10-02-21 |
390 рет қаралған
«Өткен жыл оңай болмады»: Көлгінов инвестиция тартудан рекордтық көрсеткіш жасады.
«Өткен жыл оңай болмады»: Көлгінов инвестиция тартудан рекордтық көрсеткіш жасады

Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласына триллионнан аса рекордтық инвестиция тартылғанын айтты. 2020 жылы коронавирус пандемиясына қарамастан, елорда әкімдігі жеке инвестицияларды тарту бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізді.

Алтай Көлгінов халыққа берген есебінде пандемия кезінде қарқынды жүрген жұмыстарды баяндады.

Өткен жылы елордаға 1,1 триллион теңге инвестиция тартылды. Бұл 2019 жылға қарағанда 21,5 пайызға артық.

 «Өткен жыл оңай болмады. Бірақ пандемияның уақытша екенін түсіну керек. Қалада тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды, инфрақұрылым және т.б. салуды  міндетті түрде жалғастыру қажет. Карантин кезінде құрылыс жұмыстары тоқтатылған жоқ. Жұмыстар санитарлық норманы қатаң сақтау арқылы жүргізілді. 2020 жылы елордада 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылға қарағанда екі есеге көп.

Өткен жылы ModeX үй комбинатының жұмысы іске қосылды. Үй  комбинаттары тұрғын үй құрылысына көмектеседі: құрылыстың уақытын қысқартуға, тұрғын үй құнын төмендетуге, үй сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Инвестиция тарту жөніндегі өңірлік кеңестердің өздері онлайн режимге көшті. Инвестициялық 16 отырыста 110 жобаны мақұлдады. Бірінші кезекте – азаматтарға және қалаға қажет жобалар қолдау тапты. Бұл – білім, денсаулық сақтау, өндіріс, логистика және сауда, спорт, тұрғын үй және т.б.

 Азық-түлік қауіпсіздігі мен нарықты жергілікті тауармен қамтамасыз ету үшін – нан зауыты, сүт зауыты, көкөніс сақтайтын орын, көтерме-үлестіру  орталықтарының құрылысы жобалары қолдау тапты. Сол сияқты, кран және лифт өндірісі бойынша жобалар да бар.

 Бұдан бөлек, бетперде шығару, жеке гигиеналық заттар және жеке қорғаныс  заттары бойынша бірқатар жобалар қолдау тапты. Кейбір кәсіпорындар өздерінің жұмысын өзгертіп, медициналық бетперде, қорғаныс костюмдерін және т.б. өнімдерді шығару туралы бастама көтерді.  Аталған өнімдер коронавируспен күрес кезінде дер кезінде көмек болды. Себебі оларды басқа қаладан немесе елден тасымалдауға уақыт кеткен жоқ», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

 Сонымен бірге, қалалық  «Astana Invest» инвестициялық даму орталығының негізінде инвестиция тарту жөніндегі өңірлік фронт-кеңсе қызмет көрсетеді. Онда инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде –  мемлекеттік қызмет процедуралары бойынша толықтай сүйемелдеу жүргізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Нұр-Сұлтан әкімдігі тарапынан инвесторларға барлық жағдай жасалады, әкімшілік кедергілер жойылады. Әр инвестормен жұмыс жекелей жүргізіледі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.