25-11-20 |
340 рет қаралған
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл.
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл

BAQ.KZ ақпарат агенттігі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылған.

BAQ.KZ – Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналатын айқын және маңызды жаңалықтар порталы.

Ақпараттық агенттік еліміз бойынша тек қазақ тілінде ақпарат тарататын жалғыз медиа.

Ақпарат агенттігінің басты мақсаты:

Интернет желісінде қазақтілді БАҚ-тың ықпалын күшейту;

Қазақ тіліндегі контенттің көлемі мен сапасын жоғарылату;

Қазақтілді оқырманның белсенділігін арттыру;

Қазақстандағы лауазымды тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің бірегей анықтамалығы.

BAQ.KZ AWARD 2014 сыйлығының «Үздік масс-медиа» номинациясының ІІІ орын жеңімпазы.

BAQ.KZ сайтында тәулігіне 100-ге жуық ақпарат жарияланады, оның 40-қа жуығы агенттіктің өз өнімі. Толығырақ тоқталар болсақ:

  • сайтта қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерге байланысты жан-жақты зерделенген толыққанды материалдар;
  • өз ісінің хас шеберіне айналған тұлғалар туралы «Профессионалдар» атты тұрақты айдар;
  • «Бәрінен де сен сұлу», «Не әңгіме?» және «Жанкүйерлер» атты подкасттар;
  • Сондай-ақ екі мультимедиалық жоба:

«ГендерLIKE» жобасы – гендерлік теңсіздік, әйел бақыты, нәзік жандылардың отбасы мен мансапты бірге алып жүруі, салт пен заман қарама-қайшылығы, махаббат төңірегінде тосылмай, өткір мәселелерді талқылайтын еркін алаң. Айтыла бермейтін, шағын және болмашы дүниелер де біздің назарда.

«Желмая» жобасы – түрлі салада абыройлы қызметімен елге танылған тұлғалармен елорданы көлікпен аралап жүріп әсерлі әңгіме, тұщымды видеосұхбат оқырман назарына ұсынылады. Жоба қонақтары елімізде болып жатқан белгілі бір оқиғаға, қоғам арасында резонанс тудырған мәселелерге қатысты және басқа да қойылған сұрақтар аясында әңгіме өрбітеді.

Порталдың еліміздің барлық аймағынан жедел әрі өзекті ақпарат тарататын меншікті тілшілері бар.

Жаһанды жайлаған COVID-19 пандемиясына қатысты ел және шет мемлекеттердегі жағдайдың барысы, ресми статистика, сенімді ақпарат таратудан BAQ.KZ сайты да сырт қалған емес. Сонымен қатар, медицина мамандарымен коронавирусқа байланысты кеңестер, сұхбаттар, сұрақ-жауаптар жасалып келеді.

Сондай-ақ, атаулы даталар аясында жарық көрген материалдарға тоқталар болсақ, жыл басынан бері хәкім Абайдың 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай сайт бетінде арнайы материалдар, сұхбаттар мен видеосұхбаттар ұдайы жарық көріп жатыр.

Жасы енді ғана 10-ға толса да BAQ.KZ ақпарат агенттігі ірі медиа нарықта ойып орын алған, аудиториясы қалыптасқан, тұрақты рейтингі бар абыройлы агенттікке айналды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.