23-07-20 |
510 рет қаралған
Күзде коронавируспен балалар ауырады екен деген қауесет рас па?.
Күзде коронавируспен балалар ауырады екен деген қауесет рас па?

Фото: news.unipack.ru

COVID-19 індетімен күресіп келе жатқанымызға да жарты жыл болып қалды. Бүгінде Қазақстанда аталған індетке шалдыққандар саны ресми статистика бойынша 75 мыңнан асып, әлемде 15 млн-нан артық адам аталған дертке шалдықты. Дүниежүзін аяғынан тік тұрғызған індетпен бірге түрлі қауесет, алыпқашпа әңгіме де елдің үрейін ұшырып, берекесін алып жатқаны рас. Солардың бірі қазір ел ішінде күзге қарай балалар арасында коронавирус инфекциясы өршуі мүмкін деген дүрлікпе әңгіме қаншалықты шындыққа жанасады?

Осы сұрақты біз балалар дәрігері Майра Қыдырханқызына қойған едік, ол күзде не болатынын ешкім болжап айта алмайды, сондықтан түрлі қауесеттерге сене бермеуге шақырды. Десе де дәрігер ересектер сияқты балаларды да инфекциядан сақтау керектігін айтып отыр.

– Коронавируспен балалар да, ересектер де ауырады. Себебі бұл вирустық инфекция. Балаларда коронавирус жеңіл өтеді. Себебі, біріншіден, олардың иммунитеттері енді қалыптасып жатыр. Екіншіден, оларға әртүрлі екпелер егілгендіктен иммуниететтеріне қосымша күш береді. Сондықтан олардың ағзасы әр вирусқа нақты реакция бере алады. Үшіншіден, балаларда ешқандай психологиялық қысым жоқ. Балалар ол коронавирус па, тұмау ма, басқа вирус па екенін білмейді, өздерін психологиялық тұрғыда ауырлатпайды. Сол себепті оларда ауру жеңіл өтеді.

Ал күзде балалар коронавирустың ауыр түрімен ауырады екен деген қауесетке келер болсақ, алдағы уақытта не болатынын ешкім болжап айта алмайды. Мүмкін қауіп бар да шығар. Себебі күзде өткір вирустық инфекциялар, респираторлы инфекциялар, тұмау, сияқты басқа да инфекция түрлері, энтеровирус, желшешек аурулары қосылады. Бала оның бәрін жеңіл өтіп кетуі мүмкін. Ал қазір балалар үйлерінде отырғандықтан бір-біріне жұқтырып жатқан жоқ. Егер күзде карантин болатын болса балаларда коронавирус ауыр өтеді деп ешкім айта алмайды. Қазірдің өзінде балалар коронавируспен ауырып жатыр. Бірақ оларда ауыр өтіп жатқан жоқ. Маған келген емделуші балалар арасында ешқайсында коронавирус пневманияға ұласқан жоқ. Олар шамамен 5-7 күн ауырады да, жазылып кетіп жатыр. Сондықтан қауесеттерге сене бермей, сабыр сақтап, нақты әрекет жасау керек. Ересектер сияқты балаларды да оқшаулап, жеке гигиенаны сақтаған жөн, -дейді педиатр дәрігер Майра Қыдырханқызы.

Астанада өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният елімізде коронавирус инфекциясынан көз жұмған бала тіркелген жоқ деп мәлімдеген.

– Осы коронавирустың салдарынан ауруы асқынып, қайтыс болған бала тіркелген жоқ. Баланың шетінеген статистикасы жоқ. Бірақ, жүкті әйелдер арасында статистика бар. Коронавирус жұқтырып, пневмониядан қайтыс болған. Жүкті әйелдердің ішінде 40 адам қайтыс болды, –деді Ажар Ғиният.

Елімізде коронавирус белгісі бар 167 ана дені сау сәби босанған.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова жалпы елімізде 1085 жүкті әйел коронавирус жұқтырғанын мәлімдеген еді.

Ал Денсаулық сақтау ұйымы мамандары COVID-19 балаларда көбінесе жеңіл өтеді, бірақ ауыр түрі де кездесетінін жоққа шығармайды.

«Ғылыми деректер балалар мен жасөспірімдердің басқа жас категорияларының өкілдері сияқты жұқтыру қаупіне ұшырайтынын және инфекцияның одан әрі таралу көзі бола алатынын көрсетеді.

Қолда бар деректер бойынша, балалар мен жастар аурудың ауыр түрлерінің даму қаупіне аз ұшырайды, алайда COVID-19 ауыр жағдайлары осы жас топтарының өкілдері арасында да кездеседі.

Балалар мен ересектер науқаспен байланыста болу мүмкіндігі бар болса немесе оларда ауру белгілері бар болса, өзін-өзі карантин және өзін-өзі оқшаулау бойынша бірдей ұсынымдарды ұстануға тиіс. Әсіресе, балалардың егде жастағы адамдармен, сондай-ақ аурудың ауыр ағымы қаупі бар адамдармен қарым-қатынасын болдырмау маңызды» делінген ДСҰ-ң ресми сайтында.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.