13-11-20 |
1070 рет қаралған
Ауыл жастары жақсы іске жұмылды.
Ауыл жастары жақсы іске жұмылды
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында бірлігі жарасқан Біржан деген ауыл бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген қағиданы ұстанатын елді-мекеннің жұрты өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән береді. Ауыл жастары жалғызбасты қарттардың отын-суын тасып, қамқорлық жасап тұрады. Өз қатарластарын осы игі іске жұмылдырған жігіттердің бірі  – 20 жастағы Әлижан Текешев. Қоғамдық ісін волонтерліктен бастаған белсенді көптің алғысын алып жүрген азамат.
Ол ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның «Birgemiz Qamqor» жобасына қатысып, 150 мың және 300 мың теңге көлеміндегі гранттарды ұтып алды. Әлижан Текешев бұл қаражаттың аясында Біржан ауылындағы 10 мұқтаж жанның көмірін түсіріп, отынын тасып берді.
– Әлижан жас болса да үлкен істің басы-қасында жүретін азамат. Көмекке зәру болған кезде осы балама хабарласам. Қолдан келгенше көмек жасап, бізді назарынан тыс қалдырмайды, – дейді Біржан ауылының тұрғыны Хадиша Қазкенова.
Әлижанның бастамасын оның достары да қолдап, ортақ істі бірлесіп атқарады. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету деген қазақи тәрбиені бойна сіңіріп өскен жастардың мақсаты – мұқтаж жандарға қолдау, қайырымдылық идеясын насихаттау.
– Мен басында жобаға қатысамын деп ойламаған едім. Көмек сұрап келген көрші апаларға барып қолғабыс етіп жүрдім. Достарымды да осы іске жұмылдырдым. Зайсан қаласындағы таныстарым жобаға қатыссаң бұл адамдарға бұдан да үлкен көмек жасай аласың деп кеңес берді. Расында гранттың аясында көп адамға болыстық, – дейді Әлижан Текешев.
Ауыл жұртының батасын алып жүрген азамат Семейдегі радиотехника және байланыс колледжін тәмамдаған.
Қазір ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Әлихан болашақта Шекара академиясына түсіп Отанын қорғайтын әскери қызметкер болуды армандайды.  
Суретте: Әлижан Текешев достарымен
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.