21-11-20 |
700 рет қаралған
Аймағамбетов мұғалімдерге араша түсе ала ма?.
Аймағамбетов мұғалімдерге араша түсе ала ма?

12 қарашада мұғалім, қоғам белсендісі Айман Сағидулла кезекті рет мұғалімдерді газет-журналдарға күштеп жаздыру мәселесін көтерді. Бұл мәселені білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің назарына салды.

«Асхат Аймағамбетов мырза!

Газет науқаны басталды. Газеттерге тоқтау қоюыңызды сұраймын. Ар да жоқ намыс та жоқ. Мектепке жібереді. «500 мыңға, 1 миллионға жазыласыңдар,»-деп директорлардың мойынына қиып салады. Қолдарына газеттердің тізімін береді. Білім бөлімі тарапынан осындай тапсырма келген соң, директорлар орындайды. Әр мұғалім 20 000, 25 000 теңгенің газетіне жазылуға мәжбүр болады. Кітапхашылар соңынан қалмай жүріп ақшасын алады. Бермеген мұғалімді: «Директорға жүр, айтамын,»-деп қорқытады. Адам адамнан қорықпас. Бірақ күнде сөз ести беруден шаршайды. Беріп құтылуға бейім мұғалімдер көп сондықтан. Газеттермен айқасқанымызға 5 жыл болды. Намысы жоқ арамтамақ, сарай газеттерінен нәтиже шығара алмадық. Оларда намыс жоқ. Мұғалімдердің қалтасына қол салуды тоқтатпай келеді. Мұғалімдердің балаларының несібесін тартып алып жеп жүр. Бұндай мәселелерде сіз:»Әр мұғалім өзін қорғасын «,-дейсіз. Бірақ бұл мүмкін емес. Сондықтан осы мәселеге араласуыңызды сұраймын.

Құрметті әріптестер!

Сізді газетке мәжбүрлеп жазғызатын болса, диктафонға жазып алып, сотқа жүгініңіз. Газетке мәжбүрлеп жазғызу сіздің құқығыңызға қол сұғу болып табылады.
Сарай газеттері! Жылы креслода отырып алып, мұғалімдердің ақшасын тартып алғанды қойыңыздар.
Министрліктің бір жаман сұрағы бар. «Қай мұғалім, қай мектеп?»-деген. 99 пайыз мұғалім , 99 пайыз мектеп» деп жазады Айман Сағидулла.

Кезекті рет көтерілген мәселеге білім және ғылым министрлігі 20 қарашада facebook тегі ресми парақшасында жария жауап берді.

«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 6-бабында көрсетілген 2-тармағына сәйкес педагогті кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттерді жүктеуге жол берілмейді.

Мұғалім қай газетті оқып, қай басылымға жазылуы қажет екенін өзі шешеді. Басылымға жазылғысы келмеген жағдайда педагогтерді еш мәжбүрлеуге болмайды. Оған тыйым салынады.
Әкімдіктер тарапынан газеттерге жазылу қажет деген «тапсырмалар» да директорларға келіп түспеуі тиіс. Әрине, белгілі бір басылымдарға жазылуды қарастыру жөнінде ұсыныстар айтылса болады. Бұл ретте әр мұғалім өзі шешім қабылдауы қажет.
Егер басылымдарға мәжбүрлеп жазылу туралы нақты шағымдар келіп түссе және бұзушылық фактісі расталса, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабының 7-3-бөліміне сәйкес заң бұзушы тұлға ескерту түріндегі әкімшілік жауапқа тартылады. Бұл бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 20-дан 120-ға дейінгі АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Аталған бұзушылық фактілері бойынша өңірлердегі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне шағым жасауға болады».

Айман Сағидулла жазғандай «Әр мұғалім 20 000, 25 000 теңгенің газетіне жазылуға мәжбүр болады. Кітапхашылар соңынан қалмай жүріп ақшасын алады. Бермеген мұғалімді: «Директорға жүр, айтамын,»-деп қорқытса» әр мұғалімнің министрлік айтты екен деп білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне шағым жасауы екіталай. Себебі, мұғалім бұл мәселеде қорғансыз. Министрлік заң талаптарын алға тарқанмен білім басқармаларының мұғалімдерді газет-журналдарға жаздыру әрекеттеріне тоқтау салуы да неғайбыл. Мұғалімдер қауымын мерзімді басылымдарға нұсқаумен жаздырту білім саласындағы шешілмей келе жатқан күрделі мәселелердің бірі. Айман Сағидулла сынды белсенді мұғалімдер өз құқығын қорғағамен басқа мыңдаған қарапайым мұғалімдер өз құқықтарын қорғай ала ма? Оларға Аймағамбетов араша түсе ала ма?

Фото: Azattyq Rýhy

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.