23-10-18 |
4290 рет қаралған
Мамандар ымдау тілін меңгерген.
Мамандар ымдау тілін меңгерген

Саңырау, мылқау жандардың құлағы керең, тілі жоқ болғанымен, көкірек-көзі ояу. Олардың арасында спортқа қызығатындар, кітапты жастанып оқитындар, жаңа технологияның жетістігіне ілесуге талпынатындар жеткілікті. Өкініштісі сол, мұндай жандардың қызығушылығы қоғам тарапынан қолдау таппай жатады. Себебі, бізде кемтарларға керектіні олардың тілінде яғни, ымдап түсіндіруге қабілетті мамандар сирек. Осы олқылықты Халыққа қызмет көрсету орталықтарының толтыруға талаптанып отырғаны қуантады.

Олай дейтініміз, есту қабілеті нашар жандарға сапалы қызмет көрсету үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары үлкен талап қойып отыр. Соған сай, барлық бөлімдерде бір-бір инспектор арнайы «Ымдау тілінің аудармашысы» курсынан өтіп, сертификат алған. Осындай ерекше курстардан өткен мамандардың қызметіне мүгедектер де дән риза.

– Өзін түсінетін, көмектесетін маман таппаған соң мүмкіндігі шектеулі жандардың ақылы қызмет көрсететіндерге жүгінетіні белгілі. Бұл азғантай жәрдемақымен күн көріп отырған олардың қалтасына кәдімгідей салмақ салады. Осыған орай, әр бөлімнен бір маманды ымдау тілін үйренуге міндеттедік. Мұның бәрі мүгедек жандардың қоғам өміріне кедергісіз араласуына мүмкіндіктер жасау талпыныстарынан туып отыр, – дейді орталықтың баспасөз қызметінің жетекшісі Ж.Әпетқызы.

Әрине, есту, сөйлеу қабілетінен айырылған азаматтарға ақысыз көмек көрсетіп, ымдау тілін білетін маманның қызметіне тегін жүгінуіне де жағдай жасалған. Алайда, оның мерзімі шектеулі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы бұйрығына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандар ымдау тілін меңгерген маман қызметін жылына тек алпыс сағат көлемінде пайдалана алады. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер және естуі қиын жандар жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін алу үшін  ОЖБ-дан үзінді көшірмесін; өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты; жеке басын куәландыратын құжатта жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда жеке сәйкестендіру нөмірін; мүгедектігі туралы анықтаманы ұсына отырып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтінішпен жүгінуі қажет. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде беріледі, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

Ал, мүмкіндігі шектеулі жанның өзі барып өтініш жасауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, мүгедек нотариалды түрде куәландыруды талап етпейтін сенімхат негізінде өтінішпен жүгінуді басқа адамдарға тапсырады.

Елімізде «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы іске асуда. Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенция­ны Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылдың 13 желтоқсанында қабылдаған болатын. Бұл құжатты Қазақстанмен қатар әлемнің 151 елі ратификациялағаны белгілі. Конвенцияның адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын мүгедектердiң толық және тең жүзеге асыруын қолдау, қорғау әрi қамтамасыз етуді көздейді. Мұның біздің елімізде де қабылдануы, Қазақстанда тұрып жатқан 627 мың мүмкіндігі шектеулі жан мен олардың отбасыларының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік беріп, қам көңілдеріне қуат беріп, қуанышын үстей түскені сөзсіз.

М.Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.