Астанада өтіп жатқан «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумында шетелдік сарапшылар Қазақстанда кәсіпкерлікті жүргізуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірнеше жыл бұрын Қазақстанға сапармен келген болатынмын. Сол кезде көптеген кәсіпкерлермен кездесіп, өте ұтымды бірқатар идеямен таныстым. Осы жолғы сапарымда Қазақстандағы кәсіпкерліктің айналасында экожүйені құруды жалғастыру үшін келіп отырмын. Соңғы 6 жыл бойы әлем елдеріне саяхаттап, кәсіпкерлерге дәріс оқып, олардың жаһандық желісін дамытуға үлес қосудамын. Бүгінде Қазақстанда кәсіпкерлерге жаңа бағыттарды ашуда мүмкіндіктер мол екенін байқап отырмын. Атап айтқанда, осы елді дамыту жолында бизнес өкілдерінің алатын орны ерекше. Қазақстанда бірнеше жас кәсіпкерлермен пікір алмастым. Олардың барлығы Қазақстан болашағына өздерінің үлестерін қосуға дайын екенін сенімді түрде айтып отыр», – деп тоқталды Priceline Group негізін қалаушы Джефф Хоффман.
Оның пайымынша, кәсіпкерлікке кірісердің алдында түрлі саладағы проблемаларды шешуге мән беру керек.
«Кәсіпкерлік – ол жұмыс немесе кәсіп емес. Адамдардың «мен кәсіпкер болғым келеді» деп айтқаны маған ұнамайды. Бұл тұрғыда адамдардан «мен бұл мақсат пен міндеттерді, проблемаларды шешкім келеді» дегенді естігім келеді. Адамдардың көбісі тек шағымданғаннан басқа ештеңе істемейді, ал кәсіпкер проблеманы шешуге ұмтылады», – деді Д. Хоффман.
Өз кезегінде Unbound бас директоры Дениел Сиел Қазақстанда бизнес жобаны іске қосудың әлеуеті жоғары екенін сөз етті. Егер жобаны жүзеге асыру дұрыс басталса, оны ТМД аумағында таратуға екпін құю қажет.
«Astana Hub бойынша айтатын болсақ, Бахрейн мен Сингапур үлгісі тұрғысында субсидиялар мен гранттар керек. Бұл ретте Үкіметпен үнемі диалог жүргізіп тұру қажет, яғни бұл тұрғыда мемлекет серпін беріп отырады. Идеялар жеке сектордан түссе, мемлекет тарапынан қолдау болуы шарт. Осы орайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік ең қолайлы қадам. Мәселен, Сингапур үлгісіндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәуекелдерді, бастамаларды және идеяларды теңгерімдеуге болатынын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Жібек жолының мұрагері екені белгілі. Осы орайда Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық көпірді құруға ұмтылып жатыр. Негізі, бұл бастамада инвесторларды тартуға мүмкіндігі жоғары, кейіннен осы инвестициялар міндетті түрде қайтып оралады», – деді Дениел Сиел.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада Digital Bridge халықаралық инновациялық форумы өтіп жатыр. Форум аясында Hyperloop Transportation бас директоры Дирк Альборн Қазақстанда соңғы буынды технологияларға негізделген футуристік пойыз жобасын іске асыруға ниетті екенін атап өтті.
Дереккөз: inform.kz
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024