып келді. Бүкіл Түнек патшалығы ұйқыдағы Ерікке жабыла кетті, бірақ, ол ажалсыз еді, өйткені, жанның жебеушісі, сақтаушысы Аналық құрсағында жатқанында-ақ оны Әсем әрі Мәңгілікпен жанастырып, Әсем әрі Мәңгілік еткен. Содан бері адамның Еркі жойылмайды, мұқалмайды. Ол (Ерік) кез-келген сынаққа төтеп береді.

Алпамысты түпсіз терең орға тастады. Осы жерде есін жиған ол өзінің масқара болғанын көрді. Содан бері азғырындыға ерген адам жанына ұят сезімі тән.

Тайшықтың қызы, ессіздік тәңіриесі Қаракөз Алпамысқа ғашық болып қалып, орды іздеді, бірақ, таба алмады, өйткені, ессіздік ешқашан ұят сезімін білген емес. Орды сенімсіздік тәңіриесі Кейқуат бағатын Қаракөздің отарындағы серке тапты. Серке орға құлап кетті де, Алпамыс оны жеп қойды. Кейқуат серкені қайтаруды өтінген еді, бірақ, Алпамыс оған: «Маған серкеңнің күніге біреуін беріп, мені бағып-қақ, егер де ордан аман шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін» деді. Кейқуат Алпамыстың әйтеуір бір күні ордан аман шыға аларына сенбей, бір диірмен тасты дөңгелетіп әкеліп, үстіне тастап жіберді. Алпамыс тасты қайтып лақтырып жіберді. Зәресі ұшқан Кейқуат Алпамыстың айтқанын қылды. Содан бері қайыспас Еріктің ықпалымен Сенімсіздіктің қоламтасынан адам жанында ұдайы Сенім мен Үміт оты қайта тұтанады.

Алпамыс Кейқуатқа сырнай беріп, Қаракөзге сәлем айтып жіберді. Ордың басына келген Қаракөзге Алпамыс өзінің киімін берді. Қаракөз киімді ішінен киіп алып, Тайшықтың ордасына барды. Бұғаудағы Ақыл темір кісеннің быт-шытын шығарып, жетіп келді. Сөйтіп, бұлар орға келді де, Ақыл Ерікті тұңғиық Ұят тереңінен суырып алып шықты. Ақылды ерттеп мінген Ерік Түнек патшалығына қарсы соғыс ашып, бүкіл әскерін қырып салды. Содан бері адам жанында Ақыл мен Ерік түптің түбінде Зұлымдық пен Сұрқиялықты жеңеді.

Алайда, Алпамыс Қаракөзбен тұрып қалды. Ол елін, туған-туысын ұмытты. Содан бері адам жанына кей-кейде Сатқындықпен шектесетін ессіздік тән.
Бірде Алпамыс түс көрді. Түсінде ауылын күшіген басып алғанын көрді. Ақыл мен Ерік еліне оралып, сұмдық көріністің үстінен түсті: зорлықшыл Ұлтан – қара түннің ұлы – Гүлбаршынға үйленбекші екен. Алпамыс Ұлтан мен оның әскерін талқандады да, бейбітшілік орнады. Содан бері адам Әлсіздікке ұрынса-ақ, Зұлымдық бас көтеріп шыға келеді, бірақ, Ақыл мен Еріктің тегеурінімен жан түкпіріне шегініп кетеді. Алпамыс осыдан кейін Қаракөзді ұмытпайды. Жылына бір мәрте барып қайтады. Адамның әлсіздіктері – Еріктің түнек тұтқынынан алып шыққан жалғыз несібесі.
***
«Алпамыс» эпосында қайғы-қасіреттен өлген жанның өмірге қиындықпен қайта оралуы психикалық тұрғыдан сипатталады. Адам рухы күйзелістен серпіліп, оянып, қайта тірілді. Енді алда күрделі өмір бар, сыртқы дүниемен ұшырасу бар, осының бәрі көнетүркілік мифологияның үшінші қатпарын құрайтын «Қобыланды» эпосында кейіптелген.

«Қобыланды» эпосының әлқиссасы да дәстүрлі – Тоқтарбай бай әулие-әмбиелерден перзент сұрайды және оның тілеуі қабыл болады: Жаратушы оған екі бала береді. Ұлының атын Қобыланды, қызының атын Қарлығаш қояды. Бұнда рухтың жаңғыруы туралы қысқаша айтылады, себебі, бұл мәселе ілгерідегі циклде тұжырылған. «Қобыланды» эпосы екі Ерікті бейнелеуімен ерекшеленеді. Миф адамның ішкі дүниесін, оның «Мен»-ін зерттеп-зерделеген соң, әлемдік кеңістікке шығып, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелерімен айналыса бастады (мифологияда екі Ерік алуан түрлі адам жанын, түрлі адамдар қауымын, түрлі дүниелерді тұспалдайды). «Қобыланды» эпосында езгінің, озбырлықтың құпиясы, психологиясы ашылады.

Қобыланды ержетеді, әкесінің жылқысына барып, жылқышылардың бастығы Естеміспен дос болады. Қисапсыз көп жылқы мен олардың сақтаушысының бейнесі жаңа талданып отырған тақырып емес, сол себепті, оны тәптіштеудің қажеті жоқ. Бірде Қобыландының құлағына әлдебір шу жетіп, бұрқыраған шаң көзіне шалынады. Ол Естемістен соның жайын сұрайды. Естеміс Көктім-Аймақ ханның сайыс ұйымдастырып, құрулы бақан басындағы теңгені атып түсірген адамға қызын беретінін айтып, жауап береді. Қобыланды сол сайысқа барып, бағын сынағысы келеді. Бірақ, Естеміс оны жібермейді. Ерік сыртқа сұранады, ой түйіп, мәнге жеткісі келеді, ал, Сенімсіздік оған тоқтау салады. Бірақ, Ерік өзінің күшімен Сенімсіздікті иландырады да, ол Сенімге айналады (осыған үйлес «Алпамыс» эпосындағы Кейқуат бейнесін еске түсірейік). Қобыланды сайысқа барып, жеңеді. Бірақ, осы кезде жоқ жерден Қызыл ер пайда бола кетеді де: «Қобыланды әуелі менімен күресіп, жықсын. Сонда ғана Құртқа сұлуды ала алады!» деп сәлем айтады. Қызыл ер – Даңғойлық пен Менмендіктің Тәңіриесі. Және оны жеңу керек. Қобыланды Қызыл ермен күресуге келеді, бірақ, менмендік Тәңіриесі оған бір аяғын созып: «Алдымен аяғыммен күрес!» дейді. Қобыланды Қызыл ердің аяғына арқан тастай салып, жермен сүйрей жөнеледі. Тау мен тасқа соғып, парша-паршасын шығарады. Ерік Даңғойлық пен Менмендікті жеңіп, Шынайы Мәнге, Шынайы Мақсатқа ие болады.

Осыдан кейін Көктім Аймақ Құдай қызын Қобыландыға қосады. Мол қазына мен қыз жасауын қоса береді. Сонда Қобыланды оған: «Қызыңның жасауына қазынаны мол етіп бердің. Ал, маған не бересің?» дейді. Көктім Аймақ: «Балам, сенің төбеңде төрт бұлт қалқып барады. Соларды саған сыйға тарттым. Қысы-жазы, дұшпанның алдында сені қорғап жүреді» дейді.

Көктім Аймақ – Ерікті ерлікке ұйғарып, алқаушы Құдай. Және де, әлемде төрт бұлт барда Ерлік тілеулі, баталы. Қобыланды қалыңдығын алып, елге қайтады. Жолай қалың жылқы кезігеді, сонда Құртқа көкала биені нұсқап, Қобыландыға: «Сенің тақымыңа лайық тұлпар мына биенің ішінде. Осы биені мені берсең де алғын» дейді. Қобыланды биені сұрап алады. Бие құлындап, бурыл тұлпар – Тайбурылды туады. Құртқа оны күтіп-баптай бастайды: «Түндікпенен күн көрді, Түтікпенен су берді».

Сол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алады. Екі қаланың біріне бектерін, екіншісіне жендеттерін жатқызып қояды. Қараман батыр Қазан ханмен соғысуға аттанып, Қобыландыны ерте кетпек болады. Қобыланды оның сөзіне құлақ асып, атын алдырмақ болып, кісі жұмсайды. Бірақ, Құртқа шабарманды кері қайтарып: «Тайбурылдың күні толған жоқ. Тұлпар болып жарауында қырық үш күндік кемдік бар. Қобыланды бұл сапарға бармасын» деп сәлем айтады. Шабарман қайтып келген соң, Қобыланды Қараманға: «Мені сөге көрме, атым әлі жолға жарамайды» дейді. Қараман оған: «Әр талапқа шығарда қатынға ақыл салсақ біз еркек болып не етеміз? Қатынның тілін алған соң, неше батыр болса да, ол – қатын емей, немене?» деп жауап береді. Қобыланды әйелін жазаламақ болып, ауылға шабады. Ашуға мінген Қобыландыны көргенде, Құртқа қорыққаннан жылап қоя береді. Сосын есін жиып, жұтынып тұрған Тайбурылды жетелеп, оның алдынан шығады (Мән Ақылды алға тартып, жөнсіз ашуға мінген Ерікті тойтарады).
Сұлу атты көріп, көңілі біткен Қобыланды ашуын ұмытып кетеді. Тайбурылды ерттеп мінеді де, жолға шығады.

(жалғасы бар)

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.